Биыл облыстың егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету үшін 3,2 млрд текше метр су лимиті бекітілді. Вегетациялық кезең басталғалы Сырдария өзенінен каналдар арқылы 2,9 млрд текше метр су алынып, оның 2,4 млрд текше метрі егістікке жеткізілді. Жалпы биыл өңірде 185,8 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев баяндады.
Суды көп қажет ететін күріш алқабы өткен жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға қысқартылып, 70,1 мың гектарды құрады. Оның орнына дәндік жүгері егісі бес есеге ұлғайып, 10 мың гектарға жеткізілді.
Бүгінде күріш алқаптарында агротехникалық шаралар қарқынды жүргізілуде. 59,9 мың гектар жер үстеп қоректендіріліп, 62,3 мың гектарда арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу жүргізілді. Күріш жинау жұмыстары тамыз айының үшінші онкүндігінде басталады.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың айтуынша, егін шаруашылығында су үнемдеу мен әртараптандыру жұмыстары алдағы кезеңде де басым бағыт болып қала береді.
«Су үнемдеу технологияларын енгізу көлемі де айтарлықтай артты. Өткен жылы мұндай технологиялар 8,1 мың гектар алқапта қолданылса, биыл көрсеткіш 14,2 мың гектарға жетті. Сонымен қатар лазерлік тегістеу жұмыстары 65 мың гектар күріш алқабын қамтыды. Егін шаруашылығын әртараптандыруға алдағы үш жылда 34 млрд теңгеден астам мемлекеттік қолдау қарастырылған. Биыл Жалағаш ауданында «Харвест Агро» серіктестігі 21 мың гектар аумақта жүгері, соя және техникалық қарасора өсіруге бағытталған агрокластер қалыптастыруда. Шиелі ауданында «Центр семеноводства» серіктестігі жаңбырлатып суару арқылы 10 мың гектарға жүгері егуді, «Таң ЛТД» серіктестігі 3 мың гектарда тамшылатып суару технологиясын енгізуді қолға алды», – деді Талғат Дүйсебаев.
Шаруаларды қолдау шаралары да жалғасуда. «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы 80 шаруашылыққа 9,4 млрд теңге жеңілдетілген несие беріліп, 30,3 мың гектар егістік қаржыландырылды.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!