Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқудың өзі оқумен келеді

23.09.2021, 10:00 502

Мемлекет «қолымнан іс келеді, кәсіппен айналысамын» деген жандарға әрдайым қол ұшын созып келеді. Иә, ел арасында «қайтарымсыз гранттарды таныссыз алу қиын» деген әртүрлі алыпқашпа әңгіменің бар екенін де жасыра алмаймыз. Десе де, ешқандай жоспары жоқ, жобасы жоқ адамнан жақсы кәсіп иесі шығуы қиын шаруа. Сондықтан, кәсіптің көзін таба білу керек. Ал, кәсіптің көзін білсеңіз, ақшаның өзін таптым дей беріңіз. Өткен жылы қала бойынша 1360 адам мемлекеттік қайтарымсыз грант алған, оның  370-і  (27%) – атаулы  әлеуметтік  көмек  (бұдан әрі – АӘК) алушы. Солардың бірі – алты  баланың  анасы,  жеке  кәсіпкер  Шаттық  Сәрсенбаева.

Шаттық Сәрсенбаева 2015-2018 жылдар аралығында қаладағы №6 училищеде «Тігінші» мамандығы бойынша білім алған. Бастап­қыда «бізбен тоқу» өнері арқылы түрлі қалпақтар мен шарфтар тоқумен алғашқы еңбек жолын бастаған. Ыждағаттылықты көп қажет ететін маман иесі тоқудың өзі оқумен келетінін жақсы біледі.

Тігіншілік қабілетімен көпбалалы ана 2018-2020 жылдар аралы­ғында үй жағдайында мата қиындыларын қиюластырып, тұмар­ша, сегіз жапырақ, ромб және түрлі қазақи нақыштағы оюлардан, өрнек­терден құралған құрақтарды қолға алу арқылы көптеген тапсырыстар қабылдап, тігіншіліктің қыр-сырын толық меңгерумен қатар, тапсырыс аясын одан әрі кеңейткен.

2020 жылы жолдасымен ақылдаса отырып, «Қызылорда қалалық жұмыспен қамту орталығы» МКМ-сінде атаулы әлеуметтік көмек алушы ретінде «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы  аясында  мемлекеттік  грант  иегері  атанған.

– Мен тігіншілік мамандығын арнайы оқыдым. Бұл кәсіпті 2008 жылдан бастап қолға алып келемін. Кім болса да, іс бастамас бұрын барлығын топшылап, көз алдынан өткізіп жоспар құрады емес пе?! Сол секілді мен де бастағалы отырған жұмысымды әбден ой елегінен өткіздім. «Істеймін» деген адамның екі қолына бір күрек табылады. Иә, әрине мемлекеттен қайтарымсыз грантты ұтып алып, жұмыс­ты бастап кеттім. Тауарларды Шымкент қаласы мен Бішкектен тапсырыспен алдырамыз. Мейлінше сапалы әрі жақсы тауарларды алуға  тырысамыз, – дейді ол.

5 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы ана «Жандос» жеке кәсіпкерлігі арқылы «Әдемі» атауымен тігін шеберханасын ашып, 4 көпбалалы ананы жұмыспен қамтып отыр.

Уақытында тігін шеберханасының ашылу салтанатына Қызыл­орда қаласы әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов арнайы келіп, көпбалалы аналардың арасында кәсіпкерлердің қатарын көбейткен еңбегі үшін зор алғысын айтыпты. Кәсібінің нәсібін көріп отырған жан  алғашында  ағаш  бұйымдарымен  де  айналысқанын  айтады.

– Бастапқыда ағаш бұйымдарын жасау үшін арнайы лазерьді жалға алып жүрдім. Одан кейін көрпе, көрпеше мен жастықтарды тігуді және қолөнер бұйымдарын жасауды қолға алдым. Әрине, ағаш бұйымдарын жасау қиынырақ. Себебі, ол – көп ұқыптылықты талап ететін жұмыс. Негізі, адамның ішкі түйсігі не деп сайрап тұрса, сол болады. Мысалы, «қолымнан келмейтін сияқты», «шаршап тұрмын» деген ойлар сананы мазаласа, бір тұсынан шикілік пайда болады. Ал, «бәріне үлгеремін», «маған сеніп тапсырды», «бәрі біткен соң жақсылап демаламын» деп өз-өзіңді жігерлендірсең, барлығы жақсы дәрежеде  аяқталады. Ниетімізге қарай бәрі де болады, – дейді тігінші.

Көпбалалы ана Шаттық Берікқызы бұған дейін бірнеше рет әлеуметтік көмек көрсетіп, мемлекеттік қолдауды алуда кеңес берген «Сыр Аналар» Альянсы кеңесінің еріктілері Еркесұлу Ешма­нова  мен  Тұрғанкүл  Құлмағанбетоваға  өз  алғысын  білдіреді.

Халық-хабар

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: