Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қыз көңілі қайтсе көтеріледі?

07.05.2026, 6:40 28

Қыз көңілі кейде көктемгі күн райы сияқты. Бір сәтте күлімдеп тұрады, бір сәтте үнсіз қалады. Оны түсіну үшін үлкен философ болудың қажеті жоқ, тек байқампаз жүрек керек. Өйткені қыздың көңілі шынайы ықыластан жылынады. Бір ауыз жылы сөз, бір елеусіз  қамқорлық,  бір  дер кезінде байқалған  өзгеріс кейде  қымбат  сыйлықтан да бағалы болып кетеді. Адам  жанына ең әуелі елену керек. Әсіресе, қыз бала үшін елену деген – ішкі әлемінің назардан тыс қалмағанын сезіну. Шашын сәл өзгертіп келсе, біреу­дің байқап қойғаны қуантады. Үндемей қалса, «ренжіп қалдың ба?» деп емес, «шаршадың ба?» деп сұрағаны жылы тиеді. Жаңа көйлек кигені үшін ғана емес, көңіліне жарасатын қалпын көре білгені үшін қуанады. Өйткені әйел жүрегі өзін түсіндіруді емес, өзін түсінгенді ұнатады.

Кейде көңілді көтеретін нәрсе көзге тым қарапайым көрінеді. Терезе алдындағы гүл, жаңа алынған әдемі кесе, сөмкеден табылған сүйікті далап, шаштан аңқыған таныс иіссу, таңертеңгі тыныш шай, көшеде кездейсоқ естілген ескі ән. Мұның бәрі бір қарағанда ұсақ-түйек  секілді.

Әйел заты әдемілікке жақын келе­ді. Әдемілік оның көңілін ретке келтіреді. Үйдің жинақы тұрғаны, дастарқанның үйлесімі, гүлдің түсі, орамалдың жарасымы, сөздің сыпайылығы, қарым-қатынастың мәде­ниеті бәрі әсер етеді. Қыз көңілі әдемі нәрседен жай ғана ләззат алмайды, одан өзіне күш жинайды. Бір қызығы, қыздың көңілін кейде өзіне бөлінген аз ғана уақыт көтереді. Күні бойы өзгеге үлгеріп жүрген жанның өзі үшін тыныш отырып шай ішуі де – үлкен демалыс. Ешкімге жауап бермей, ешқайда асықпай, сүйікті әнін тыңдап, ойымен оңаша қалуы да – көңілге ем. Қыз-келіншектің өзіне қарауы еркелік емес. Бұл – оның ішкі тепе-теңдігін жоғалтпай жүруінің бір жолы.

Жылы сөздің де өз орны бар. Бірақ ол жаттанды мақтау болмауы керек. «Бүгін жүзің жарық екен», «өзіңді шаршатып алма», «мына ісің әдемі шығыпты», «сенің еңбегің көрініп тұр» деген қарапайым сөздердің өзі көңілге демеу болады. Кейде әйел адамға ұзақ ақыл емес, қысқа ғана шынайы сөз керек. Себе­бі әрдайым мықты болып жүрудің де адамға көрінбейтін салмағы бар. Сырласу да – қыз көңілінің бір тынысы. Құрбымен айтылған әңгіме, анамен болған сөйлесу, әпкенің ақылы, сіңлінің еркелігі, жақын адамның тыңдауы әйел жанына жеңілдік береді. Кейде шешім табылмаса да, ішіндегі сөзін айтып алған адамның көңілі орнына түседі. Сол үшін қыздар әлемінде әңгіме тек сөйлесу емес, жанды реттеп, ойды жинау, көңілді босату сияқты. Көңілдің көтерілуі әрдайым жай ғана жымиыспен өлшенбейді. Кейде қыздың көңілі тыныштықтан көтеріледі. Үйдің іші жайлы болса, ешкім асықтырмаса, телефон мазаламаса, кешкі шай асықпай ішілсе, жүрек өзінен өзі орнығады. Біздің қоғам қуа­нышты көбіне думанмен, қозғалыспен, көпшілікпен байланыстырады.  Ал  кейбір  әйел үшін ең үлкен қуаныш тыныш кеш, жұмсақ жарық, жылы үй, ертеңге алаңсыз ұйқы болуы  мүмкін.

Бағаланған еңбек те көңілді өсіреді. Дастарқан өзінен-өзі жайылмайды. Үй өзінен-өзі жиналмайды. Бала өзінен-өзі қаралмайды. Біреудің көңілі өзінен-өзі табылмайды. Оның бәрінің артында уақыт, күш, ниет, жауапкершілік жатыр. Әйелдің істегенін міндет көрмей, еңбек деп қабылдаған жерде оның көңілі де жабырқамайды. Бір ауыз «рақмет» – кейде шаршаған  жанға  үлкен  демеу.

Қыз көңілі үміттен де қуат алады. Алда бір жақсы күн бардай сезім, көптен күткен кездесу, жаңа жоспар, өзгеріске деген кішкентай қадам адамды сергітеді. Жаңа кітап бастау, шаш үлгісін өзгерту, өзіне бір әдемі зат алу, көптен ойда жүрген істі қолға алу көңілге қозғалыс береді. Әйелдің жүрегінде үміт сөнбесе, оның жанары да солғын тартпайды. Нәзіктік деген әлсіздік емес. Қыз көңілі нәзік болғанымен, жаны, қайраты мықты. Нәзік көңіл көп нәрсені терең сезеді. Сөздің астарын, көзқарастың салқынын, қарым-қатынастың өзгерісін, ықыластың шынайы не жасанды екенін тез байқайды. Сондықтан оны көтерудің ең дұрыс жолы жасандылық емес, адалдық дер едік. Қыз жүрегі әдемі сөзге алданып қалуы мүмкін,  бірақ  шынайы ниетті бәрібір бөлек таниды.

Кейде қыздың көңілін көтеру үшін ештеңе істеудің де қажеті жоқ сияқты көрінеді. Тек жанында болу жеткілікті. Тыңдау, түсіну, асықтырмау, салыстырмау, сезімін ұсақ көрмеу. «Осыған да ренжисің бе?» деген сөзден көңіл суиды. Ал «мен сені түсінемін» деген қарапайым сөздің өзінен жан жылынады. Әйел жүрегі өзін дәлелдеуден шаршайды, ал түсінген  жерде  қайтадан  гүлдейді.

Шын мәнінде, қыз көңілі үлкен нәрседен емес, үлкен ықыластан көтеріледі. Ол үшін аспандағы айды алып беру шарт емес. Кейде уақытында жазылған хабарлама, есте сақталған туған күн, байқалған шаршау, ұсынылған бір кесе шай, үнсіз қолдау да жетіп жатыр. Мәселе – сыйлықтың бағасында емес, көңілдің бағасында. «Қыз көңілі қайтсе көте­ріледі?» деген сұрақтың жауабы – осы. Ол еленгенде көтеріледі. Өзін ұмытпай, өзіне уақыт бөлгенде көтеріледі. Жылы сөз естігенде, әдемілік көргенде, еңбегі бағаланғанда, жанын түсінетін адам тапқанда көтеріледі. Ең бастысы, қыз көңілі шынайылықты сүйеді. Өйткені әйел жүрегі ұсақ нәрсенің ішінен де жылу таба алады. Сол жылуды жоғалтпаған жанның жүзі де жарық, сөзі де жұмсақ, өмірге қарасы да әдемі болады. Енді өз жақыныңыздың жанына барып, жылулық  беріп, көңілін  көтеріңіз!

Қасиет  БӨРІК

Фото: Канва

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: