Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәсіп көзін тапқандар

20.08.2020, 17:25 808

HALYQLINE.KZ

Ағымдағы жыл кім-кімге де оңайға соқпады. Пандемия салдарынан енгізілген карантиндік шектеулер елдің тұрмыс-тіршілігіне айтарлықтай әсер еткенін кімнен бүркемелейміз?! Мұның салдары әсіресе, қарапайым бұқараға ауыр тиді. Алайда ел ағалары қол қусырып текке отырған жоқ.

Қолымыздағы деректе «Қазалы ауданында халықты еңбекпен қамтып, жұмыссыздықтың алдын алу үшін 2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың Жол картасы қабылданды. Соның нәтижесінде өзекті мәселелердің түйіні тарқатылып, бірқатар шаруаның шешімі табылды» деп жазылыпты. Енді шешімі табылған қандай мәселелер деген сауалдың жауабына тоқталсақ.

Қазалы ауданы бойынша 2020 жылдың 1 тамызына 4 491шағын кәсіпкерлік субъектілері есепке алынып, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 104,8 пайызды құраған. Оның 295-і заңды тұлға, 3148-і жеке кәсіпкер, 1048-і шаруа қожалығы болып табылады. Жыл басынан бері жаңадан 388 кәсіпкер жаңадан тіркелсе, жабылған кәсіпкерлердің саны 391 бірлікті көрсеткен. ШОБ субъектілерінің саны 3 бірлікке азайған. 2020 жылдың 7 айында ШОБ субъектілерінің салық түсімі 59,4млн теңгені құрап отыр.

«Бизнеске арналған үкімет» мемлекеттік мекемесі арқылы аудан кәсіпкерлеріне 457 қызмет көрсетілген. Осы аралықта ауданда кәсіпкерлік мақсатқа 23 жер учаскесі табысталған.

– Кәсіпкерлікті қолдау шаралары біздің назарымыздан тыс қалған емес. Осының нәтижесінде жыл басынан бері аудан кәсіпкерлерінің 231 жобасы бойынша 973 млн теңге несие, грант қаражатын алды. Сондай-ақ, еліміздің туризм саласын дамытуға сүбелі үлес қосып жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің бойынан «Арзан Сити», «Мирас» кешендері, «Sinooil», «TS Қызылорда мұнай өнімдері» жанар-жағармай бекеттері пайдалануға берілді. Оған қоса, осы жолдың бойынан жеке кәсіпкер Б.Ерхатов көпсалалы қызмет көрсету кешенін салып жатыр. Жоба толық жүзеге асырылған кезде «Қашқан су» көлінің жағасында демалыс орны жұмыс істейтін болады. Жоба құны – 350 млн теңге, – дейді Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев.

Қазалыны ел ішінде «кіші Түркістан» деп атауының мәнісі де бар. Өңірде сауда-саттықтың ежелден қарқынды дамығаны тарихтан да мәлім. Шөл даланың ыстық-суығына төзімтал түйелерге жүктелген керуен шартарапқа ағылған дағды қазір де бәсеңдеген жоқ. Тек замана ағымына бейімделіп, теміржол торабына қоса алып автокөліктерге ауысты. Іргеден өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы кәсіпкерлік саласының алға басуына үлкен септігін тигізуде. Біздің есітуімізше, қазалылық кәсіпкерлер бірнеше теміржол тұйығын пайдаланып, көптеген алып жүк көліктерімен өзге жерден зат әкеліп, өздері өндірген өнімдерін сыртқа тасымалдайды екен. Шалғайдағы аудан үшін үлкен жетістік. Карантиндік шектеулер толық алынған соң тіршілік өз ағынына түседі деген үміт басым.

Орайы түскенде өткен тарихты жаңғыртып, кәсіпкерлік бағытын қалаған іскер жандардың тірлігіне тоқтала кетсек.

«Дүзбаев Асет» шаруа қожалығының Ақжона ауылдық округі, Майдакөл ауылында мал шаруашылығын дамыту бағытындағы жобасы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен мақұлданып, құны 23,9 млн теңге несие қаражатына 53 бас жылқы, 10 бас түйе алып, шаруашылығын дамытуда. Сонымен қатар, шаруа қожалық жетекшісі өз қаражатымен Ақжона ауылдық округінде барлығы 23 гектар жер учаскесіне егін шаруашылығымен айналысуда. Оның ішінде 5 гектарға картоп, 6 гектарға көкөніс, 12 гектарға бақша дақылдарын егіп, өнімдерін алуда.

Ал жеке кәсіпкер «Тамшы Су» ЖШС-нің директоры Еркін Алданазаровтың есімі көпшілікке жақсы таныс. Ол 2016 жылы Әйтеке би кентінен «Тамшы су» ауызсу өндіру цехын іске қосты. Цехта тәулігіне 19 литрлік ыдыста 80 бөтелке су өндіріледі. Сапалы өніммен тұрғындар көңілінен шығып жүрген цехта 4 адам тұрақты жұмыс істейді. Цехты іске қосу үшін «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 8 млн теңге несие қаражатын алған болатын.

Биылғы жылдың қаңтар айында кенттен «AQUA SERVICE» атты көлік жуу орталығын пайдалануға берді.  «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы арқылы 8,7 млн теңге несие қаражатына қол жеткізіп, аталған орталықты іске қосты. Орталықта 4 адам еңбек етеді.

«Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деп текке айтылмаса керек.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: