Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
С.Торайғыров
Шұғыланы жер бетіне жарық таратып, шуаққа бөлейтін жарық нұр десек, Абай Құнанбайұлын өлең өлкесінің сәулесіне балаймын. Ол сөз өнері арқылы қазақ халқын, талапты жастарын өнерге, білімге, адамдық пен адалдыққа, жақсы мен жаманды ажырата білуге шақырды. Өзі өмір сүрген ортадағы жағымсыз қылықтарды әшкерелеп, тура жолды нұсқады. Бұл орайда ақынның бар үміті көкірегі сезімді, тілі орамды жастарда болатын.
Ақын өлеңдері көпшіліктің жүрегінен орын алып, кейбірі қанатты сөзге айналды. Менің де оқып, білім алуыма, ата-анамның, елімнің үмітін ақтауыма Абай Құнанбайұлының өлеңдерінде айтылған ойлар жігер беріп, қанаттандырады. Мысалы:
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс көнсеңіз,-
деуі арқылы мақсатқа жету жолындағы қажетті және қажетсіз қасиеттерді санамалап көрсетіп береді. Осы сөзді көңіліне тоқыған адам өзіне де, еліне де үлкен пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Қазақстанның береке-бірлігінің нығаюы, өркениетті елге айналуында Абай шығармалары даналықтың бастауындай. Ұлы ойшылдың он сегізінші сөзіндегі: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген ойы бұл күнде өз маңызын жойған жоқ. Саналы сезім, білім, мінездің көркемдігін адамды парасат биігіне адастырмай апаратын сатылар деп ұғады. Абай атамыздың ақындық әлемінің өміршеңдігі де осында.
Сөзімді түйіндей келе, Абай – халықты қараңғылық тұңғиығынан алып шығатын өлеңдері арқылы әр адамның бойына қуат бітірген, мағыналы ғұмыр кешудің жолын көрсеткен кемеңгер ақын. Ақын өлеңдерінің темірқазығы – «толық адам» болу. Абай атамыз әрбір адамның ақылды, өнерлі, білімді, еңбекқор, қанағатшыл, адал, әділ, қайратты, жылы жүректі болғанын армандады. Қайрат, ақыл, жүректі бірдей ұстасақ, мына өмірге кірпіш болып қалана аламыз. Менің де мақсатым – ардақты адам болу!
Білім – жалпыадамзаттық құндылық
Білім – адам санасы мен жан дүниесін және байтақ әлемді нұрға бөлейтін шамшырақ. Оның сәулесі алысқа тарап, адамзатты даңғыл жолға бастайды. Білімге ұмтылу – әр адам үшін құндылық, ал оның нәтижесі – қоғам үшін игілік.
Білімге ден қойған кісінің танымы терең, мақсаты айқын, болашағы жарқын болады. Неге десеңіз, білім жарығы оның көкірек көзін ашып, ғаламның ғажап сырларын тануға жетелейді. Білім теңізінен маржан теру адамнан қабілеттілікті, қайратты, үздіксіз ізденісті, таудай талапты қажет етеді. Әйтпесе, «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні қаріп» екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Біліммен биік белестерді бағындыруға болады десек, онда үздіксіз ізденіс пен қажыр керек. Бұл ойыма қазақ ғалымы Қ.Сәтбаевтың мына сөзі ұтымды дәлел бола алады: «…біліміңді еңбек пен өмірдің өзінде шыңдап отыр! Сонда ғана білім деп аталатын асыл тас ешқашан тот баспастан жалтырай да жарқырай береді». Иә, білімді адам үшін алынбайтын қамал, өтпес өткел жоқ.
Елімізде білімге құштар жастарға қамқорлық, қолдау көрсетілетіні әмбеге аян. Меніңше, жастар өз кезегінде мұндай мүмкіндікті пайдалану керек. Білім алуға бағытталған «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы арқасында қаншама жас әлемдік үздік университеттерде білім алуда, өзге ел мәдениетімен танысып, озық тәжірибелерін игеруде. Осы орайда М.Әуезовтің: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деп асқан көрегендікпен айтқан сөзіне еріксіз көз жеткізесің. Қазіргі уақытта түрлі бағдарламадан білім шыңын бағындырған тұлғалармен болатын сұхбат менің де білім алу жолымда дұрыс қадамдар жасауыма септігін тигізетінін жасырмаймын. Сондықтан өзгемен терезем тең болсын десең, оқу керек, білім арқылы адамзаттық құндылықтарға ие болу керек.
Ал білімсіз адамның болашағы бұлыңғыр. Біріншіден, білімсіз ешбір мақсатқа жету мүмкін емес. Екіншіден, таным көкжиегі тар, өресі төмен болады. Оған не себеп? Абай ақын айтқан күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын ой кеселдері ме әлде тұрмыстық жағдай ма? Сонда бұл тығырықтан шығар жол қайсы? Менің ойымша, білім алу үшін ешбір сылтау болмауы тиіс. Білімсіздіктен арылып, білімділікке ұмтылу ауадай қажет. Өйткені, білім – күш, білім – болашақ, білім – мағыналы өмір, адастырмас жарық нұр.
Сөзімді түйіндей келе, білімді болу әр адамның өз қолында. Ата дәулетіне сеніп, салғырттыққа салынып, білімнен қол үзу әсте жарамас. Бүгінгі ұрпақ жылдам дамыған заманда жұтылып кетпес үшін, білімнің маңызын жете түсінсе, нұр үстіне нұр. Білімнің қуаты адамға да, қоғамға да зор табыс әкеледі, қараңғыны жарық, жарықты мәңгілік етеді.
Жанеля СЕЙІЛХАН,
Абай атындағы №138 орта мектептің
11 «А» сынып оқушысы.
Қызылорда қаласы,
Абай ауылы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!