Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қызылорда тазалығы» өндіріске беттеді

02.02.2021, 12:30 1215

HALYQLINE.KZ

Өңір  өнімі

Пандемия жер-жаһанды жабықтырып, қамықтырып қойды. Індет өршігеннен бері кәсіптің қай түрі болмасын дағдарысқа ұшырап, екі алақанын ашып, басын сипап қалудан басқа амалдары қалмады. Алайда «ауру келді» дегеннен айылын жимай, заманның ықпалына қарай жұмыс ағымын бұра біліп, сол еңбегінің жемісін көріп отырғандары да бар. Болашаққа көз тастай білген «Қызылорда тазалығы» ЖШС індеттің өршігенін өз пайдаларына асыра алыпты. Қиын уақытта қырағылық танытқан мекеме ендігі уақытта темірден түрлі өнімдер шығарып, қала халқының игілігіне жұмсайтын болады. Ол аз десеңіз, алдағы уақытта алыс-жақын аймақтарға экспорттайтындарына да сенімді.

«Қызылорда тазалығы» дегенді әсте естіген боларсыз. Осыған дейін шаһарымыздың тазалығын һәм келбетін түзеп, вирус өршіген кезде қаланы дезинфекциялаумен айналысты. Сол дезинфекциялағаны үшін мекеме қалтасына біраз қаражат түскен екен. Түскен қаржыны серіктестік басшылары далаға шашпай, жаңадан техникалар әкеліп, ұста шақырып, өндіріске жол ашыпты. Өткен жылдың тамыз айынан бастап мекеме жанынан ашылған цехта қарқынды жұмыс басталып кеткен. Жұмысқа жергілікті тұрғындар алынып, ұсталықтың қыр-сырын үйретіп те үлгеріпті.

– Цех жұмысын тамыз айынан бастадық. Қаражатты мекеменің ішкі бюджетінен алдық. Біздің өнімдердің барлығы заманауи құрылғылармен жасалады. Әдепкіде бұл жер жарамсыз болып қалған цех еді. Біраз жылдар қойма ретінде де пайдаланылған. Сол ескі цехті қайтадан жандандырып, жаңа серпіліспен жұмысты бастадық. Бұрындары қоқыс контейнерлерін сырттан алдыртатынбыз. Енді өзіміз шығарғандықтан контейнерлер біршама арзан әрі сапалы болатын болды. Одан бөлек, көше сәнін келтіретін орындықтар, аялдама және жергілікті тұрғындардың қажеттілігіне қарай түрлі өнімдер шығара береміз. Біз алған техникалар толықтай цифрланған. Яғни, арнайы компьютермен есептеп, темірді сол арқылы түзу кесе аламыз, – деді «Қызылорда тазалығы» ЖШС директорының кеңесшісі Серік Теңізбаев.

Цехтан шыққан жаңа орындықтар қазіргі таңда Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы мен Ыбырай Жақаев көшесіне қойылып үлгерген. Алдағы уақытта орталық көшелердің барлығын орындықпен қамтамасыз ету жоспарда бар. Цехта тұрақты түрде 6 адам жұмыс істейді. Бір қызығы, бұл жұмысшылар осының алдында дезинфектор болған. Дезинфекциялау жұмысы аяқталған соң, мекеме жұмысшыларды шығарып жібермей, керісінше, тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз еткен. Тапсырыс ұлғайған уақытта жұмысшылар санын көбейтеміз дейді мекеме басшылары.

– Бізге ең бастапқы тапсырыс дәл осы орындақтардан келді. Сол үшін де ең бірінші сол орындықтарды шығаруға ыңғайландық. Күніне 10-15 шақты орындық шығарамыз. Тапсырыс көлемі ұлғайса, өнім санын да көбейте аламыз. Өнімге қолданылатын шикізаттардың сапасына аса қатты назар аударамыз, – деді цех жетекшісі Қуаныш Пірназаров.

Цех ашылған кезде мұнда арнайы Ақтөбе қаласынан ұста алдыртыпты. Жергілікті тұрғындарға темірден түйін түюді үйреткен де сол екен. 20 жылдан астам осы кәсіптің айналасында жүріп, қас шебердің өзіне айналған білікті ұста мекеменің асығын алшысынан түсіріп отыр. Оның айтуынша, орындық жасау оңай жұмыс емес. Қажымас қайрат пен еңбекті талап етеді.

– Осында қызмет ету үшін Ақтөбеден келдім. Мұнда жұмысты жоқтан бастадық десем де болады. Бастапқыда жаңадан алынған техникалардан басқа ешнәрсе жоқ еді. Арнайы өзіміздің жобамызды әзірлеп, жұмысты бастап кеттік. Осы салада жүргеніме көп болды. Сонда да осында жүріп көп дүниемен қайта танысып жатырмын. Жұмысшылар тез бейімделіп кетті. Жаңа жұмысқа бірден үйренді. Кей кезде өзімізден кеткен қателікті байқап жатамыз. Оны дер кезінде дұрыстап, халыққа сапалы бұйымдарды ғана шығарамыз. Арнайы эскиз дайындайтын маманымыз да бар. Қазіргі таңда бізде орындықтарға арналған 27 эскиз бар. Қазір аялдамаларды түрлендіруге жұмыс істеудеміз. Алдағы уақытқа жоспар көп, – деді шебер Раиль Ахтямов.

Мекеме таңғалдыруды мұнымен тоқтатпайды. Көше бойында тынығу үшін орналастыратын орындықтарға ұялы телефон қуаттайтын құрылғы, тарихи тұлғалардың өмірбаяны салынған аудиожазбалар сияқты пайдалы қосымшалар орнату ойда бар екен. Одан бөлек, цех ұсталарының бастамасымен арнайы шабадандар жасалып жатыр. Бұл шабадандар – табиғат аясында демалуды жаны сүйетіндерге таптырмас құрал. Себебі, ішінде кәуап пісіретін құрал, қазан-ошақ және т.б. сауықшыларға қажеттінің барлығы бар. Ұстауға қолайлы, тез жиналып, оңай ашылатын бұл шабадандар жақында тұрғындарға жол тартатын болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: