«Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық.
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық».
Ыбырай Алтынсариннің осы өлең жолдары көп нәрсені аңғартып тұрғандай.
Рас. Бүгінде бала түгілі үлкендердің өзі де кітапқа аса құмар емес. Өнер де, білім де оқу арқылы беріледі. десек те, мектептен кейін кітап көрмегендер де баршылық. Алайда кітаптан асқан қазына жоқ. Ал, бүгінде осы байлықтың бағасына жетіп жүрміз бе? Оны әркімнің өз еншісіне қалдырдық.
ҚҰНДЫЛЫҚҚА ТОЛЫ КІТАПҚА ҚҰМАРТЫП ЖҮРГЕНДЕР ЖОҚТЫҢ ҚАСЫ
Тақырып төңірегінде Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжастың да пікірін білген едік.
– Кітапхана – мәртебесі биік, киелі шаңырақ. Ал кітапханашы – сондағы ақпарат ағынын оқырманға жетелеуші, асыл мұраға толы кітапхананың бай қорын сақтаушы, насихаттаушы, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші. Өскелең ұрпақты кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеуге, олардың қызығушылығын арттыруға, талғамына, таңдауына, қажетті тақырыптарын тауып беруге, оқуға деген көзқарасын оятуға әрбір кітапханашы тікелей міндетті. Облыс көлемінде 209 мемлекеттік кітапхана халыққа қызмет көрсетіп отыр. Кітапханалардың жалпы кітап қоры қазіргі уақытта 4 млн 570 мыңға жуықтады. Облыс кітапханалары жылына шамамен 30 000-нан астам жаңа әдебиеттермен толықтырылып отырады. Оқырман саны да жылдан-жылға артып келеді. Өйткені, кітапханадағы ерекше атмосфера, оқырманға деген жайлылық, сөрелердегі түрлі бағыттағы кітаптар әлемі өз оқырманын кітапханаға еріксіз тартады. Кітапханаларда қазіргі уақытта 454 маман жұмыс істейді. Кітапхана саласында жүргізіліп отырған жұмыстар – кітапханашы мамандығының үлкен еңбегі, — дейді кітапхана директоры.
Жасыратыны жоқ, қазір екінің бірінің қолында смартфон телефон бар. Айналасында не болып жатқанымен шаруасы шамалы. Жас та, жасамыс та сонымен әуре. Ішіндегі көз арбар қызығына уақытын босқа сарп етуде. Ал, құндылыққа толы кітапқа құмартып жүргендер жоқтың қасы. Біз барлығына күйе жағудан аулақпыз, әрине. Бес саусақ бірдей еместігі бесенеден белгілі.
Әлқисса, сонымен әңгіме ауанын әріден бастайық. Бізге бағдар, ұлтқа үлгі тұтарлық ұлылардың басты бұлағы қайда? Олар кімнен дәріс алды? Қалай мұндай дәрежеге жетті? Ой елегінен өткізіп қарасаң, бәрінің бастауы білімде тұр. Шығыстың шежіресін, батыстың баспасөзін басына жастана жатып оқыды. Одан осал болған жоқ. Ойы озық, санасы сергек адамға айналды. Арғысы әл Фараби, бергісі Әбіш сөздің сөлін сығып, өмір өзегіне арқау ете білді. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген халық даналығын «көп оқығаннан сұра» деп өзгертсе, айып бола қоймас.
Еңбек ардагері Жаңаберген Сәденов «Бір жыл үзбей баспасөз оқыған адам төрт жыл жоғарғы оқу орнын бітіргенмен бірдей» деп еді. Анығы – осы.
Бүгінде кітапханашылар алдында үлкен міндет тұр. Ол – қоғам назарын кітапқа, кітапханаға аудару. Бұл ретте кітапхана қызметкерлері заман ағымынан қалмай, жаңа идеялар мен креативті жобаларды жүзеге асыруда.

ДИРЕКТОРДЫҢ ДЕРЕГІ
Директордың дерегінше, облыстық кітапханада республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы, 4 жалпы республикалық «KITAP time» фестивалі, Тәжібаев оқулары, сонымен қатар «Туған жер», «Оқитын ұлт», «Жанға жайлы жүздесулер» жобалары аясында көптеген қызықты кештер ұйымдастырылды. Кітапсүйер қауымнан құралған «Жас қалам» жас ақындар клубы мен «Кездесу» клубы аясында да қызықты іс-шаралар өткізіліп келеді. Өткен жылдан бастап 23 сәуірде Ұлттық кітап күні аталып өтуде. Ұйымдастырылған барлық кітап көрмесі, кештер, ойындар, сайыстар оқырмандар көңілінен шығып, қызығушылығын оятуда. Қазіргі жаһандану заманында ауыл тұрғындарының әлеуметтік және экономикалық белсенділігін арттыру мақсатында кітапханаларда түрлі жоба аясында жұмыстар жүргізіліп отыр. Кітапханаларда қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 180 жыл, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлінің туғанына 90 жыл, ақын Тұманбай Молдағалиевтың туғанына 90 жыл, халық ақыны Нартай Бекежановтың туғанына 135 жыл, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл, әзіл мен сатираның хас шебері, ақын Асқар Тоқмағамбетовтың туғанына 120 жыл толуына арналған мәдени-тағылымдық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Мамандардың айтуынша, ақпараттық технологиялардың дамуы қорды сақтау ісінде кітапханашыларға жаңа мүмкіндіктер ашты. Электронды іздеу, тіркеу жұмыстары оқырманға тез әрі сапалы қызмет көрсетуге өте тиімді, яғни кітапханаларда көптеген қызмет түрі электронды түрде де көрсетіледі. Қор сақталымын қамтамасыз ету, оны жетілдіру, қорға қолжетімділікті арттыру мақсатында «Кітапхана қорларын цифрлау» жобасы қолға алынған. Жоба аясында кітаптарды цифрландыру жұмысы қарқынды жүргізіліп отыр. Қазіргі уақытта облыс кітапханаларында 18304 құжат сандық форматқа көшірілді. Кітапханада электронды технологияларға негізделген жаңа қызмет түрлерімен бірге дәстүрлі кітапханалық қызмет көрсету қатар ұсынылады.
Кітап ешуақытта құндылығын жоғалтқан емес. Интернет болғанымен, негізгі ақпарат көзі – кітапта. Көп білгісі келген адам, ізденген адам көбіне кітаптың көмегіне жүгінеді. Қажетті мәліметтердің дұрыс та басым бөлігін кітаптан табады. Кітапханаға келген оқырман өзіне қажетті көркем әдебиет шығармаларын немесе мерзімді басылымдарды өзі таңдап, өзі қарап алуға барлық мүмкіндік жасалған.
Барлық аудандық, ауылдық кітапханаларда «Адал адам» мәдени-тәрбиелік орталық жанынан «Әлем BOOK» оқырмандар клубы құрылып, жоспар бойынша мәдени іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып отыр. Кітап оқу мәртебесін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау, жастардың көркем оқуға деген құштарлығын ояту мақсатында облыс кітапханаларында жыл бойы түрлі іс-шара өткізіліп келеді.
Атап айтқанда, республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы, «Кітап тайм» фестивальдері, әдеби кештер, оқырмандар конференциясы, дөңгелек үстелдер, кітап фестивалі, кітап тұсаукесерлері, кездесу кештері, кітап көрмелері, кітап акциялары жүйелі түрде ұйымдастырылады. Жыл басынан бері барлығы 8144 мәдени іс-шара өткізіліп, оған 189104 адам қамтылды. Бұл жыл көлемінде оқырман қызығушылығының артқанын көрсетеді.

ШАММЕН КІТАП ОҚЫҒАНДАР НЕ ДЕЙДІ?
– Көп оқыған көзге зиян келтірмейді. Қайта көру қабілетін арттырып, мидың ішкі қантамырларының жұмысын жақсартады. Мен көбіне кітап дүкендерін аралап, өзіме қажеттілерін сатып аламын. Кейде орталық кітапханадан жаздыртып та оқимын. Кейбір кезде түн ортасына дейін кітап оқып, таңертең ерте оянамын. Соған қарағанда кітаптың адам ағзасына тигізер оң әсері болғаны ғой деп есептеймін. Әр кітапты оқыған сайын әлемді әр қырынан танығандаймын. Жастар кітапханаға бармайды деп жатады. Мен өзім кітапханашы болғандықтан, бұл пікірмен мүлде келіспеймін. Керісінше жастар қазіргі уақытта қазақ әдебиетінің классиктерін және шетел әдебиетінің жауһарларын көптеп оқиды. Кітапқұмар жастардың енді бір тобы мотивациялық еңбектерге әуес. Сонымен қатар, заман талабына орай кітаптардың электрондық нұсқасы да оқырмандарға жол тартты. Бұл – кітапқа қолжетімділік. Оның пайдасы кез келген жерде жүріп-ақ қажетті шығарманы смартфонға жүктеп алып оқуға мүмкіндік береді. Кітап – ақылды қуаттандыратын құрал. Сондықтан оқуға көп көңіл бөліп, ішкі рухани жан дүниемізді жұтаңдатып алмауымыз абзал. Шынын айту керек, кейбір замандасымыз оқуға уақыттың жоқтығын себеп қылып жатады. Мәселен, жарық жоқ кезде білте шаммен кітап оқыған бабаларымыздың өмірі өнеге емес пе? — дейді Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының негізгі қорларды сақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлдерайым Қосназарова.
СҮБЕЛІ СӨЗ – ТӨЛ ӘДЕБИЕТТЕ
Расымен де, тың ой, сүбелі сөз төл туындыларымызда сақтаулы. Әдеби шығарманың адамға берер тағылымы терең. Сондай-ақ, тағы бір атап өтерлігі, ойландыратын, жанға тыныштық және үйлесім сыйлай алатын кітаптардың шығуы да – маңызды дүние. Кітапты талғап оқудың да орны ерекше екендігін мамандар ұдайы айтып келеді. Оқығанды түйсіну, санаға сақтау, алған әсеріңді өмір жолыңа бағдар ете білу де керек. Бұл да – өнер. Адам есейген сайын жас ерекшелігіне сай талғамы да өзгеріске ұшырап отырады. Әрбір жасқа лайықты кітаптар да көптеп шығуда. Естуімше ілгеріде кітап құны арзан әрі мұқабасы сапалы болған екен. Сосын жазушыға барынша жағдай жасалады. Бұл бұрынғының бағдары болатын. Алайда бүгінде басылымның да, автордың да ахуалы мүлдем бөлек. Жасыратыны жоқ, қазір кімнің қалтасында қаржысы бар, сол кітап шығара беретін жағдайға жетті. Осыған да арнайы бақылау тобы құрылғаны тиімді сыңайлы. Бұл да жазу стиліндегі жүйелілікті жолға қояды. «Өз бойымдағы барлық ізгі қасиеттерім үшін кітапқа қарыздармын» деген Максим Горькийдің сөзі бар. Міне, осы арқылы өскелең ұрпаққа кітаптың қадір-қасиетін, ұлылығын ұғындыруға болады. «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп ұлы ойшыл хакім Абай айтқан сөздің астарында аласармас ақиқат жатыр. Адам өмірінде ең маңыздысы – ілім алу, білім жетілдіру. Ал бұл жолда үлес қосатын әрине, кітап. Кітаптың әр парағы адамның әр күніне темірқазық іспетті жол нұсқап тұрады.
БАЛАБАҚША ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРІН КІТАПХАНА ІС-ШАРАСЫНА ҚАТЫСТЫРУ – БОЛАШАҚҚА ИНВЕСТИЦИЯ
Тақырып аясында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Қаршыға Есімсейітованың да ойын білген едік.
– Қысқаша ғана айтып өтейін. Ең алдымен сарқылмас қазынаның ортасында отырған кітапханашыларды төл мерекелерімен құттықтаймын. «Артық білім кітапта, Ерінбей оқып көруге» деп хакім Абай атамыз айтқандай, шын мәнінде кітап үлкен қазынаның, тарихтың, ұлттық мұраның ортасы деп білемін. Өйткені, кітапханада қаншама мыңдаған кітап болса, соншама тағдырдың, оның авторларының еңбегі бар. Міне, соны өздерінің көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан кітапханашылардың еңбегі орасан. Оқырман мен кітапхана арасын жалғап отырған да – осы қасиетті қызметтің иелері. Әлемді билеген даңқы шыққан Әмір-Темірдің немересі данышпан Ұлықбек артына мынандай сөз қалдырған дейді. «Ей, келер ұрпақ, сендер біздің елге, халыққа жасаған қызметімізді, игі істерімізді жолдардан немесе мазарлардан іздемеңдер. Оны сендер қолжазбалар мен кітаптардан іздеңдер» деген екен. Сондықтан да ұрпақты тәрбиелейтін де, оны келешекке нық сеніммен алға бастыратын да – осы кітаптың ішіндегі дүниелер. Кітапхана керемет бір тыныштықта мүлгіп тұрса да, адамның ойына, санасына ұялататын үлкен білім ордасы екендігін әрбір жас, әрбір адамзат баласы сезінсе, бұл дүниеде жақсылық, адамгершілік, ұлттың биіктігі көрінер еді деп ойлаймын. «Кітап – өмір серігі. Кітапты сүймеген адам Құдайды да сүймейді. Бір кем дүние» деген екен Шерхан Мұртаза. Әрине кітапханашылар – сол бір қасиетті руханият ордасын қорғаушы, соның сақшылары сияқты. Екі ортадағы дәнекер деп білемін. Сондықтан кітапханашылардың еңбегін әркім де бағалау керек. Кітап авторларының суреттерін кітапхананың екінші қабатына іліп қойдық. Келіп жатқан оқырмандар өздеріне қажетті кітаптарын алып сусындайды. Ал, сол кітапты жазған, қаншама маңдай терін төккен авторларды, қасында жүрген ақын, жазушыларды, Сыр бойынан өніп-өскен қаламгерлерді білмей қалуы да мүмкін. Сондықтан да әрқашан кітап авторларын, жергілікті қаламгерлердің шығармаларын насихаттау кітапханашылардың міндеті деп білемін. Олар да аянып жатқан жоқ. Апта сайын түрлі іс-шара өткізіп келеді. Балабақша тәрбиеленушілеріне дейін кітапхана іс-шарасына қатыстыруы – бұл болашаққа деп жасап жатқан үлкен инвестиция, — дейді ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ
Асыл дүниені жастанып, оның тұңғиық терең әлеміне еніп, өзін сондағы кейіпкер сезінетіндер де кездесіп жатады. Қайда барса да, қолынан кітабын тастамай қолдорбасына салып жүріп оқитын шопан жайлы бірде естіп таңырқағанымыз бар. Дегенмен, сол арқылы оның ішкі дүниесі айнадай жарқырап жатқанын сырт көз біле бермесі анық. Мамандығы басқа болса да, проза, поэзия жанрын іздеп жүріп оқитын оқырмандарға сүйсіне қарайсың. Бір шығарманы бірнеше мәрте қайталап оқып жатқандар да кездеседі. Бұл – кітаптың өзіне баурап алатын шексіз құдіреттілігінің белгісі.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!