Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әке деген кім?

18.09.2025, 10:00 209

Әке  деген – ереже.  Әке  деген – өнеге.  Әке  деген – қалып.

Әке ұлына да, қызына да қарсы жыныспен қарым-қатынас құруды үйретеді. Қыз әкесімен қалай араласса, өскенде ер адамдармен солай араласатын болады. Ол әкесімен қарым-қатынас құруға жаттығады десек те болады. Қыздың бейсанасында әкесі – ер адамның мысалы болып сақталады. Егер ол әкем маған ұнамайды, мына қылығы жаман, мұндай адамға тұрмысқа шықпаймын десе де, ол бейсаналы түрде әкесіндей адамды таңдайды. Тура сондай азаматқа күйеуге шығады! Бәлкім, сол азамат бетперде киген әкесінің көшірмесіндей болмақ. Кез келген жігіт ертең сол қызбен өзін тура әкесіндей ұстайтын болады. Егер әкесі тым қатал болса, қыз дәл сондай талапшыл, қатал күйеуге тиеді. Тіпті мінезі жұмсақ жігіттің өзі ертең оған қатал бола бастайды. Парадокс десеңіз де солай.

Әкесі  анасына  қандай  қарым-қатынас  ұстанса, ұлы да солай істейді. Егер әкесі анасының сөзін құлаққа ілмесе, баласы да ертең әйелдің көз жасына немқұрайды болады. Перзент ретінде тек анасына жаны ашып, анасын ғана жақсы көретін болады. Ұл ретінде анасының мақтанышы болуға барын салады. Есесіне басқа әйелдерге тас керең боп қала­ды. Оңай емес. Әкеден ұлға күш-қуат пен осалдық мұра болады. Егер әкесі отбасын қорғай алатындай мықты емесін көріп өссе, ұл әкесін жек көреді. Одан күшті, мықты болуға барын салады. Мұндайды бастан кешкен жас жігіттің ойына ненің келіп, ненің кетерін бір Құдай ғана білер. Оның күш-қуаты қайдан шығарын танып-білу қиындау. Сол күш-қуатты нендей арнаға бұрарын да бағамдау мүмкін емес. Кейбірі оң бағыт таңдаса, кейбірі теріс бағытты таңдап алады. Менің әкем мықты деген ұлдар өзін қорғаным бар деп сенімді, сабырлы сезінеді. Оған өзін көрсетіп, әуре болу­дың қажеті шама­лы. Дайын өнеге сіңіп қалады. Сондық­тан жігіттер­мен де, қыз­дармен де қарым-­қатынас құруы оп-оңай. Тіпті бөгде ғаламшарлықтармен де сөйлесіп кете береді. Бұл – әйел затына ескертпе! Күйеулеріңе өз күш-қуаты мен ақы­лын көрсетуге мүмкіндік тудырып отырыңдар! Сонда  балалары  менің  әкемнің   қолынан   бәрі  келеді  деп  өседі.

Әкенің теріс өнегесі туралы үш мысалды атап өтелік.

Оқиға: Егер әкесі баласын ренжітіп, өкпелете берсе, баласын тыңдамаса, баласының айтылмаған сыры, жылай алмаған сәттері көп болса, әкесі қатал болып,  ұрып,  соқса, қатыгездік танытса.

Бала үшін салдары: Қыз бала бойжетіп, өзіне тура әкесінен артық  қаталдық, қатыгездік көрсететін адамды таңдайды. Мұндай  әйелдің өмірінің мәні: «кім қалай ренжіткені, айнала толған әділетсіздік, жақсы еркек жоқ» дегенге саяды. Әкенің қарым-қатына­сы кейде бас­тықпен қарым-қаты­насқа да көшетінін білетін бе едіңіз? Егер әкесі ренжіте берсе, мұндай бала өсе келе жақсы бастыққа жарымай өтеді. Сондай бір танысым бар, қайда жұмыс істесе де, бастықтары оңбаған. Өзінің өміріндегі «дерттерін» жақсы біледі, соны әзілге де айналд­ы­рады. Өкпешіл бала өскенде керемет әзілкешке айналады. Күлкі – жан дертін жасыратын қару. Өкпешіл баладан мықты сатириктер, жазушылар  шығады. Бала күнгі жан жарасынан солай өсіп шығады.

Қатал әкенің баласы кейін өзі де елді ренжіткіш боп алады, не ренжітуге қатты қорқып, шешуші сәтте ылғи жоқ боп кетіп, елдің бәрін әбігерге салғанды жақсы көретін болады. Керек болса, өзі біліп алсын дегіштер. Көбіне олардың болмысы қақ жарылып тұрады: мейірімді әрі зұлым. Неге бұлай, яки басқаша болғанын көбіне өзі де айтып түсіндіре алмайды.

Оқиға: Егер әкесі көңіл күйін елге көрсете бермейтін адам болса, баласына жақсы көретінін айтпаса, баламен бала болып ойнамаса, әке болып қор­ғамаса.

Бала үшін салдары: Қызы өскен соң өзін сүймейтін жігіттерге, не жұрттың күйеуіне ғашық болғыш болады. Оның махаббаттағы таңдауы – сүйіспеншілікке тәуелділік. Үндемес әкенің қызы жігіттің соңынан өзі жүгіреді. Қыр соңынан қалмайды. Жігіт мақұл деген кезде сезімі өшіп қалады. Желге ұшып кеткендей.

Ал, ұл бала үшін мықтысың деген сөздің синонимі көңіл күйін тығып ұстау, сыр алдырмау боп алады. «Сені сүйем» деп айту өліммен тең, жеңіліп қалғандай күй кешуі ықтимал. Ішінде үнемі екі ой арпалысып жатады: жүрегі сұлу, ақжарқын әйелге бұрып тұрса да, ақылы үндемейтін, көңіл күйін көрсете бермейтін немқұрайды әйелдерді таңдап тұрады. Махаббат­тан қатты қорқады. Ғашық болса, мейлінше ешкімге айтпай, жасыр­ып ұстайды. Уақытты созып, сезімі өшіп қалғанша үндемей өтуі мүмкін. Содан кейін қайтып қалыпқа түсіп, адам сияқты бола бастайды.

Оқиға: Балалары әкесін сирек көретін болса немесе жексенбілік әкенің балалары. Әкесінің басқа отбасы бар. Яки ол сыртта біреумен махаббат құрып жүрді делік. Ол үнемі баланың қасында бола бермейді, бірақ бала үшін ол – мереке. Балаға бір көрген сәтте  көп  эмоция  сыйлайтын  әке.

Бала үшін салдары: Мұндай отбасының қыздары ұзақ жылға көңілдес болуға келісе береді. Мұндай қыздар қашықтықтағы қарым-қатынастарға бе­йім, анда-санда кездесуге дайын. Елдің бәрі теңізге кететін теңізшіні күтпейтіні белгілі. Сондықтан егер әкесінің көңілдесі барын біліп өссе, қыз үшін ер адамның полигамды болмысы – қалыпты дүние. Кей тұста мұндай әкені өзі ақтап алады. Мұндай тақырыпқа еркін қалжыңдай береді. Ал, шын мәнінде еркектің анасымен байланысы бала күннен дұрыс бағытқа қойылмаса, ол көңілдеске мұқтаж бола бермек. Немесе ата-ана ретінде бала білуге тиіс дүние­ні дұрыс шектей алмаудан өз баласының санасына зия­нын тигізеді. Мұндай әкенің түйткілі анасының рөлін атқара беретін әйелге үйленуін­де. Сол әйелмен жүріп есейіп, ақыры дұрыс сезімге өсіп жетуі. Басқа әйел­ге ғашық болуы. Сосын басталады, мынаны да қимайды, ананы да қимайды. Бірақ  екеуін екі түрлі  жақсы  көреді.

Көңілдес болу – кездейсоқтық емес. Өзін төмен бағалайтын немесе еркек­тің қолдауынсыз қалуға қорқатын әйелдер ғана мұндайға келіседі. Егер әкесі шеше­сін жақсы көрмесе, тек бала үшін отбасын сақтап қалса, шешесі қызымен жарысып әкесінің махаббатына таласады. Қызы автоматты түрде шешесімен  бәсекеге  түседі. Мұндай қыз бала күннен  өзге  әйелдермен таласып үйренеді. Өскенде жарыспаса тұра алмайтын боп қалады. Күйеуге шықса, күйеуін көлеңкесінен қызғанып әуреге түседі. Егер біреумен ұстап алса, өмір  алуан  түске  бояла  салады.

Ал, ұлдар  басқаша.  Әке  жетіспеді, мен жақсы әке болам деуі мүмкін. Дегенмен, отбасын  кеш  құрады. Отбасы қандай болуы тиіс екенін біл­мегендіктен  кешеуілдейді.  Жаманы: ол әкесінің  өмірін   көшіріп  алуы мүмкін, екі отбасын қатар асырап. Яки қарым-қатынасты ойыншық деп қабыл­дап,  үйленбей  қап  кетуі  де  мүмкін.

Айтпақшы

Әкесінің сүйікті қыздарында еш түйткіл болмауы керек сияқтанады. Бірақ көбіне мұндай әкесінің қыздары шешесінің ұлдарын таңдап жатады. Олар бір-бірін толықтырады. Сәл уақыттан кейін екеуара ұрыс басталады. «Сен  мұндайсың»,  «сен  сондайсың»…

Неге?  Себебі,  жігітке  қыздың  бойындағы  (оның анасында бар еді) нәзіктік жетіспейді, қызға жігіттің бойындағы (әкесіндегідей) батыл­дық жетіспейді. Ақырында – ажырасу. Ең дұрысы, қыз – ананың  еркесі, ұл  әкенің  жекеменшігі  болғаны  абзал.

Зореслав  Черсак

Аударған  Шынар  ӘБІЛДА

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: