Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баба ауылындағы берекелі бастама

14.10.2020, 11:00 832

HALYQLINE.KZ

Отбасылық  кәсіп

Жуырда Жанқожа батыр ауылына жол түсті. «Тіректі ауыл» санатын иеленген елді мекеннің қазіргі көрінісіне көңіл толады. Ауыз толтырып айтарлықтай жағымды жаңалықтар аз емес. Ағымдағы жылдың өзінде Мәдениет үйі мен бірнеше көшеге жөндеу жасалды. Оған қоса, талай жылдан бері ауыл тұрғындары зарыға тосқан ауызсу құбырын сервистік желіге қосу жұмыстары басталады деп күтілуде.

Десе де, адамның арманы таусылған ба?! Санамның бір түкпірінде «Ауылдың ахуалы бөтен емес. Көп жерде кездесе бермейтін спорт кешені, өзге де нысандар салынып, көшелер асфальтталды, түнгі жарықпен қамтылды. Көп кешікпей ауызсу құбыры үйлерге кіргізіледі. Енді газ құбыры тартылса, шіркін! Ондай жағдайда ауылдың келбеті аудан орталығынан кем болмасы анық» деген ой жылт ете қалды. Газ келсе несі бар?! Бұйырса, ондай күнге де жетерміз.

Ащы көлдің қырқасына көтерілгенде тосын әрі қызықты көрініске тап келдік. Ауылдың төлқұжаты іспетті ежелгі көл көкжиекті көмкеріп, ернеуінен асып, шалқып жатыр. Толқыны жағалауды ұрып, төсінде түрлі құстар жүзген айдынға қатты сүйсіндік. Ал іргедегі биік төбенің басында шағыл құмға бауырын төсеп, қаз-қатар жатқан түйелердің қалың келесін (шоғырын) байқағанда, таңданысымыз арта түсті. Керемет көрініс! Маңайға асқақ кейіпте көз тастаған, қос өркеші баладай, шетінен күйлі ойсылқара тұқымы тым айбынды-ақ. Ақиқатына көшсек, бұған дейін баба атындағы ауылда мұншама түйелерді көп кездестіре бермеуші едік. Шаруа қауымның шөлге төзімді осынау киелі түлікті маса-сонадан қорғаштап, Сыр беткейіне аса жолата бермейтіні әмбеге аян. Енді жерсіндірсе, неге масаттанбасқа?!

Оны айтасыз, Жанқожа батыр ауылында мемлекеттен несие алып, түйе өсіріп, өнімін ұқсатып отырған жеке кәсіпкер бар екен. Қолымыздағы деректе «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты бойынша 2019 жылы «Бастау-Бизнес» жобасы аясында стартап жаңа бизнес идея жобасы бойынша Алтынай Атымбаева 505000 теңге қайтарымсыз грант алып, 2 сиыр өсіруде. «Микробизнес-Қызылорда» өңірлік бағдарламасы арқылы Нұргүл Маханова 2 млн теңге несиеге 4 түйе, 1 бота алып, түйе шаруашылығын бастаған. 2018 жылы Гүлбану Әлиева жылқы өсіру бағыты бойынша «Ауылшаруашылығын қолдау қоры» арқылы 2,5 млн теңге несие алып, жылқы шаруашылығымен айналысуда. Отбасылық кәсіп ретінде түйеден шұбат дайындап, халыққа қызмет көрсетуде. Сонымен бірге құрт-ірімшік дайындайды» деген жолдарды оқығанда «абысын тату болса, ас көп» деген даналықтың мәнісін терең түйсінгендей әсерлендік.

Жоғарыда есімдері аталған Алтынай, Нұргүл, Гүлбану – бір үйдің келіндері. Алтынай мен Гүлбану отағасылары, балаларымен ата-енесімен бірге тұрса, Нұргүл жарымен сол ауылда бөлек шаңырақ құрған. «Жақсы жерге түскен келін – келін, жаман жерге түскен келін – келсап» дегенді естіген шығарсыз?! Кәсіпкер қарындастарымыз – есімі көпшілікке жақсы мәлім, әулие Аманбай ахунның немересі, атақты Қайырлла мақсымның ұлы Мінажадин ағамыз бен Гүлжахан анамыздың шаңырағының келіндері. Мінажадин ағамыз мал шаруашылығының білікті маманы, округ әкімінің бас маманы қызметін ұзақ уақыт абыроймен атқарып, зейнеткерлік демалысына шықты. Тектілік қасиет атаның қанымен бойға дарыған әулеттің перзенттері де ел-жұртқа сыйлы азаматтар!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: