Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Басты мақсат – табыс емес, халықтың қамы

20.10.2022, 11:00 222

«Қуанышты бөліссең, көбейеді». Осы тәмсілдің төркіні қазіргі жағдайларға байланысты секілді. Себебі, елімізде кәсіп көзін тауып, оны дөңгелетіп жүргендердің саны күннен-күнге артуда. Тиыннан теңге құрап, теңгені болашағына жинайтын саналы да сауатты жастың саны көбейген. Соған сәйкес, түрлі гранттық конкурстар мен аз пайыздық несие беру де – кәсіпкерлер үшін зор мүмкіндік. Бұл бағыттағы жұмыстарды ақпараттандыруда аянып қалмаймыз, себебі жоғарыда айтқанымыздай, қуаныш еселенсе, нұр  үстіне  нұр  емес  пе?!

Сырдария ауданына шеккен сапарымызда кәсіпкер жандардың жұмысына да зер салып, әлеуе­ті артып жатқанын байқаған болатынбыз. Мұнда аудан бойынша 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін 2713 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Оның ішінде белсенді жұмыс істеп тұрған кәсіптік нысан 2565-ті құрайды. Яғни, 95 пайыз­ға жуығы іске жарап тұр деген сөз. Сырдариялық кәсіпкерлерге осы жылдың 8 айында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардан 230 жобаға 1831,6 млн теңге қаржы қаралған. Тоқталатын болсақ, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 12 жобаға 51,7 млн теңге бөлінген. Ал «Микро­бизнес-Қызылорда» бағдарламасы бойынша 112 млн теңгеге 25 жобаға қаржы қаралған екен. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау мақсатында құны 349,3 млн теңгенің 12 жобасы екінші деңгейлі банктер тарапынан қаржыландырылды. Осы бағдарламаның ішінара кепілдендіру бағыты бойынша құны 92 млн теңгенің 6 жобасына бюджеттен ақша бөлінген. Сондай-ақ, аграрлық несие корпорациясы арқылы «Кеңдала», «Агробизнес» және «Іскер» бағдарламасы бойынша 309,1 млн теңгенің 30 жобасы қаржыландырылды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Қызылорда филиалы арқылы аудандағы құны 779,1 млн теңгеге 32 ауылшаруашылық тех­никалары  мен  құрал-жабдықтары алынды. Ал «Ұлттық  жоба»  бағдарламасы аясында 118 жоба иесі 138,4 млн теңге қайтарымсыз грант ұтып алған.

Міне, ауданның оң тенденцияға түсуіне кәсіпкерлер де өз үлесін қосып келеді. Айтқанымыздай, ауданның басты кәсіп көзі күріш дақылы дедік. Оның мұнан басқа да аудандарда беделді тірлік екенін айтқанымыз жөн. Сондықтан, күріш цехына барып, шаруасы жайында ақпарат беруді таныс жұмысқа балап, өзге кәсіп нысандарына зер салдық. Көзге бірден аудан орталығындағы «Әдемі» тігін шеберханасы түсті. Бұл тігін шеберханасының басты ерекшелігі мұнда тек киімдер пішіп-тігілмейді, бір айда бірнеше қыз жасауы дайын­далып, жалға берілетін түрлі киім-кешек дайындала­ды. Ал басты ерекшелігі – жұмыссыз жастар білім алып, тігін әлемі туралы танымын кеңейте алады. Әрі түрліше кес­кіндермен ою-өрнек, пішу жұмыстарына көз үйретіп, жұмысқа орналасу мүмкіндігі де жоқ емес. Жалпы, осыдан 10 жыл бұрын жұмысын бастаған тігін шеберханасының қазірде жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізгенін  көзбен  көрдік.

– Бұл тігін шеберханасын 2012 жылы ашқан болатынмын. Ең басында бұл кәсіпті несие алып бастаған едім. Сол кезде жаңа станоктар, тігін машиналарын алып, жұмысшыларға айлық үлестіріп, аяққа тұрудың қамын қылғаным есімде. Ал қазірде жұмыс­шылардың басты жұмысы – құрақ құрау. Былтыр­дан  бері  «прокатқа» киім беруді қолға алып, оны тігіп, іс-шараларға, балабақшаларға үлестіріп, арнайы уақытқа беріп жатырмыз. Дәл қазір, осы жерде 30 маман қысқамерзімді тігінші оқуын оқып жатыр. Яғни оларға құрақ құрап, ескі мақтаны қайта түтіп, киімді пішу, өңдеу, қалыпқа келтіру деген секілді   жұмыстар  үйретіледі.  Осының  арқасында  3  жұмысшыны  жеке  жұмысқа алып, қосымша 2 қыз­меткерді «жұмыспен қамту» арқылы осында алып отырмын, – деді тігін шеберханасының басшысы  Нұрсұлу  Ажарова.

Оның айтуынша, алдағы уақытта бұл кәсіп көзін кеңейтіп, облыс орталығына өзінің тігін шеберханасын көшіру жоспары да бар. Бірақ барлығы  уақыт  еншісінде.

Шеберханадағы тігіншілердің көбі көз, құлақ мүгедектігіне шалдыққан қыз-келіншектер екен. Яғни, Нұрсұлу Қойшыбекқызының айтуынша, мұндай ерекше жандар өз ісіне тиянақты, жауапты  болып  келеді.  Таңғы  9-да  жұмыс­та  отыр­ып, кешкісін өзіне жүктелген міндетті аяқтап, үйіне қайтады екен. Әрі жаңа жұмыс іздейтіндердің қатарынан емес. Сондықтан оларға деген сенім зор. Әрі қорықпай, үлкен жұмыстарды тапсыра  беруге  болады.

Жалпы, тігін шеберханасының басшысы мұнда тек табыс тауып, кәсібін жүргізіп қана қоймай, өз елінің тарихымен байланысты ою-өрнектерді өзгелерге үйретіп, кейінгілерге насихаттап жүр. Қазақ­тың киіз үйінің ішкі көркемдігіне сай жасалған өнімдердің қазірде халық арасында сұранысқа ие екені мәлім. Сондықтан, айына 3-4 қыз жасауын жасайтын шеберлердің жұмысына сәттілік тіледік.

Аудандағы шеберлікке баулитын әрі жұмысшылар даярлайтын шеберханадан бөлек, әлеумет­тік дәріхананың бары да таңданыс тудырды. Сатылымдағы бағасынан 20-25 пайызға дейін арзандатылып сатылатын дәрілердің өзге де дәрі-дәрмектен еш айырмашылығы жоқ. Мұндай істі қолға алған кәсіпкер «Aptechka» атауымен өңірдің бірнеше ауданынан осы атқа ие дәріханалар желісін ашқанын айтады. Олардың бағасының арзан болуының басты себебі – пайда табу емес, тұрғындардың қалтасы көтеретін өнімдердің санын арттыру болып отыр. Бұл туралы осы дәріханалар желісінің аумақтық  директоры  Ардақ  Тәжібаев  баяндады.

Жалпы, сырдариялықтардың бір-біріне жаны ашитын жандар екенін байқадым. Себеп көп. Осы мақаланың өзінен бір кәсіптік нысанның бірнеше бағытты қатар алып, аудан тұрғындарына жағдай жасап жатқанын түсінуге болады. Бұл да – құптарлық іс. Осының арқасында тыныш ауданның тұрғындары тынысты ауданның жұршылығына айналып келеді. Яғни халық арасында бауырмалдық пен адамгершілікті алдыға қоятындардың көптігі сезіледі. Кәсіп көзін тапқандар мұнымен шектелмейді, ауыл-ауылдың барлығында дерлік өз ісін жүргізіп  отырғандардың  қарасы  қалың. Әрі оларға да  лайықты көмек  көрсетіліп  отыр. Сырдария ауда­ны  осы  қарқынын жоғалтпаса, биікке шығарына  сенім  мол.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ,

Сырдария  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: