Қазақстан Ақтау портындағы мультимодальды хабты дамытуға Германияның ірі логистикалық компанияларының бірі Rhenus Group-ты тартпақ. Бұл мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың компания басқармасының төрағасы Тобиас Бартцпен Берлинде өткен кездесуінде талқыланды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы негізгі логистикалық хабтардың біріне айналуды көздейтінін айтты. Осы мақсатта Транскаспий халықаралық көлік бағытына ерекше назар аударылып отыр. Тоқаев заманауи порттар, терминалдар, теміржол желілері мен цифрлық сервистерді біріктіретін бәсекеге қабілетті бағыт қалыптастыруға шақырды.
Кездесуде Ақтау порты жеке қаралды. Президент Rhenus Group компаниялар тобының мұндағы мультимодальды хаб құрылысына қатысуын құптады. Тобиас Бартц Қазақстанның көлік-логистикалық торап ретіндегі әлеуетін атап өтіп, компанияның жаңа бірлескен жобаларға қатысуға дайын екенін жеткізді.
Rhenus үшін Қазақстан жаңа нарық емес. Компания елде 1996 жылдан бері жұмыс істейді. 2026 жылдың қаңтарында ол Алматы облысындағы Байсерке станциясында теміржолға қосылған алғашқы жеке терминалын сатып алды. Терминал контейнерлерді сақтау, кедендік қойма және блок-пойыздарды қабылдау қызметтерін атқарады әрі Транскаспий бағытына кіріктірілген. Rhenus Ақтау жобасы да бұған дейін басталған келіссөздердің жалғасы. 2024 жылы Rhenus пен «Ақтау теңіз сауда порты» Транскаспий бағыты бойында интермодальды терминал дамыту жөніндегі ниет декларациясына қол қойған.
Ендігі мақсат – Ақтау арқылы өтетін теңіз, теміржол және автомобиль тасымалын бір жүйеге біріктіріп, Қазақстан арқылы Қытай мен Еуропа арасындағы жүк қозғалысының мүмкіндігін кеңейту. Президент пен Rhenus басшысы осы бағыттағы бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жалғастыруға дайын екенін білдірді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!