Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әйел көтермеген жүк қалды ма?

21.01.2026, 7:00 56

Әйел көтермеген жүк бар ма бұл өмірде? Иә, қарапайым үйдің берекесі мен баланың тәрбиесі, ерінің күйі мен ата-ененің көңілі, тіршіліктің ұсақ-түйегінен бастап, тағдырдың кезіктірген ауыр сынағына дейін қазіргі уақытта әйелдің иығына артылған. Қоғам да әйелдің төзімділігіне сеніп алған. Сондықтан оның шаршауына, әлсіреуіне, жылауына, шағымдануына рұқсат жоқтай. «Әйелсің ғой», «шыда»,  «сабыр  қыл»  деген  сөздермен  оның  арқасына тағы  бір жүк іле салады. Ал әйел тек үйдің шаруасын ғана  емес, үнсіз  ауыртпалықты  да  көтереді. Бірақ осы ауыртпалықты  көтеріп  жүрген  нәзікжандылардың  ішінде «Қашанға  дейін?» деген сұрақ туындауы заңды. Бәлкім, «Әйел  көтермеген  жүк  қалды  ма?» деп сұрағаннан гөрі, «Әйелге кім тірек болды?» деп ойланған жөн шығар. Себебі әйел  жалғыз  көтеруі  тиіс  емес. Оның  жүгін бөлісетін серігі бар. Ал сол серіктің міндеті тек отбасы алдындағы жауапкершілікпен шектелмейді, ең алдымен жар етіп алған жанға  көрсетілетін  қамқорлықтан  басталады.

Бір нәрсенің шындық екені анық, әйелдің мықтылығы оның бәрін жалғыз көтеруі тиіс екенінің дәлелі емес. Керісінше, ол – мықты болуға мәжбүр болғанының көрінісі. Қоғам әйелдің шыдамын шексіз ресурсқа айналдырып алғандай. Ал шын мәнінде, әйел де – адам, ол да әлсірейді, ол да демалуды, қолдауды, түсінуді қажет етеді.

Өкініштісі сол, кейде «жақсы әйел» деген ұғым «бәріне үндемей көнетін әйелмен» шатастырылып жатады. Үндемеген әйелдің жүгі жеңіл деген сөз емес, керісінше, ішке жиналып, ауырлай береді. Ал ішкі ауыртпалықтың ең қауіптісі – көзге көрінбейтіні. Ол бір күні шаршаулы болып, бір күні үнсіздікке, енді бір күні үміттің сөнуіне айналады. Мұны бір қарапайым оқиға арқылы аңғаруға болады.

Ауылда Айсұлу деген келіншек болды. Таң атпай тұрып, балаларын дайындап, үлкендердің шайын беріп, күндіз жұмысқа барып, кешке тағы сол тірліктің ортасына сүңгіп кететін. Ешқашан шағым айтпайтын. «Бәрі жақсы» деуден басқа сөз білмейтіндей еді. Бірде көршісі одан:

– Шаршамайсың ба? — деп сұрады. Айсұлу күліп қана:

– Әйел адам шаршадым демеу керек қой, — деді.

Бірақ бір күні ол үнсіз қалды. Көршісінің бір ғана «Шаршамайсың ба?» деген сұрағы оны терең ойландырды. Бұрынғыдай күлмейтін, бұрынғыдай асықпай әңгіме айтпайтын болды. Неге? Себебі, бұл оның ішкі жан-дүниесінің шаршауынан еді. Айсұлу оны мойындағысы келмесе де, ішкі әлемі оған қарсы келіп, шыдауына тосқауыл болды. Бәрінен өздігінен бастарта бастағанда оның жолдасы шынында да Айсұлудың қатты шаршағанын, бірақ оны ешқашан айтуға мүмкіндік болмағанын түсінді. Сол күннен бастап ол үй шаруасын бөлісіп, әйелінің халін сұрауды әдетке айналдырды. Айсұлу сол кезде ғана бұрынғы жүзін қайта тапқандай болды. Себебі оған көмектің өзі емес, түсініктің өзі демеу еді.

Бұл әңгіме көп әйелдің тағдырына ұқсас. Әйелге кейде үлкен сыйлық та, асқан ерлік те керек емес. Оған қажеті – жанындағы  серігінің «мен  бармын»,  «жалғыз  емессің» деп  сезіндіруі.

Сондықтан «Әйел көтермеген жүк қалды ма?» деген сұрақтың жауабын әйелдің өзінен емес, қоғамның өзінен іздеу керек. Әйелдің жүгін азайту – оның  адамдық  қадірін  тану. Ал бақытты отбасы  барлық  жауапкершілік өзара  бөлісілген  жерде  қалыптасады.

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: