Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Министрліктің қателігінен қызылордалық кәсіпкерлер бюджетке 7 млн теңгеден астам субсидия қаржысын қайтаруға мәжбүр

23.02.2022, 18:20 1004

HALYQLINE.KZ

Қызылордада облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы 2020 жылы аналық мал басына арналған жем-шөп үшін субсидия алған шаруалардан қаржыны бюджетке қайтаруды талап етіп жатыр. Оған Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі шығарған қағидадағы олқылық себеп болып отыр. Амалы қалмаған шаруалар Кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрады.

Мәселені басынан тарқатсақ. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылдың 17 шілдесінде «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрық қабылдап, «Ауыл шаруашылығы малдарының азығына жұмсалған шығындар құнын арзандату» қолдау шарасын енгізеді.

Аталған құжатты басшылыққа алған аймақтың бірқатар кәсіпкері субсидия алады. Өткен жылдың қазан айында кәсіпкерлер облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан «Сіздің шаруашылықта субсидияланған мал басының сақталуын қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерді сақтамағаны анықталып отыр» деген мәтінде хат алады. Ары қарай басқарма субсидия қаржысын бюджетке қайтаруды талап етеді.

Басқарманың «міндеттемені сақтамады» дегені мынадан туындап отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген қағиданың қазақша нұсқасында кәсіпкерге «Субсидияланған аналық мал басының ағымдағы жыл бойы сақталуын қамтамасыз ету» міндеттелген. Ал қағиданың орыс тіліндегі нұсқасында – «в течение года» (жыл бойы) деп жазылып, сәйкессіздік орын алған. Палатаға жүгінген кәсіпкерлер ереженің қазақ тіліндегі нұсқасын басшылыққа алғанын айтты. 

«Шаруашылық иелері 2020 жылы қолданыста болған қаиғадаға сай «сол ағымдағы 2020 жылы» мал басын сатпай ұстап отырған. Тек келесі, яғни 2021 жылы ғана мал басын жаңарту және жақсарту мақсатында бір бөлігін сатып, оның орнына басқа мал алған. Әзірге Кәсіпкерлер палатасына 4 шаруа қожалығы өтініш білдіріп, құқығын қорғауды сұрап отыр. Олардан ауыл шаруашылығы басқармасы жалпы көлемі 7,2 млн теңгені бюджетке қайтаруды талап етіп отыр», – дейді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Кәсіпкерлер палатасының мамандары Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген қағиданың қазақ тіліндегі нұсқасы орыс тіліндегісімен сәйкес келмейтінін алға тартып, министрліктен түсініктеме беруін сұраған еді.

Министрлік 22 ақпанда Кәсіпкерлер палатасына жауап берді. Онда құжатқа 2021 жылдың 13 шілдесінде өзгеріс енгізіліп, «ағымдағы жыл бойы» деген сөз «жыл бойы» сөзімен өзгертілгенін атап өтіп: «Осыған байланысты Қағиданың орыс тіліндегі нұсқасын басшылыққа алу қажет» деп жазылған.

«Жалпы министрліктің қабылдаған қағидасы о бастан шикі. «Жыл бойы» деген талапта да нақты қай кезден бастап есептеу керектігіне қатысты нақтылық жоқ. Бұл, біріншіден. Екіншіден, кәсіпкер өзіне жауапкершілік алғанда 2020 жылы қолданыстағы құжатты басшылыққа алды. Бұл жерде ереже шығарып отырған орган – Ауыл шаруашылығы министрлігінде тұрақтылық болмай отыр. Яғни кәсіпкер министрлік қай күні ережесіне өзгеріс енгізеді екен деп күтіп отыра алмайды ғой?! Үшіншіден және бұл ең бастысы, Қазақстан Республикасының Құқықтық актілер туралы заңының 23-бабы 7-тармағында «Орыс тiлiндегi нормативтiк құқықтық актiдегi терминдер мен анықтамалар қазақ тiлiнде жазылған ретке сәйкес болуға тиiс» және 24-баптың 3-тармағы 3-абзацында «Қазақ және орыс тілдеріндегі нормативтік құқықтық актілердің мәтіндері тең түпнұсқалы болуға тиіс» деп анық көрсетілген. Ал министрліктің «қағиданың орыс тіліндегі нұсқасын басшылыққа алу қажет» деуін қалай қабылдаймыз?», – дейді Палата директоры.

Кәсіпкерлер палатасы жауапты мемлекеттік орган және тексеруші орган төленген субсидияларды қайтарып алу талаптарын қайта қарауы керек деген ұстанымда. Аталған мәселенің нәтижесін Кәсіпкерлер палатасы қосымша хабарлайды.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: