Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әк цехы өзін ақтап тұр

14.06.2021, 16:45 1482

HALYQLINE.KZ

Жалғанды жалпағынан басам десең, жарғақ құлағың жастыққа тимей еңбек етуің керек. Жоқтан бар жасап, иненің жасуындай мүмкіндікке жармасу да шеберлік. Мүмкіндік беріп отырған мемлекеттік бағдарламаларға сүйеніп, өзінің кәсібін бастап кеткен кәсіпкерлердің бірі – Али Жанақұлов. Оның әк шығаратын цехы бүгінде күніне 3-5 тонна әк, 1000-2000 дана пескоблок өндіріп отыр.

Кәсіпкер 2019 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығынан 8,3 миллион теңге қаражат алған. Қазіргі таңда өнімге деген сұраныс жоғары. Мемлекет бөлген қаражаттың арқасында заманауи жабдықтар мен цех орнын белгілеп алған екен.

– Жұмысшылардың жалақысы жоғары. Жұмыс істеуге қолайлы етіп жағдай жасап отырмыз. Сұраныс та жоғары. Кәсіп жүріп тұр. Одан бөлек, кәсіп көлемін кеңейткіміз келеді. Бұл кәсіп тек жаз айларында ғана қызады. Қысқы уақытта тоқтап қалады. Соның кесірінен жұмысшыларымнан айырылып қаламын. Сол үшін қыста да кәсіпті үзбей, жылыжай ашсам ба деген ой бар. Жылыжайға арналған жер дайын. Арнайы сарапшы мамандармен келіссөздер нәтижесінде жылыжай құрылысына 8 миллион теңге қаржы керектігі анықталды. Алдағы уақытта, кәсіпкерлікті дамыту бөлімімен бірлесіп, тағы несие алсақ деген жоспар бар. Ол кәсіптің де бар сырын бірден тауып алармыз. Ең жақсы жарнама – халықтың біз шығаратын өнімді жұртқа мақтағаны. Сол үшін тек сапалы өнім шығаруға тырысамыз, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер Али Жанақұловтың айтуынша, жылыжай өнімдері Қызылорда қаласында жоғары сұранысқа ие. Осы саланы әрі қарай дамытса, жақсы болар еді дейді ол. Ал әк өндірісінің сыры бір бөлек, әк тастарды дайын күйге жеткізу үшін жоғарғы градуста балқыту керек екен.

Жоғарыда айтқандай, қазір цехта күніне 3-5 тонна көлемінде әк, 1000-1200 дана пескоблок өндіріледі. Баға өнім сапасына сай. Мәселен, бір келі әктің құны 40-45 теңге болса, пескоблок бағасы 150-170 теңгеден саудалануда. Пескоблоктың ені – 20, ұзындығы – 40 сантиметр. Қазіргі таңда цехта 13 адам еңбек етеді. Бәрі де білікті, өз ісінің шеберлері. Қала аумағын жергілікті өніммен қамтып отырған кәсіпкер келешекте тауарларын басқа облыстарға да жөнелтуді көздеп отыр. Сонымен қатар, алдағы уақытта әк өнімін көбейту және пескоблок өнімін шығаратын тағы 2 құрылғы сатып алу жоспарында бар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: