Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мырзалықтың парқын білесіз бе?

10.06.2021, 10:30 566

Өткеннің өткелдеріне көз тастап, бүгін­нің белесіне назар аударсақ, көпті саралап, тиісінше ақыл таразысына салып ойланар едік. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» демекші, кезінде жолынан жаңылмаған, тура жолдың бағытынан таймаған, сертіне берік, сөйлеген сөзіне аса сақтықпен қарап, байыппен екшелейтін нар тұлғалы ерлер көп болған. Жігіттік жігерін былай қойғанда, сараңдық­тың емес, жомарттықтың жолын таңдаған, қайырымдылық таныта білген қарапайым жандардың мырзалығын айтсаңшы? Иә, мұндағы мырза­лық деп сөз етіп отырғанымыз – жығылғанға жол көрсетіп, жағдайы жеткенше демеу, жәрдем  беру, барынша жақсылық жасау. «Шық бермес Шығайбайдың» емес, Атымтай жомарттың  жолын  қуғандар елдің ерекше ықыласына, көпшіліктің алғысына бөленері  сөзсіз.

Қазіргі таңда да мазмұнды игі іс атқарып, өз қолынан келгенше жомарттық танытып жатқандар  бар. Адамгершіліктің асыл  тәжін киген азаматтар қашанда адамдықтың биік сатысынан көрініп келеді. Қайратын қайрай түсіп, шыншылдықты шыңдай  түскен  олар жігітке тән қайсарлық пен батылдықты, параса­ттылық пен ақыл-ойды бір арнаға тоғыс­тыра білген. Көмек сұрай келген жанға өзім­шілдік танытып өзегінен теппей, қол ұшын созуы  ер-азаматтың мырзалығын білдірмей ме? «Ел  үшін  аянба – ерлігіңе сын, жұрт үшін  аянба – жігіттігіңе сын» деп Бауыржан Момыш­ұлы  айтпақшы, азаматтығына   мін,  жігіттігіне  сын  келтірмей  ер-аза­мат атағын аспандатып жатқандар көп. Олар аузы­мен айды алып, бір қолы­мен қосаяқ­ та соға алмайтындарға  үлгі болар. Ақиқаттан асқан асқардың жоқ екендігін ескерсек, көпшіліктің көңілінен шығып, алғысына бөленгеннің  көсегесі көгеріп, сәттілік серігі болып, қашанда жолы болатыны анық. Олардың айтқан жылы лебізі, берген ақ батасы шыңырау  құздан құлатпай, биікке  жетелейтіні  хақ.

Алайда «мырза» сөзін жете түсінбей, мырзалықтың парқын білмей жүргендер де жетерлік. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Әйтсе де, екі қолын қалтасына салып, шырт түкіріп, жалғанды жалпағынан басып жүргендер баршылық. Асылында, мырзалықты солай түсінеді-ау, шамасы. Бәлкім, қалтасы қалыңдығын алға тартып, ортада бөсіп, көсіле сөйлейтіндері де содан шығар, сірә? Жақсы қылықты, талаптылықты емес, жасандылықты жанына серік еткен олардың іші түтін, сырты бүтін болады. Әйтпесе, көкірегі ояу, көзі ашық жан болса, көкірек керіп кердеңдеудің қажеті болмас еді. Олар ең құрығанда «Бұзаубайдың мырзалығын» танытып үйренер еді. Өзгенің қаңсығын өзіне таңсық етпей, түйсікпен ойланып, әр істі бағамдап, барды бағалап, жақсыдан ғибрат алса, абыройдың биігінен көрінері тайға таңба басқандай белгілі.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсам, «ер-азамат» атағын арқалап жүргеннен кейін, бүгінгі дәуренді өткен дәуір үнімен сабақ­тастырып, ұлыларды үлгі етіп, жігіт атына лайық болу үшін соған сай қарекет еткен дұрыс.

Замира  ҚОНЫСЖАН,

Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың

2-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: