Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сексеуілде «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» іргетасы қаланды

06.06.2026, 14:46 55

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және ел ағалары Сексеуіл кентіндегі 100 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебінің» іргетасын қалау рәсіміне қатысып, тұрғындармен кездесті.

Аймақта 2022-2026 жылдары 200-ден астам әлеуметтік нысан бой көтерді. Білім беру саласында, жеткіншектерге қосымша білім беру инфрақұрылымын дамытуда ауқымды жұмысатқарылып, 46 заманауи білім беру нысаны ел игілігіне табысталды.

Бүгін іргетасы қаланған «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» құрылысына «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы демеушілік етеді.
Еске салайық, жас жеткіншектердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға маманданған мұндай орталықтар кейінгі жылдары Жалағаш, Жаңақорған және Шиелі аудандарында салынып, жас ұрпақ игілігіне айналған болатын.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын көптен күткен игілікті істің басталуымен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы:«Ұл-қыздарымыздың парасатты, жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтарымыздың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау –мемлекетіміздің басты міндеті», – деп атап өтті.
Бүгін іргетасы қаланатын жаңа білім ордасынан алдыңғы буынның жолын жалғаған білімді, талантты шәкірттер шығатынына сеніміміз мол.Бұл – балаларымызға заманға сай жаңа дағдыларды үйрететін, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыратын, асқақ армандарға қанат қақтыратын бірегей нысан болмақ. Санасы сергек, ұшқыр ойлы, бәсекеге қабілетті оқушыларымыз көп болсын! Егемендігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Шарада ел ағасы Имамадин Оңғарбаев сөз сөйлеп, ардагер Қази Әйімбетов батасын берді.

Президент бастамасымен өңірде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынды. Сонымен қатар физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты, музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасы пайдалануға берілді.«Оқушылар сарайы» мен «Сыр жұлдыздары» академиясы бой көтерді. Қызылорда қаласында жыл бойы жұмыс істейтін заманауи лагерь,Ботаникалық білім беру орталығы ашылды.

Рәсімнен кейін облыс әкімі тұрғындармен кездесті.Онда өңір үшін маңызды инфрақұрылымдық жобаның бірі – «Сексеуіл–Бейнеу» автомобиль жолының құрылысы басталатындығы айтылды. Жол Бейнеуден емес, Сексеуілден басталады.

Бұдан бөлек, тұрғындар ұзақ уақыттан бері көтеріп келе жатқан Сексеуіл кентіне кіреберіс автомобиль жолының жай-күйі де сөз болды. Халықтың ұсыныс-тілегіне сәйкес, бұл жолға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі қаралып, тиісті шара қабылданатын болды.

Кездесуде тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары тыңдалып, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: