Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Барыс жылы береке-бірлікке бастасын

17.03.2022, 11:40 1142

Өткен жылға өкпе артпайтын, келер күннен тек жақсылық күтетін қазақ халқы Барыс жылының да елге берекелі болатынынан үмітті. Жалпы, басы қатты басталған істің аяғы тәтті аяқталатыны бар ғой. Әлемді әбігерге салып жатқан пандемия, экономикалық дағдарыс, қырғиқабақ соғыс, т.б. жамандық атаулының бәрі артта қалып, Барыс береке-бірлікке бастайтын жыл болсын деп  Алладан  тілейік.

Иә, құшағын айқара ашқалы тұрған 2022 жыл – қазақтың жыл санауы бойынша Барыс жылы. Қазақтың жыл қайыруындағы он екі жыл бір мүшел болып саналады. Барыс – сол он екі жылдың үшінші жылы.  Бірінші – тышқан жылы, екінші – сиыр, үшінші – барыс, төртінші – қоян, бесінші – ұлу, алтын­шы – жылан, жетінші – жылқы,  сегізінші – қой,  тоғызын­шы – мешін, оныншы – тауық, он бірінші – ит, он екінші – доңыз жылы.

Халық тарихи оқиғаларды, табиғи құбылыстарды ескеріп, әр жылды бір шумақ өлеңмен сипаттаған.

Тышқан жылы – тыныштық.

Сиыр жылы – сыйлық.

Барыс жылы – бірлік.

Қоян жылы – қамбалы.

Ұлу жылы – үлгілі.

Жылан жылы – жайлы.

Жылқы жылы – жұтсыз.

Қой жылы – құтты.

Мешін жылы – мерейлі.

Тауық жылы – табысты.

Ит жылы – игілік.

Доңыз жылы – дүниелі, деген.

Барыс – жалпы түркі ұғымында өжет, текті аң. Қазақ халқының жорамалдарында Барыс жылы жайлы, тыныш жыл саналған. Ал Барыс жылы туған адамдар қажырлы, қайратты, бекзат, жомарт болып келеді дейді. Тарихта Барыс жылының қазақ үшін ең жайсыз болып келгені – 1986 жыл. Бұл жылы Желтоқсан оқиғасы болған еді. Тәуелсіздік алғалы бері Барыс жылын екі рет өткеріппіз: 1998 және 2010 жыл. Ал 2022 жыл – Тәуелсіздік дәуіріндегі үшінші Барыс жылы.

Биыл  адамдар үнемі қимыл-қозғалыста жүреді. Жиі көшіп-қонады. Тек алға қадам жасап, дамып, өсе береді. Сондай-ақ, 2022 жыл – депо­зит ашып, ақша жинауға қолайлы кезең. Бірақ көзсіз тәуекелге баруға болмайды. Асығыс шешім қабылдап, опық жеп қалуыңыз әбден мүмкін. Барыс жылының бұдан өзге ерекшеліктері  төменде  баяндалады.  Назар  аударыңыз.

Барыс  жылын  қалай  қарсы  алу  керек?

2022 жылы кейінге қалдырып келе жатқан өзгерістерге бет бұру керек. Жұмысыңызды ауыстыруға өте қолайлы жыл. Тіпті айналысатын салаңызды да түбегейлі ауыстыруға болады. Жаңа дағдылар мен машықтарды меңгеріп, алға жүру қажет. Сондай-ақ, бұл жылы қоныс аудару да қолайлы болады. Барыс – мінезді, танымды жануар. Ол жаңа дүниелердің бәріне қызығып жүреді, бойында қорқыныш деген қасиет жоқ. Барыстың белгісі – су. Ол агрессияны басып, тыныштандырып отырады екен.

Үйге  қалай  сәттілік  шақыруға  болады?

Сәттілік шақыратын ең жақсы дүние – барыстың мүсіні. Оның металдан жасалғаны дұрыс. Одан бөлек шыны, хрустальға ұқсайтын материалдардан жасауға болады. Талисман болатын бұйымды жиһаз, мәселен шам түрінде де жасауға болады. Ал егер алқа немесе түйреуіш жасатсаңыз тіпті жақсы. Ескеріңіз, былтыр алған талисмандардың бәрін тастап, жаңа Барыс жылының талисмандарын алыңыз. Себебі Барыс бәсекелестерді ұнатпайды.

Қандай  киім  киген  жөн?

Ала киім кимеген жөн. Себебі Барыстың өз түсі ала болғандықтан, ондайдың бәрін бәсекелес деп қабылдайды. Бейтарап түсті киімдер таңдаңыз: жасыл, алтын түстес. Ал әшекейлерді су стихиясынан таңдаңыз. Жыл символы тым ашық, жарқын түстерді ұнатпайды. Суық түстерге басымдық берген абзал.

Дастарқан  мәзірі  қандай  болуы  керек?

Сулықтар мен дастарқанның ақ немесе алтын түстестерін таңдаймыз. Үстелге балауыз шамдар қойған да артық болмайды. Мәзірде міндетті түрде құрма, апельсин, мандарин және ет болуы керек. Себебі Барыс – ет жейтін жыртқыш аң. Еттен әзірленген тағамдар қаншалықты көп болса, соншалықты жақсы. Бірақ тауық, сиыр, қой еті ме, қандай ет екені маңызды емес!

Барыс  жылынан  не  күтеміз?

Барыс – белсенді, үнемі азық іздеп жүретін аң. Үнемі қимыл-қозғалыста жүреді. Ол – энергияның, күш-қуаттың символы. Барыс жылы да солай, жаңалыққа толы, болжауға келмейтін жыл. Сондықтан бұл жылы белсенді қимылдап, іс-әрекетке көшу керек және өзгерістер мен бетбұрыстарға дайын болу керек. Бұл – мансап жылы. Батыл қадамдар жасасаңыз, жаңа биіктерге шығасыз. Әсіресе қызметі ораторлықпен, саясатпен, шығармашылықпен байланысты адамдардың ісі алға басады. Тек бастаған істі орта жолдан тастап кетпеу керек. Және жаңа салаларды, жаңа машықтар мен дағдыларды  меңгеру  қажет. Сондай-ақ, Барыс – махаббат символы. Сол себепті бұл жылы көп адам өзінің жұптарын жолықтырады. Ал денсаулыққа қатысты қиындықтар туындамауы тиіс. Бастысы, белсенді болып, режим сақтаса жеткілікті.

Интернет  материалдары  пайдаланылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: