Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдарияның тарихи картасын жасау керек

29.01.2026, 10:20 43

HALYQLINE.KZ

ҰСЫНЫС

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайға келген Оразалы Сәбденмен тілдесу кезінде академик Сыр өңірінің тарихи жады мен өркениеттік дамуын нақты дерекпен көрсетудің маңызды екенін атап өтіп, Сырдария өзенінің ғасырлар бойғы арна өзгерістерін негізге алған ерекше ұсынысын ортаға салды. Оның айтуынша, бұл бастама – халықтың көші-қоны, қалалардың тағдыры және тұтас өңір тарихын бір картаға сыйғызатын танымдық жоба.

– Енді мен сендерге бір ұсыныс айтайын. Мына Сырдария өзені туралы. Сырдарияның арнасы ғасырлар бойы өзгеріп отырған. Біз келеміз, кетеміз, ал Сырдария атам заманнан келе жатыр. Табиғат тасқыны болады, климат өзгереді, жағдай өзгереді, соған байланысты Сырдария арнасы да өзгеріп отырған. Арна өзгерген сайын адам да соған қарай бейімделіп, өмір сүрген. Қалалар да соған қарай орналасқан. Қанша уақыт тұрған қалалар кейін құмның, жердің астында қалды. Соның жұрнағы ретінде қалалардың орны ғана қалды. Халық та көшіп отырған.

Менің идеям – осыны көрсететін үлкен плакат жасау керек. Үлкен тарихи карта-плакаты болуы тиіс. Онда Сырдарияның арнасын көрсету керек, мысалы, бір кезеңде арнасы былай болды, кейін былай өзгерді, одан кейін тағы басқа жаққа ауысты. Сырдарияның төрт-бес түрлі негізгі арнасын көрсетіп беру керек.

Сол арналардың бойында қандай қалалар болды? Қандай өркениет болды? Қандай ру-тайпалар өмір сүрді? Қай жерде қандай тарихи оқиғалар өтті? Оғыздардан бастап, басқа кезеңдерге дейін – бәрін көрсету керек. Сонда бір картада бүкіл тарих көрініп тұрады.

Ал қазір бізде ондай карта жоқ. Сондықтан мен осы идеяны айтып отырмын. Сырдария арқылы түсіндірсем, бұл жерде не айтуға болады? Сырдария бізге бәрін беріп тұр ғой, — деді ол.

Академиктің бұл ұсынысын Сыр өңірінің тарихын жаңаша танытуға, өзен бойындағы өркениет сабақтастығын нақты карта арқылы көрсетуге бағытталған маңызды бастама ретінде қарастыруға болады.

.

Е.СӘРСЕНҰЛЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: