Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бас киім тігуді кәсіпке айналдырған

21.02.2022, 14:00 394

HALYQLINE.KZ

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген ұлағатты сөзі бар.

Бүгінгі кейіпкеріміз Нұрлан Сатмағамбетовтің бойында жоғарыда айтылған қасиеттердің бәрі табылады десем, әсірелегенім емес. Санамалап көрейік.

Нұрлан Есімханұлы – ауданға танымал жеке кәсіпкер. Қос бірдей жоғары оқу орнын, яғни Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Физика-математика», Шымкент қаласындағы Әлеуметтік инновациялық академияны «Спорт және денешынықтыру» мамандығы бойынша бітірген. Оған қоса діни медреседе білім алған ол – грек-рим күресінен спорт шеберлігіне кандидат. Нұрлан – отбасындағы 5 бауырының ортаншысы. Әкесі Есімхан теміржол саласынан зейнеткерлік демалысына шықса, анасы Әзима үй шаруасындағы жан.

Нұрлан Сатмағамбетов 2020 жылдан бастап кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Сол жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік гранттар беру жөнінде конкурсқа қатысып, 2 млн теңге қайтарымсыз грант қаражатына ие болды. Қазіргі таңда кәсіпкер халықтың сұранысына сай тапсырыстар қабылдап, түрлі үлгідегі бас киімдерді тігеді. 

– «Кәсіп түбі – береке» деген ғой. Қандай істі де бастау оңайға түспейтіні белгілі. Алғашқыда аздаған қиындықтар болғаны рас. Алайда біртіндеп жұмыс жүре бастады. Шүкір, тіршілігіміз бөтен емес. Үйдің бір бөлігін тігін цехы ретінде ашып қойдық. Түрлі үлгідегі бас киімдер дайындаймын. Қажетті шикізаттың көбісін өзіміздің ауданнан аламын, табылмағанын сырттан тасымалдаймын. Бас киімді өзім дайындаймын, әке-анам көмектеседі. Базарда сауда орнымыз бар, дайын болған бас киімдерді сол жерге сатуға шығарамын, – дейді жеке кәсіпкер Нұрлан Есімханұлы.

«Жігітке жеті өнер де аз» деп боска айтылмаса керек. Бойында бірнеше өнер ұштасқан азаматтың кәсібіне береке тілейміз. 

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: