Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жайылманың қарбызын тасымалдауда еш қиындық болмайды

18.06.2020, 16:55 510

HALYQLINE.KZ Күні кеше, яғни 17 маусым күні облыстық ауыл шаруашығы басқармасының басшысы Сейілбек Серғазыұлы Нұрымбетов Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылының бақшалық алқабында болып, диқандармен кездесті.

Жалпы, алқапта 470 гектардан астам жерге қарбыз дақылы егіліп, күтімге алынған. Ауылдағы 12 шаруа қожалығында жергілікті тұрғындар тынымсыз еңбек етуде.

Қазіргі уақытта диқандар ерте егілген бақша (қарбыз, қауын) дақылдарын күтіп-баптау жұмыстарын жүргізіп, өнім жинауды маусымның 25-інен кейін бастамақ, ал шілде айынан бастап жаппай жинауды жоспарлап отыр.

Бүгінгі таңда шаруаларды алаңдатып отырған мәселе – ол жиналған өнімді кедергісіз тасымалдау, өткізу мәселесі. Оның себебі де бар, өйткені көрші облыстарда көктем айларында жиналған көкөніс өнімдерін экспорттауға қатысты болған жағдайлардан көпшілік хабардар. Осыған байланысты, ауылға арнайы келген басқарма басшысы аудан әкімдігімен бірге, шаруаларды қазіргі жағдайды ескеріп, жиналатын өнімді ешбір кедергісіз өткізу үшін жасалып жатқан тиісті шаралармен таныстырды.

Атап айтқанда, қазіргі уақытта елімізден шығатын бақша өнімдері экспортына шектеу жоқ екендігін және солтүстік облыстармен біздің өнімдерді тасымалдау, кедергісіз өткізу, қабылдау, арнайы сауда орындарын белгілеу бойынша да келісімдер бар екендігін жеткізді.

Облыстар арасындағы көлік тасымалы бойынша да арнайы жұмыс істейтін рұқсат беру жүйесі туралы да түсіндірілді. Бұл ретте шығатын өнімдерге міндетті түрде карантиндік сертификаттардың болуы және тасымалдау-өткізу кезінде барлық санитарлық шаралардың қатаң сақталуы керектігін атап өтті. Сонымен қатар, жергілікті өнімдерді өткізу үшін Жаңақорған ауданының әкімі Сұлтан Ысқақұлының ұсынысымен Қызылорда қаласында халық көп шоғырланған аймақтарда арнайы орындар белгіленетіндігі туралы хабардар етті.

Диқандардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, жиналатын өнімдердің көлемі мен пісу мерзімдері, ішкі, сыртқы нарық жолдары және басқа мәселелер бойынша ой бөліскен басқарма басшысы барлық қажетті шаралар қолға алынатындығын жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: