Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күріш ақтау зауыты ашылды

30.12.2022, 14:55 110

HALYQLINE.KZ

Белгілі азамат Расул Есенов өз кәсібін әртараптандырып, күріш ақтау зауытын ашуды көзі тірісінде жүзеге асыра бастаған болатын. Бұл істің нәтижесі Жаңа жылдың қарсаңында толық аяқталып, жаңа нысан іске қосылып отыр. Жаңа зауыттың салтанатты ашылуында аудан әкімі М.Ергешбаев құттықтау сөз сөйлеп, кәсіпке береке тіледі.

– Ел әлеуетінің жақсаруын экономиканың тұрақты дамуымен байланыстырар болсақ, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуді мемлекеттік саясат алдыңғы орынға қойып отыр. Бүгін біз заман талабына сай жабдықталған, халықты сапалы қызметпен қамтамасыз етуді мақсат тұтқан күріш ақтау зауытының ашылу сәтінің куәсі болып отырмыз. Жаңа жыл қарсаңында ауданда жаңа кәсіпкерлік нысанның ашылуы көңіл қуантарлық жағдай. Бұл дегеніміз – жаңадан жұмыс орындары ашылып, аудан тұрғындары сапалы қызметті тұтыну мүмкіндігіне ие болатындығының нақты көрінісі. Бұл жұмыстың бәрін белгілі тұлға, меценат, марқұм Расул Әбутәліпұлы Есенов бастағаны анық. Ауданды дамытуға өзіндік үлес қоса білген аптал азамат өңір әлеуетін жақсартуға осындай бастамаларды жүзеге асыруға күш-жігерін жұмсаған еді. Міне, сол істі ұлы Фархат Есенов жалғап, аудан экономикасына өз үлесін қосуға ниетті. Сондықтан жас кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеймін, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.

Мұнан соң зауыт басшысы, жас кәсіпкер Ф.Есенов сөз сөйлеп, зауыт жұмысына тоқталды.

– Бүгін – біз үшін аса маңызды тарихи күн. Себебі, біз жаңа зауытты іске қосып, жаңа бір белеске бірлесе қадам басып жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, бұл зауыттың қазығын қағып, негізін қалаған әкем Расул Әбутәліпұлы еді. Зауытты салу ісі басталған уақыттан бастап әкем барлық маңызды жұмысқа мән беріп, өзінің жоспарларын айтып, жаңа зауыттың тиімділігін түсіндіретін. Бірақ, амал нешік, өзі бастаған құрылыстың аяқталып, лентасын қияр рәсімін көре алмай кетті. Мен және біздің мекемеміздің барлық қызметкері осы зауыттың негізін қалаған әкемді ешқашан ұмытпаймыз деп айта аламын. Біздің абыройлы мекемемізді бүгінде облыс халқы жақсы біледі. Аудан басшылығы да мекемемізде болып, жұмысымен танысып, оң бағасын берген болатын. Бұл қажырлы еңбекпен, тынымсыз ізденіспен келген абырой екені белгілі. Жаңа зауытта қара күріш ақталып, нарыққа Сыр маржанын шығаратын боламыз. Сәйкесінше жаңа жұмыс орындары да ашылады, серіктестіктің тынысы да кеңейеді. Сондықтан біз алға қойған мақсаттарға бірге жетеміз деп сенемін, – деді жас кәсіпкер.

Құрметті меймандар жаңа нысанның лентасын салтанатты түрде қиып, зауытты аралап көрді және жұмысына табыс тіледі.

Заманауи талаптарға сай күріш ақтау зауытын ашу үшін 90 млн теңге қаржы жұмсалған. Мұнда күріш ақтау диірменінің ғимараты мен қойма құрылысы толық аяқталып, халыққа сапалы өнім түрлерін ұсынуға әзір. Тәулігіне 100 тонна өнім өндіретін зауыт 30 адамды жұмыспен қамтиды. Айта кететіні, жаңа зауыттың ерекшелігі күрішті ақтаумен қатар, қауызын ұнтақтап, мал шаруашылығы үшін жем өнімдерін шығаруға бейімделген.

Ақтөре  ИБРАГИМҰЛЫ,

Сырдария  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: