Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шаттыққа толы шырша мерекесі

26.12.2025, 16:25 49

HALYQLINE.KZ

Бүгін А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қызылорда қаласы әкімінің бүлдіршіндерге арналған жаңажылдық шыршасы өтті. Ғажайып мереке «Сиқырлы Жаңа жыл» тақырыбында ұйымдастырылып, салтанат орны балақайлар үшін жаңалық пен жұмбаққа толы ертегілер мекеніне айналды. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі ресми ақпарат таратты.

Іс-шараға білім, өнер, спортта зор жетістіктерге жеткен балалар қатысты.

Жаңажылдық шырша салтанаты арнайы әзірленген қойылымымен басталды. Қызықты кешке жиналған балалар жаңажылдық шыршаның басты қонақтары – Аяз ата мен Ақшақарға өз өнерін көрсетіп, керемет сыйлықтарға ие болды.

Жаңа жыл мерекесі – балалар үшін ұмытылмас оқиға. Өйткені, олардың бақытты жүздерін, шынайы күлкілерін көруден артық ештеңе жоқ. Қуанышпен бөліскен қала әкімі Нұржан Ахатов балалармен бірге жаңажылдық шырша шамын жағып, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.

«Еліміздің жарқын болашағы да, ата-аналарыңның бақыты мен қуанышы да – өздеріңсіздер. Сондықтан да, әрқашан ата-аналарыңызды қуантыңыздар. Зерделі де зерек, білімді де білікті болыңыздар. Бүгінде жасампаз істердің барлығы Сіздердің келешектеріңіз үшін жасалуда. Келер жылда ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен ақ тілек-ниеттеріңіз орындалсын», — деп балаларға сыйлықтар табыстады.

Шаттыққа толы іс-шарада жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлері ғажайыпқа толы қойылымдар көрсетіп, балауса балғындарды көтеріңкі көңіл күйге бөледі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: