Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ісі кенеулінің – есімі елеулі

28.10.2021, 9:30 321

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назар­баев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының  өсуі:  табыс  пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауында және мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Cындарлы қоғамдық диа­лог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуі­нің негізі» атты халық­қа арнаған Жол­дауында біршама бағыттардың маңыздылығын атап өткен болатын. Солардың бірі – «Қара­пайым заттар экономикасын» жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы. Бұл бағдарлама Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы­мен құрылған және мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауына алынғанын атап өткен  жөн.

Қазіргі таң­да еңбекқор жан­дар­ға елімізде көп мүмкіндіктер жасалған. Тек әрекет қана әлде­нені өзгерте алады. Қиял-ғажайып­қа ерік беріп, қол қусырып экраннан көз жанарын алмай отырғанд­арды көргенде қарның  ашады. Десек те өз кәсібін дөңгелетіп, көпке  үлгі  болып жүргендер  қаншама.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шағын және орта кәсіп өкілдеріне көмек беруде. Біршама тетіктері бар бағдарламаны зейін қойып ұғынған жөн. Терминнің түпкі мағынасын түсінбей дал болып отыр­ғандарға айтарымыз, ол – күнделікті халық тұтынатын тауарлар. Оған азық-түлік, киім, жиһаз, тұрмыстық техника да жатады. Қысқасы, әрбір қазақ қолданатын заттар. Аталмыш жоба аясында әлеуетті кәсіпкерлерді сүйемелдеу бойынша өңірімізде белсенді жұмыстар жүргізілуде.

Қызылордалық кәсіпкер Гүлсара Прна­зарова – жастайынан мал шаруашылығына бейім болып, ерлермен қатар иық тіресе еңбек етіп жүрген нәзік жан. Оның ісі – көпке өнеге. Алғашында шағын кәсібін ашып, көп қиындықты көрген. Үлпілдек қар жамылып, қылышын сүйреп қыс келгенде шаруа қожалығында мехнатты күндер өткені сөзсіз. Дей тұрғанмен, өз ісіне мығым шаруаның адамына жаңбырдың шелектеп төпеп тұрғаны да, қараңғы түн қабырғасын қақырата сөгіп аспанда жасын ойнағаны да тосқауыл болмағаны анық.

Шаруа қожалықтарына мемлекеттен көрсетілетін көмек көлемі де ауқымды. Гүлсара Прназарова өткен жылы 30 млн теңге қаржы алып, бір жыл болар-болмастан ісі ілгеріліп, 100-ден аса жылқы, 80 бас сиыр, 300-ден аса қой мен ешкіні құрап отыр. Олардың қатары күннен-күнге артуда. Асыл тұқымды мал шаруашылығына ерекше көңіл бөлген кәсіпкердің  мақсаты – мал  санын  көбейту.

– Қазір кәсібімнің барлық жағдайын жасадым. Бұрын төрт түлікті асырау едәуір қиынға соққан болатын. Ұзақ жылдар бойы жоспарлаған жұмысымның нәтижесін бағдарлама арқылы көрудемін. Сол себепті осы бағдарлама аясында қызмет етіп жүрген азаматтарға алғысымды білдіремін! Күндіз-түні жұмыс істеп, еліміздің дамуына барымызды саламыз, – деді мал  шаруашылығының  шебері.

Ел қазынасын байытуға бағытталған жоба жеңілдетілген несие беруді көздейді. Мем­лекеттік  субсидиялардың  көлемі  жыл өткен са­йын артып келеді. «Тәуекел түбі – жел­қайық» демекші бір іске жүрегі дауаламай тұрған азаматты қайрау мақсатында құрылған бұл жоба импортқа тәуелділікті азайтуды шешпек. «Қара­пайым заттар экономикасын» дамыту – бұл ішкі нарықты отандық тауарлармен молықтыру, өндеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру. Ең бастысы, халық тұтынатын  тауарлардың  кең  номен­клатурасын  шығару.

«Қазақ жұрты мал бағуға жалпы шебер» деп Әлихан Бөкейханов айтып кеткен екен. Сырдың еркесі Гүлсара кәсіпкер  де қазақтың төрт түлік малын асылдандыру керектігіне ерекше назар  аударған. Ол – төрт түлікті бағып-қаққан теңдессіз тәжірибесі бар жан. Жүйелі жұмыс келешекте көрсеткіштері елеулі өсіп, оң  нәтижесін  беретініне  сенеміз.

Азамат АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: