Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәсіпкерлер үшін маңызды жаңалық

12.08.2026, 10:00 59

Қазақстанда кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау шаралары eGov Business порталына көшіріледі. Жаңа жүйе құжат толтыруды жеңілдетіп, өтінімді қарау мерзімін қысқартуға бағытталған. Бұл туралы Үкімет отырысында ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков мәлімдеді.

Қазір елімізде мемлекеттік қолдаудың 150 шарасы бар. Оның 63-і электронды түрде қолжетімді. Қалған 87 шара әлі қағаз жүзінде көрсетіледі және цифрландыруды қажет етеді. Қағаздағы қызметтерді порталға сол қалпында көшірмей, алдымен артық талаптары мен әрекеттерін қысқарту көзделген.

Алғашқы кезеңде eGov Business порталына «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі ұсынатын қолдау шаралары шығарылады. Холдинг пен оның еншілес ұйымдары 2024-2025 жылдары өтінім беру және қарау тәртібін қайта қараған.

«ҚазАгроҚаржы» ұсынатын 5%-дық жеңілдетілген лизинг бағдарламасы соның бір мысалы. Бұрын бір қатысушысы бар шаруа қожалығы өтінім беру үшін 80-нен астам қадамнан өтетін. Мәліметтердің басым бөлігі қолмен толтырылып, өтінімді қарау екі жұмыс күніне дейін созылатын.

Жүйе жаңартылғаннан кейін қадам саны шамамен 30-ға дейін азайды. Өтінімді қарау мерзімі 5-10 минутқа дейін қысқарды.

«Келесі кезеңде процесті eGov Business порталымен біріктіріп, қажетті жолдарды автоматты түрде толтыру үшін мемлекеттік деректер пайдаланылады. Соның арқасында кәсіпкердің жасайтын әрекеті азайып, өтінімді бірнеше қадаммен беруіне мүмкіндік туады», — деді Бекболат Молдабеков.

Цифрлық трансформацияның тағы бір бағыты ретінде Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі дамытылады. Ондағы деректер мемлекеттік қолдауды нақты кәсіпкерлерге бағыттап, шешім қабылдау кезінде пайдаланылмақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: