Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бағдарлама бағытымен бизнес бастаушылар көбейді

25.09.2020, 17:40 288 0

HALYQLINE.KZ Жыл сайын дүниежүзілік банк жариялайтын «Doing Business» рейтингісінде өткен жылы Қазақстан 25-орынға ие болды. Сөйтіп, Ресей, Беларусь, Жапония, Исландия және Испания сияқты елдерді басып озды. Айта кетейік, рейтинг бизнес жүргізуге арналған қолайлы жағдайды ескере отырып жасалған. Мұндай жоғары көрсеткішке жетуге Үкіметтің заңнаманы реформалау, бизнесті құру үдерісін оңайлату, қадағалау қызметін оңтайландыру, кәсіпкерлікті қолдау сынды бірқатар бағдарламалардың жүзеге асуы септігін тигізгені анық. Өйткені бизнес-ортаны дамытудағы маңызды фактор – кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың іске асуы.

Бизнесті қолдаудың ең тиімді бағдарламаларының бірі «Бизнестің жол картасы – 2020» екенін кез келген кәсіпкер мойындайды. Осы бағдарламаның іске асырылуының нәтижесінде соңғы онжылдықта Қазақстанда 94 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Елдің жалпы ішкі өнімі бойынша шағын және орта бизнестің үлесі мен кәсіпкерлер шығаратын өнім көлемі 10 трлн теңгеге өскен. Елде ұзын-ырғасы 300 мыңнан астам жаңа кәсіпкерлер пайда болды. Үкімет 2019 жылы аталмыш бағдарламаны тағы 5 жылға ұзарту туралы шешім қабылдады және «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасын әзірледі. Алдағы 5 жылға аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін 421 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Ал Қызылорда облысы үшін 2020 жылға 315 жоба үшін 1 млрд 133 млн теңге қарастырылған.

 – Бизнеске берілетін грант кәсіп бастаудың негізгі көзі еместігін түсінуіміз керек. Бұдан басқа да жеңілдікпен несие алу, өздігінен кәсіп бастау секілді жолдары бар. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының гранттық жобасына 2019 жылы 800-ден астам жоба ұсынылса, биыл 315 жоба келіп түсті. Оның 58-і жеңімпаз деп табылып, 131,5 млн теңге қаражат бөлінді. Айта кетерлігі, бұған дейін қатысып, жеңімпаз болған кәсіпкерлердің қайталап қатысқаны болды. Алайда біз оларға басымдық бермейміз. Бұл жолы шағын кәсіпкерліктің – 31, жас кәсіпкерлердің 27 жобасы кәсіпкерліктің нығаюына тың серпін береді деген ойдамыз, – деді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифинг барысында.

Ал жеңімпаз атанып, комиссия алдында қорғаған жобасын жүзеге асырмаса не болады деген сауал сізді де ойландыруы мүмкін. Әрине, оның да шешімі бар.

 – Жеңімпаз кәсіпкерлерге грант ұтқаннан кейін бір жыл уақыт беріледі. Оны «Даму» қоры қадағалайды. Қаржыны мақсатты игермеген кәсіпкерлерге тиісті жаза қолданылады. Өйткені мемлекет қаржысының сұрауы бар, – деді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Талғат Бекішев.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлер банктік несиелер бойынша субсидиялау және кепілдік беру, жаңа бизнес-идеяларға гранттар алу, инфрақұрылым тарту, сондай-ақ оқыту, шетелде тағылымдамадан өту, сервистік қолдау және мамандандырылған консалтинг түрінде қолдау құралдарының кең таңдауын алу мүмкіндігіне ие болады. Республикалық мәліметтерге сүйенсек, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған бағдарлама бойынша несие сомасы 20-дан 60 млн теңгеге дейін артады. Бұл ретте қарыздарды кепілдендіру құралы – несие сомасынан 85%-ға дейін сақталады. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер үшін субсидиялауға жататын несиелер көлемі 180 млн теңгеге дейін, ал кепілдік беру 360 млн теңгеге дейін артады. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер 2-5 млн теңге аралығындағы грантқа үміткер бола алады. Гранттар экономиканың басым секторларында және өңдеуші өнеркәсіп салаларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. Екіншіден, кәсіпкерлер үшін қаржыландыруға қол жеткізу кеңеюде. Мемлекет микроқаржы ұйымдары беретін несиелерді субсидиялайды және кепілдендіреді. Үшіншіден, бағдарламаға қатысушыларға міндетті талап қойылады – халықты жұмыспен қамтудың өсуін және салықтардың мемлекеттік бюджетке түсуін қамтамасыз ету. Төртіншіден, кәсіпкерлерді барлық кезеңдерде сүйемелдеу күшейтіледі. Бұл – оқыту, несие алу және қолдау үшін құжаттарды дайындауға жәрдемдесу, өткізу тізбегін жолға қою.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: