Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Банды Баймағанбет

16.11.2023, 10:00 374

Айнала ақ тақыр. Көктемгі мол қақ суы тартылғанымен, әр жерде ауқымы тарылған қақ жылтырайды. Алақат жота мен жусан өскен қыратты қызыл, сары қызғалдақпен жауып қойғандай. Көзің де, көңілің де тоймайтын сұлу сурет. Табиғаттың әсем бояуына бөленген жазық  дала.

Осы көктемдегі Жеңіс мерекесіне екі күн демалыс берген. Қаладан елу, алпыс шақырым жерде дариялықтың тақырындағы қойлы ауылға үлкен ағамыз түн қараңғысында жеткізіп тастаған. Әншейінде сабаққа ересектердің тұр-тұрымен зорға тұратын біздер күнмен таласа оянып алғанбыз. Киіз үйдің іргесінен соққан салқын самал, даланың көкірегіңді кернеген жұпар иісі жылы көрпені серпіп тас­тап өзі оятқандай. Сауылып өріске боздай беттеген боталы інген, анасынан ажырап қалған қозы-лақтың маңыраған дауысы қандай қалың ұйқышылды төсектен жұлып алып, кең далаға алып шығардай. Әке-шешемізді сағынған ойын балаларының әкемізге еріп қой айдап, қозы қайырып, қасында жүруіміздің өзі сағыныштың сары табын басқандай. Біздің ата-анамызбен қауышуымыздың өзі бір мейрам болса, ел болып тойланатын Жеңіс күні – үлкен мереке. Осы күннің құрметіне фермадағы барлық ауыл ақсақалын шақырып дастарқан жайып, той тойлау біз ес білгелі үйіміздің дәстүріне айнал­ған. Ересектер қазан көтеріп, қатар тізілген самаурынға шоқ салып, ас қамына қызу кірісіп кетіпті. Апам екі қарындасыммен үй сыпырып, көрпе-жастықты қағып-сілкіп әлек. Жез  құман  мен  шылапшынды құмға ысқылап, алтын жалатқандай жылтыратып жуып, алты қанат ақ боз үй мен қараша үйді айнала су сеуіп  жатырмыз.

Сәскеге таман қонақтардың алды шаң бере бастады. Жүйрік күреңнің белін қайыс­тырып Іздіқұл ақсақал жетті әуелі. Алдынан шығып атын ұстаған, қолтығынан демеп аттан түсіріп қолына су құйып, атын жайлаған бізге ақша таратып жатыр. Бізде ес жоқ, мәзбіз. Жүрісі жайлы жетегіндегі түйеге жаулығы ағараңдаған әжелер мінген, тепеңдеп есекке аяқ артқан қарияларды ерекше құрметпен қарсы алуға тырысып бағудамыз. Күнге тотыққан қара, қызыл шырайлы әртүрлі қария, ала-құла киім кигенімен үй иелеріне ықыласы бірдей, мейірімі төгілген жандар айналып-толғанып, үйге жайғасып жатыр. Қонақтарымызды әудем жерден күтіп алып қолтығынан демеп аттан түсіріп, атының ауыздығын алып арқандап отқа қою, түйенің белін босатып аяғына тұсау салып, бұйдасын түріп өріске жіберіп, зыр жүгіріп жүрміз. Ауыл-аймаққа аты шыққан Буйан аталатын қаракөк ат мініп, қара көзілдірік, қара құрым етігі сықырлап баяғының сал-серісіне ұқсап Боранбай мен Баймағанбет қатар келді. Қара жорғаның үстіне қаққан қазық­тай қаздиған Баймағанбеттің сұсы басым. Кезегі келгенде басқа да ауыл ақсақалдары жайлы әңгіме айтармыз. Әзірге «Банды Баймағанбет» аталып кеткен аңыз адам жайлы әңгіменің  шетін  шығара  тұрайын…

Ақмешіт пен Жезқазғанның ортасындағы Қалмастан бастап үш жүз шақырымға созылған «Қызылжыңғыл» болысы – қалың Найманның атақонысы. Ақ патшаға әскер бермейміз деп Торғай мен Ұлытаудағы Арғын, Қыпшақ атқа қонған. Бақан таңбалы Бағаналының бұл әулеті көлденеңінен ұзын аққан Сарысуды кең жайлап, әліптің артын бағып, сабырмен іргесін қымтап тың отыр. Патшаның жарлығы жетті екен деп елп ете қалған жоқ. Болыс бағланы мен белсенділерінің тізгінін тартып, отқа шарпылмай болып-толып барақат күй кешуде. Баймағанбеттің әкесі Айтжан мың қайырған бай болмаса да, өз қолы өз ауызына еркін жеткен жан еді. Патшаға да, оны тақтан тайдырған қызылға да күні түспеген Сарысу бойындағы атақты Найманның Жырық аталығана жататын қоңды әулеттің басы еді. Ақ пен қызыл атысып, шабысып, ақыры қызылдар бел алып тынды. Ғасырлар бойы барақат өмір келмеске кетті. Бай мен кедейді тең етем деген алашап­қын әпербақандар тыныш жатқан бұл елге де жетті. Бірді екі ете алмаған, ел түгіл өз шаңырағы түтінін түзу ете алмаған кер жалқаулар елге бас болды. Бүкіл елдің тағдыры тәлкекке түсті. Байдың малын кедейге әперіп, бүкіл ел кедей болса, жарқын болашақтың есігі айқара ашылады екен. Мініс көлігі дайын, ауызы аққа жарып, сараң бай атанбау үшін барын жарлы-жақыбайымен бөліскен бұлардың да малы бөліске түсті. Бастан құлақ садақа, оған да көнді-ау. Малымен бірге жаңа қоғамға жат деп таны­лып Айтжан қатарлы ауқаттылар орталыққа айдауға жөнелтілуі керек екен. Айтжан баласы  Баймағанбетпен ақылдаса келіп қызыл­дың тар қапасына қамалып, итжеккенге айдалып қор болғанша туған жердің бір пұшпағы бұйырсын деп, айдауылдан қашу­ға бел байлады. Жеңілдеген бір үйір жылқы мен бес-алты түйеге жүгін артып, бір түнде Сары­су бойындағы Көкалажар, Көртоғайды жағалап тік көтерілді. Күні бойы қалың жиде тоғайды паналаған көш, күн бата Ақши асып, Жетіқоңырға жетті. Екі күн бойы суыт жүріп отырып Бетпақты кесіп өтіп, елсіз даладағы Нұраның етегіндегі жылап аққан бұлақ басына кеп көш басын тартты. Құстұмсық Нұраның шоқысынан қозы көш жерден қыбырлаған қара көрінетін бұл жердің оты да қалың екен. Жыра бойы жағалай өскен қалың құрақ бір үйір жылқыны емін-еркін алып шығатын түрі бар. Суға қаталаған жылқы мен түйе суға қанып, бұл жерден бой салып ұзай қоймасы анық еді. Әке-шешесі мен Баймағанбет бауыр­ларымен ақбоз үйді келген күні-ақ тігіп алды. Үйлі-баранды ағасы мен жеңгесі мен балаларына қараша үйді тігіп, отын тасып, қыс қамы­на кірісе бастады. Мама биелер кісенделіп, түйелер тұсалып, көзден таса қылмау жағы жігіт болып қалған Баймағанбетке жүктелді. Айтжан ақсақал алғашқы он күн бойы ат арқасында болып, жан-жақты шолып жер жағда­йын барлап келіп жүрді. Қолдағы азын-аулақ малды азық етуге асықпады. Бетпақтың еркесі киік атаулы көп болмаса да ұзап барып қақпан саларға жетеді екен. Күзге салым қоң жинаған киік аулаған жанға қыстық соғымның да керегі бола бермесі анық. Қыс қамына ерте кіріспесе болмайды. Қар түсіп, аяз қысса, қабаттап киіз жапқанымен киіз үй бір үйлі жанға пана болмасы анық. Ағасы екеулеп екі бөлмелі жеркепе қазуға кірісті. Ұрланып барып Сарысу бо­йынан қалың жиде, тоғайдан төбеге жабатын тіреу боларлық өрлік пен бел ағаш дайындап, бетін жабам деп жүргенде қарашаның алғашқы қары да келіп жетті. Айнала ақ көрпе жамылған бетпақтың даласы түс ауа дел-сал боп еріп, жер қара  қотыр  күйге  енді.

– Қарашаның қары күнге жетпей еріп кетті, қыс жайлы болар, – деді Айтжан ақсақал балаларын жұбатқандай  болып.

Шаруа жайлы болғанымен арттан қашан қуғын келіп қалады деген үрей әлі сейілер емес. Айтса айтқандай, қыс жайлы болды. Сирақ­ты мал емес пе, түйе ұзап барып Жетіқоңырдың қалың құмын паналаса, жылқы Нұраның нар қамыс өскен жыра, сай саласын паналап, қыс­тан  күйі таймай аман шықты. Қар ери Айт­жан ақсақал Баймағанбетті ертіп өзен бойын жағалап, қалың елден хабар алмаққа етекке түскен. Байдан тартып алған мал сайда із, құмда құмала­ғы да қалмай жұтапты. Ресей­ге көмекке деп, аштарға үлестірем деп тала­ған. Малынан айырылған төрт түлік малдан нәпақасын айырып отырған халық босқыншылыққа ұшырап, тоз-тозы  шығыпты. Енді елде шошаңдап  шошақ қалпақ киіп, мылтық асынғандар үй аралап сандық санап, ұра ашып, жасырған азық-түлік пен қоғамға жат пиғылды жау іздеп ала шапқын болып жүр. Арта қалған қалың елге қосылып күн көрмек түгелі басы­мен қайғы болып, көзге түсуден қорынып, ізін суытып үлгірген әкелі-балалы екеу екі күн жүріп ауылына зорға жетті. Амал жоқ, заман түзелгенше көзден таса бола тұрайық деп, бетпақтың түкпірінде қала беруді жөн көрді. Заманның түзелер беті болса да көрінер емес. Жалғыз үй болса да ішіп-жемі бар, ат ойнатқан әпербақандардан азат бейберекет өміріне шүкірлік айтқан әулеттің күні өтіп жатты. Тірі адам тіршілігін жасайды. Үйірдегі жеті-сегіз бие құлындап, үш інген боталап, ауыздан ақ арыла қойған жоқ. Жаз шыға етектегі ел, Сыр бойы, Торғайдағы елге аштық келіп, көмусіз қалған адамдардың борсыған денесі баябан даланы тұншықтырғандай еді. Жаңа қоғам құрып, жайлы өмір сүреді деген ел тозды. Бас­тың амандығын бақыт санаған Баймағанбеттің ауылы үшін үлкен қуаныш та, бақыт та қарынның  тоқтығы, бастың  амандығы  еді.

Жылдар жылжып өтіп жатты. Атқан, қырыл­ған, ауған елден аман қалғандар колхоз болып селбелесіп күн кешіп, еңсесін тіктей бастады. Жаңа қоғамның тамырын басып көруді жөн көрген Айтжан әулетімен колхозға кірген. Әрине, құрқол емес, үш үйірге жеткен жылқыдан бір үйір жылқы, екі боталы інгенін мойынсеріктің ортақ малына қосты. Байма­ғанбет аңдысын аңдап көрейін деп, елсіз мекенін­де жалғыз қалды. Жаңа қоғам орны­ғып болып, бел ала бастады. Жалғыз жарым қашқан, колхозға мүше болмай жүргендерді күштеп жинау басталды. Қыста Жетіқоңырды жағалап, жазда бетпақты сағалаған бұның да өрісі тарыла бастады. Сондай күндердің бірінде малын бағдарлап, қосқа келіп кіре бергенде қолға түсті. Қолында қаруы жоқ, сегіз өрім қамшы қайбір қару болып жарысын. Винтовка асынған милитсаға тұтқын болып, қолға түсті. Үйді тінтіп дым таппаған. Мал өрісте. Малым бар деп бұл айтпаған. Аң аулап жүрген аңшымын дегеніне кім сенсін, екеулеп қолын қайы­рып, атына мінгізіп жетекке алып, түс ауа тартып кетті. Қанша суыт жүргеннің өзінде ертең кештетіп ел қарасына ілінер. Оған де­йін отыр десе отырып, тұр десе тұрып, момын­дық танытып бақты. Жатарда аяқ-қолын қоса байлап, қырағылық танытқан айдауылдың айтқан­ына  көніп-ақ  жүр. Таңертең дәрет ұсатар  кезде қайрат қылып қалмаса, кешігері сөзсіз еді. Аяғын шешіп жатқанын көк желкеден бір түйгеннен қалмады. Қасында тұрғанын көз ілеспес жылдамдықпен қолынан босаған жіпті мойынына орап, қылғындыра жөнелді. Екі бірдей винтовка оққалтасымен қолға түсіп, олжаға  кенелді  де  қалды.

– Қолымды қанға боямай-ақ қояйын, астыңдағы аттарың да өздеріңе бұйырсын, естерің барында елдеріңді табыңдар, – деп қару-­жарақты  жиып  алып,  жүріп  кетті.

Суыт жүріп отырып қосқа келіп, сүрленген ет, ыдыс-аяғын қоржынға теңдеп, жүріп кетті. Араға әрі кеткенде екі күн салып қуғын келетіні анық. Сарысудың шығысындағы оншақ­ты жыл құтты мекен болған қонысын қалдырып, тура батысты бетке алып, Сарысудан Төсбұлаққа өтіп, ізім-қайым жоқ болып, із суытып үлгірді. Төсбұлақтың етегінде қыбыр­лаған жан-жануар түгел көрінер Жетімтауды күндіз бағдарлап, түн Төсбұлақтың үңгірін үйге айналдырып, күн кешіп жатты. Төсбұлақ десе дегендей табиғаттың ерекше жаратылған жері. Алыстан созылған тау төбеге көтеріле бере ат аяғын алып жүре алмастай батпақты жота. Раң жапқан жотаның кез келген жерін шұқып қаза бастасаң, көлік қанар қазан шұңқыр пайда бола­ды. Бертінде баланың еңбегіндей былқылдаған жотадан төмен қарай қазылған арықтың суын жинап ақпанаға құйып, екі отар қойға еркін жететін шопандардың жаз жайлауы болды. Шопандар колхоз құрылғанда мойынсерік болған Сыр бойындағы Жаппастар мен арқадан ауған Арғын, Қыпшақтар болғанымен, дені осы жердің Наймандары еді. Туған топыра­ғының  әр  бұтасы, әр төбесін паналап, таныс ағайынды жағалап, мініс аттан, киер киімнен кенде болған жоқ. Дала кезіп қашқын атан­ғанымен, қыр халқына зәбір бере қойған жоқ. Қыста өзен бойын жағалап, Телікөлдің қалың қопасын паналаса, жаз шыға көшкен елдің қарасы­на ілесіп Қаракөл асып, Сіңіртек, Белең, Нұраны жағалап, Борлысай, Көкалажар, Ақшиді жайлап жүрді. Алда-жалда ізіне адам түсе қойса, Түткен мен Төсбұлақ асып, адам түгілі мал көрінбес бұлақ бойы қопа асып із тастайтын. Аңдыған алмай қоймай­ды екен. Соғыс басталғанда қашқындарды құрықтау науқаны кезінде тағы қақпанға түсті. Тергеп, тексеріп бұны Қарағандыға айдайтын үкім шықты. Вагон толы өрімдей жастар – еңбек лагеріне айдалғандар. Күзет анау айтқан қатаң емес. Сапқа түрғызып түгендеп, бәрін бір вагон­ға қойша тоғытып қамап тастап жүріп кетті. Дәретке шығу сылтауымен әжетханаға еріп келген солдатты ұрып жығып, аяқ-қолын байлап, солдат киімін киіп, тамбурға шығып үлгірді. Салдыр-күлдір ышқына зорға жүріп келе жатқан жүк поезынан секіріп, бой тасалап үлгірді. Тағы да қашып-пысып, бес жылдай өмірі өтті. Соғыс тынған соң қашқындарға жасал­ған рақымшылыққа ілініп көпке қосылып, колхозға кірді, қой бақты. Обалы не керек, адал еңбекке құлшына кірісті. Жылма-жыл жоспар орындалып жатты. Мақтаулы шопан болып, марапаттан да құрқол қалмады.

«Бала әкенің жүгімен өмір сүреді» дейді көнекөз қарттар. Рас шығар, қашып-пысып жарты ғұмыры ат үстінде өтті. Аштықтың да азабын тартты, біреу барымен бөлісті, ертеңгі күні  үшін біреуден сұрап алды. Ауызынан жырып бере қоймағанға тізесі батқан күндер де болған шығар, қайсы бірі есте қалды дейсің. Үй болып, ұрпақ өрбітті. Бес-алты бала сүйіп, әкелік мейірімі тасып, бақытты күндерді де басынан өткерді. Ең өкініштісі, қара шаңырағыма ие болады деген жалғыз ұлы Серігі бір мүшел жасқа жетпей қыршынынан қиылды. Талай дұшпанымен қарсы келгенде тауы шағылмаған Баймағанбет баланың қайғысын көтере алмады-ау шамасы, араға жыл салмай өзі де бақиға аттанды. Біздің бала кезіміздің бір жұмбақ  жаны  да  тарихқа айналып, аңыз болып  есте  қалып  қойыпты.

Жұмабай  БАЙЗАҚҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

өлкетанушы.

Сырдария ауданы,

Бесарық ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: