Айтқыштар ауылда тұрады
Шалқар ауданы, Тоғыз совхозында Қадыр Нұрмағанбетов деген айтқыш шопан болыпты. Ол кісі – «Екі езу» сатира театрындағы әйгілі Берік Нұрмағанбетовтың туған әкесі. Берік – дарынды актер.
Жадыраған жаз айынының бір күнінде Қадыр ағамыз, совхоз директоры және көлік жүргізушісі үшеуі қазақтың кең даласында жайлауға қарай жүйткіп келе жатқанда, көліктің дөңгелегі жарылып қалады. Шофер жігіт жалма-жан дөңгелекті ағытуға кіріседі. Қанша әуреленсе де дөңгелекті алу қиынға соғады. Ақырында қатты күшпен бұрап қалғанда, дөңгелекті ағытатын кілт ортасынан морт сынады. Мұны көрген совхоз директоры айғайға басады:
— Қандай олақ адамсың, соншама күшке салып әкеңнің құны қалды ма? Жап-жас болып алып түк икемің жоқ, — деп, шофер жігітті сөзбен жеп қояды.
Сасқалақтаған жігіт басқа кілт тауып, енді бұрай бергенде:
— Әкел, өзім бұраймын, міне, қара, — деп бұрап қалғанда, кілт тағы қақ бөлінеді.
Совхоз директоры сынған кілтті алып, жан-жағына қарайды. Сол кезде мұны көріп тұрған Қадыр ағамыз:
— Басеке, ештеңе етпейді, мұнда сізге ұрысатын адам жоқ, — деген екен…
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Көрнекі фото: sotni.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!