Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Серіктің серіктестігіндегі серпін

09.03.2022, 9:40 475

HALYQLINE.KZ

«Ауданда «Полистиролбетон өнімін шығаратын цех ашылыпты. Өнімдері сапалы әрі сұранысқа ие екен. Қазалыдан өзге жерлерге де жеткізілетін көрінеді» дегенді жиі еститінбіз. Алдымен қолымыздағы құжатты көпшілік назарына ұсынсақ.

ЖК «Nur-Madi-Ar» басшысы Серік Талқанбайұлы Ералы 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап, «Полистиролбетон» шығару кәсібімен айналысуда. Қазіргі таңда өз кәсібін ұлғайтып, 4 жұмыссыз жүрген жасты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Серік бұл кәсібін өз қаражатымен ашқан, өзге аудандарға да жеткізу қызметін жүргізіп келеді. Көзі қарақтыларға полистиролбетон жеңіл бетондар қатарына жататыны, құрамында түйіршіктелген полистирол бары, салмағы жеңіл және жылусақтағыш болып келетіні жақсы мәлім.

«Жақсыны көрмек үшін». Қашанда игі істі назарынан қалыс қалдырмайтын, қарапайымдылық қасиетін ту қылған Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев цехтың жай-күйімен танысып, Серік Талқанбайұлымен тілдесті. Цехты аралау барысында Мұхтар Әуесұлы алдағы уақытта мемлекет тарапынани өз кәсібін ұлғайтамын деген кәсіп иелеріне оңтайлы бағдарламалар бар екенін айтып, қолдау білдіретінін жеткізді.

Жаңалықты паш етуге асығатын кәсіби дағдымен біз де жеке кәсіпкермен тілдескен едік. Бойында жастық жігері жалындаған, тура орда бұзар жастағы Серік іркілген жоқ.

«Менің негізгі мамандығым – мұғалім. Шымкент қаласы Халқаралық Гуманитарлы техникалық университетін тарих пәнінің оқытушысы бойынша бітіргенмін. Алғашқыда қазіргі Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде көркемдік жетекші болып жұмыс істеп, кейін тарих пәнінің оқытушысы, оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Тарих пәнінің оқытушысы бола жүріп, 2021 жылдың сәуір айынан бастап жеке кәіпкер ретінде тіркеліп, ЖК «Nur-Madi-Ar» «Полистиролбетон» цехын аштым.

Халықтың сұранысына сай құрылыс материалын шығарумен айналысып келемін. Қазіргі таңда Қызылорда, Қармақшы, Байқоңыр, Арал, Сексеуіл және Қазалыдан тапсырыс түсіп, былтырдың өзінде 10-ға жуық үйдің қабырғасы осы аталған материалмен өрілді. Бұл – ХХІ ғасырдың жаңа технологиясы. Жылуды жаксы ұстайды, ыстық өткізбейді. Салмағы жеңіл. Бағасы халыққы қонымды. Салған үйді жылдам жасауға қаражатын басқа кірпіштерге қарағанда екі есе үнемдей алады.

Бүгінгі таңда 4 жұмыссыз жүрген үйдің қасындағы жігіттерге жұмыс беріп, жұмыспен қамтып отырмын. Алдағы көктем айында тағы 4 жұмысшы алып, жұмысты екі есе дәрежеге көтеру жоспарда тұр. Күніне 150 блок шықса, көктемнен бастап күніне 300 блок шығару ойда бар. Осы кәсіпке қоса үй қаптайтын фассад панел деген үй қаптайтын құрылыс материалы шығады.

Жұбайым Эльвира Қыпшақбайқызы Маханова аталған колледжде оқытушы болып қызмет аткарады. Қазіргі таңда декреттік демалыста. Төрт ұл тәрбиелеп отырған отбасымын. Болашақта осы кәсіпті әрі қарай дамытып кеңейтуге жұмыс істеп жатырмын. Алдағы уақытта осы ауданнан көпбалалы отбасы немесе тұрмысы төмен отбасыға бір үй тұрғызып беріп, қолына кілтін ұстатуды межелеп отырмын. Ол жоспар келер жылдың еншісінде», – дейді Серік бізбен әңгіме барысында.

Бәрекелді!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: