Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

600-ден аса кәсіпкер құқығы қорғалды

06.09.2021, 16:45 300

HALYQLINE.KZ Пандемия экономиканың барлық саласына, оның ішінде орта және шағын кәсіпкерлікке орасан зардабын тигізіп отырғаны белгілі.

Осындай қиын кезеңде Қызылорда облыстық прокуратурасы бизнесті қорғау саласы бойынша бірқатар оңды жұмыстар атқаруда.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы қадағалау жұмыстары бизнеске заңсыз араласуды болдырмау, аймақтағы бизнес-ахуалды жақсарту мен әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталды.

Ең алдымен облыстық және қала, аудан прокуратуралары жанында кәсіпкерлердің құқықтары жөніндегі мобильдік топтар құрылды.

Топ құрамына прокуратураның, өңірлік кәсіпкерлер палатасының ең тәжірибелі қызметкерлері енгізілді.

Мобильдік топтардың мақсаты бизнесті мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен, оның ішінде заңсыз тексерулерден қорғау болып табылады. Аталған топ қажет болған жағдайда оқиға орнына барады.

Кәсіпкерлер мобильдік топтардың байланыс телефондарын облыс прокуратурасының, кәсіпкерлер палатасының ресми сайттарынан таба алады.

2021 жылдың 8 айында мобильдік топтарға 40 арыз-хабарлама (сигнал) түсіп, өңірдегі бизнестің прокуратураға сенім деңгейі артуда (2020 жылы-13).

Ағымдағы жылдың 8 айында бизнесті қорғау бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 29 прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, 608 кәсіпкердің құқығы қорғалды. 21 тұлға тәртіптік, 2 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылса, 2 заңсыз тексерудің және кәсіпкерлерге қатысты 28 әкімшілік өндірістің күші жойылды.

Мысалы, Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) тарапынан кәсіпкерлерге құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензия беруден жүйелі түрде негізсіз бас тарту теріс тәжірибесі анықталып, Басқарма басшысы әкімшілік жауапқа тартылды. Бас прокуратурамен оң жұмыс нәтижесі басқа аймақтарға таратылды.

Енгізілген прокурорлық қадағалау актілерінің қаралу нәтижесімен өткізілген мемлекеттік сатып алу бойынша 35 кәсіпкердің жалпы сомасы 33 млн. теңге банктік кепілдемелері кері қайтарылды.

Облыстық прокуратураның наразылығына сәйкес облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына өзгерістер енгізіліп, көптеген кәсіпкерлік субъектілерге белгіленген жұмыс уақыты бойынша шектеулер алынып, жекелеген бизнес субъектілерінің жұмыс уақыты ұзартылды.

Карантин талаптарының сақталуы бойынша санитариялық- эпидемиологиялық бақылау органымен бір кәсіпкерге екі рет заңсыз тексеру жүргізілгені анықталып (тексеру тағайындау туралы актілерде көрсетілген кәсіпкердің орнына басқа кәсіпкерге қатысты тексерулер жүргізіліп, соңғының қызметкері әкімшілік жауапқа тартылған), тексеру тағайындау, тексеру нәтижесі туралы актілердің және ұйғарымдардың күші жойылды. Кінәлі қызметкерлер тәртіптік жауапқа тартылды.

Мемлекеттік кірістер органының 2 кәсіпкерге қатысты 5 және агроөнеркәсіп кешеніндегі уәкілетті органның 3 кәсіпкерге қатысты заңсыз толтырылған 3 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамаларының күші жойылды.

Мемлекеттің тапсырыс бойынша білім беру қызметін көрсеткен 75 жеке балабақшаның 192,9 млн теңге бюджет берешегінің төленуі қамтамасыз етілді.

Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ШЖҚ «Қазалы ауданаралық ауруханасы» КМК-ы тарапынан дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алу шарттары бойынша фармацевтикалық компаниялар алдында қалыптасқан 87,4 млн теңге қарыздың төленуі қамтамасыз етілді.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Қызылорда облысының прокуратурасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: