МЕНІҢ БАБАЛАРЫМ
Атам қазақ тарихын жөн білгенің,
Кешкен қилы заманның сан дүрмегін.
Батыс, Шығыс білетін болады енді,
Менің бабам жамбы атып, теңге ілгенін.
Қызықпаған халықпыз бақырыңа,
Құрметі асқан күйшісі… ақынына.
Оңайлықпен бермейді қарсыласқа,
Басып алған көкпарын тақымына.
Тәуелсіздік болатын іште арманы,
Ақиқатқа айналды,
түс – қалғаны.
Шетелдікті шектен тыс таң қалдырды,
Құмай тазы жүгіртіп, құс салғаны.
Сабасында сапырып бал қымызын,
Қонағына арнаған бар қызығын.
Ел ішінде бір тентек жүрмей ме деп,
Еркелеткен халықпыз ал «бұзығын».
Аламанда артта қап шаң жұтпаған,
Ар-намысын бір сәтке қалғытпаған.
Жылатпаған жетімін бабаларым,
Жесірлерін ешқайда қаңғытпаған.
Нағашымен, жиенмен жорта ойнаған,
Жігіттері марғасқа,
мәрт айналам.
Еңкейгенге шалқаймай,
шалқайғанға.
Ел-жұртпыз біз ешқашан шалқаймаған.
Үлкен тұрып кішісі сөйлемеген,
Жазықсызды найзасы түйремеген.
Бұл даланың баянын бабамыздың,
Тұлпарының тұяғы бейнелеген.
Ертелі-кеш түспейтін қазаны оттан,
Тайсалмаған тап осы Қазақ оқтан.
Аққу мойын, күпшек сан арғымағын,
Кем көрмепті бабамыз Азаматтан.
Желаяғым жетеді, Толағайым,
Жеңісіме сен де ортақ бол, ағайын!
Тоғызқұмалақ ойнаса талай рет,
Топ жарыпты данышпан ал, Абайым.
…Төбесінде Ай жүзіп, Күн күліпті,
Батырларын, билерін жыр қылыпты.
Керек болса кесімін дұшпанына,
Бір-ақ шауып қылышпен білдіріпті.
САДАҚШЫ
…Үйеңкі садақ жебесін,
Алты қырдан асырған,
Жеті қырға жеткізген.
Қақыратып көбесін,
Ақ сауыттан өткізген,
Баяғы батыр бабасындай.
Жауының жанын қуырып,
Адырнасын аңыратқан,
Сары жебесін суырып,
Атаңа нәлет дұшпанға,
Сары масадай жамыратқан.
Атасы қазақ сияқты,
Садақшы жігіт шіреніп,
Бабасы құсап баяғы,
Бет-жүзі бұлттай түнеріп,
Талтайып тұрды аяғы.
Қорамсақ толы сары жебе,
Құлаштай тартып бітірді ол.
Шыңылдап оқтай сол жебе,
Садақтан ұшты бүкір бел.
Ауаны тіліп тұп-тұнық,
Жеріне жетті жебесі.
Сүйсінген халық тік тұрып:
— Құралайды көзге атқан, — деді — осы!
Үмітті үрлеп бұл қанша,
Жебесін атқан жаңағы.
Көзімді ашып-жұмғанша,
Ондыққа тура қадады.
…Осы сәт ел-жұрт шат қандай,
Мұны айтам қайтіп сөзбенен?!
Жебесін бағзы сақтардай,
Тигізді бұрын өзгеден.
АРҚАН ТАРТУ
…Көп ішінен сөгіліп,
Шықты жастар нар тұлға.
Екі жаққа бөлініп,
Кірісті арқан тартуға.
Алақанға түкіріп,
Аянбайды жігіттер.
Бірін-бірі жыпырып,
Бара жатыр үміткер.
Асыра алмай амалын,
Көздерін тер қамайды.
Қара жерге табанын,
Күшеніп бір қадайды.
Өшкеніне өкпесі,
Қарамайды төске ұрып.
Ала арқанда бопты есі,
Екі жақтың кешкілік.
Қызыққа бұл кенелген,
Шулайды жұрт тұс-тұстан.
— Тарт алға! —
деп берер дем,
Екі жаққа күш қысқан.
Мәреге әлгі арқаны,
Қалған кезде қарыс тым.
Кідіріссіз тартады,
Күшіменен намыстың.
Болды арқанға әне, еге!
Қарсыласын лақтай.
Келді сүйреп мәреге,
Қас қаққанша шыдатпай.
Қарашы бұл қызықты,
Тартысқа құр түскен жоқ.
Кесіп өтті сызықты,
Намысы әне, үстем жақ.
БӘЙГЕ
Бәйгеге құлынынан жараған ба?!
Күреңін қосты досым аламанға.
«Уай!» десіп делебесі қозған қазақ,
Шулайды мына маңда… ана маңда…
Дүбірі болат тұяқ қыздырып қан,
Хас жүйрік алға қарай үзді шыққан.
Шаң жұтқан шабдар аттың иесінің,
Қабағы қалыпты аумай күзгі бұлттан.
Даланың құлағында есті желі,
Өзінде жоқ шабандоз еш жүрегі.
Парылдап қос танауы қыр астында,
Қосады шаңға шаңды дос күреңі.
Осы ғой ерен жүйрік елден бөлек,
Шабысы Шалқұйрықтай көргенде ерек.
Бір уыс шабандоздың жанарында,
Барады аспан аунап, жер дөңгелеп…
Күреңді көз ұшында көрді халық,
Келеді құстай ұшып, желді жарып.
Жүйріктің аты жүйрік жұлдызша аққан,
Артында кетті көбі енді қалып.
…Көрінді бір кез бәйге көмбесі алдан,
Көмбеге жетті жүйрік өрге салған.
Қазақпыз озғанды да күндейтұғын,
Қалғанды жерден алып, жерге салған.
КӨКПАР
Көкпар орыны тұрақты –
Қазандыққа үймелеп.
Бір кездері кіл атты,
Кірді ортаға кимелеп.
Шыдар ма екен ат белі,
Тартысқанда екеуі.
Ең қызықты сәттері,
Бұл көкпардың жетеді.
Жығылмайды ат бірақ,
Солқылдайды жер тегі.
Екеуара тартқылап,
Жатыр байғұс серкені.
Ел көріп тұр ептіні,
Тұяқ төпеп тегісті.
Қолдан берер жоқ түрі,
Екеуі де жеңісті.
Көк серкеге төнді кеп,
Асқан күші жас жігіт.
Кетті лезде сом білек,
Қарсыласын тықсырып.
Үстінде жұрт тілеуі,
Ақ шаңдақты ат кешкен.
Айырылғанда біреуі,
Көргендер «қап, қап» дескен.
Болды мықты ол тегі,
Жолатпастан басқаны,
Қазандыққа серкені,
Дүрс еткізіп тастады.
Жүрегінің түбінде,
Осал емес от бары.
Жаса, ертең, бүгін де,
Қазағымның көкпары!
ТЕҢГЕ ІЛУ
Ұшқан құстай жүйріктің,
Пай, пай, қара, шабысын!
Қара бала құйғытты,
Қолдан бермей намысын.
Ат үстінен жолдағы,
Алмақ іліп теңгені.
Қарап тұрған сондағы,
Өзеуретті өңгені.
Болса дағы жас тіптен,
Қарай гөрші ептісін.
Бұл ойынға бәс тіккен,
Таңырқатты көпті шын.
Ешкімге дес бермеген,
Нағыз дала жігіті.
Жерде жатқан теңгеден,
Бар оның да үміті.
Қас қағымда таң қылып,
Шығыс пенен Батысты,
Сөлкебайды алды іліп,
Шапқан бойда ат үсті.
Көз ілеспес қимылын,
Барыс десе болғандай.
Бабасының аруағы,
Бойына кеп қонғандай.
ТӘЖІ БАЛУАН
Басатұғын мысыңды,
Бар-ау пірі алыптың.
Талай жерге күшіңді,
Көз тіріңде таныттың.
Ел үмітін ақтадың,
Бермей қолдан жеңісті.
Алып ұрып аттадың,
Атан жілік орысты.
Ат шаптырған тойыңда,
Балуан ата түрегел!
Беларықтың бойында,
Белдескенін біледі ел.
Шықпапты сол күн естен,
Алла қуат сыйлаған.
Қайтыпты озып күрестен,
Қарақалпақ, Хиуадан.
Ақ сауытты бабасы,
Аруағы ма, берген күш.
Ел жадына шамасы,
Хан балуанын жеңген тұс.
Жібергенде өткенге ой,
Уақытқа жүгініп.
Ол белдессе кеткендей,
Жердің белі бүгіліп.
Күш атасын танымас,
Сенем оты барларға.
Ел ішінен тағы жас,
Мықты шықса, таң қалма.
Құр малданған даңқыңды,
Есер ұрпақ болмасын.
Қысылғанда халқымды,
Қайрат-күшің қолдасын.
ЖАЯУ ЖАРЫС
…Құлпырған көктем кезі дала тіптен,
Жарысып жүгіруші ек бала біткен.
— Кім озып келеді? — деп қолсағатын,
Бәйгеге Ербозымдай аға тіккен.
Ағамыз жел бітірді желіккенге,
Кетіппін топ балаға еріп мен де.
Танауды тартып қойып күс табан кіл,
Жүгірдік желді жарып, керіп кеуде.
…Сөре алыс.
Әлі қай-да, сөз етпеңіз,
Намысқой, өрен жүйрік, өжет те біз.
Көшесін Көнебөген шаңға бөлеп,
Жүгірген жалаңаяқ боз өкпеміз.
Көргенде құстай самғап бәрі ұшқанын,
Алдағы топ баладан қалыспадым.
— Өй, ынжық, мәре жақын!
…құлағыма
жетеді жігер берген алыстан үн…
— Қай жерде топқа салса, бірінші бол!!!
Малшынып моншақ термен түрім түгел,
Мәреге топтан озып келген маған,
Сыйлады қолсағатын сүйіншіге ол.
Бәйгенің алуан түрін тосты алда күн,
Есігін көп кешікпей ашты арманым.
Сол жаяу жарыстан соң енді білдім,
Мен үшін шын бәйгенің басталғанын.
АСЫҚ АТУ ОЙЫНЫ
Ай мүйізді арқардан,
Қой бастаған қошқардан,
Алынған бұл асығым…
Қазақтың ауызекі өлеңі.
…Түбекте ел.
Түстің мезгілі.
Аптап жаз тұрған айлап бұл.
Төбемде тамыз жез күні,
Төменде топырақ қайнап тұр.
Түседі сол шақ ойыма,
Кетсе де қырдан тіпті асып.
Бір қатар сызық бойына,
Бес-алты бала тікті асық.
Тәртібі ойын күшінде,
Ұтады бала бұйырған.
Өзім де бармын ішінде,
Сақамды жиі шиырған.
Он үште осы бозөкпең,
Ойыннан басқа сезбейміз.
Асықты тіккен кезекпен,
Бір көзді жұмып көздейміз.
Кезегім келді соңында,
Жан-жағым күтіп тұр әрең.
Болатын менің қолымда,
Боялған сақам қынамен.
— Ойынды бұзған оңбасын!
Қабағын түйіп Мұрат тұр.
Өзегіне құйдым қорғасын,
Сақа емес алтын бірақ бұл.
Шалбарға сүйкеп сақаны,
Жібердім атып мергендей.
Тігілген асық қатары,
Тұс-тұсқа ұшты ербеңдей.
Алшы да түсер, бүк түсер,
Асықты ұтқан алады.
Қирады асық түп-түгел,
Сияқты жаудың қамалы.
Көлеңке қайда саялы,
Көйлегім терден малмандай.
Мәз болып тұрдым баяғы,
Берлинді өзім алғандай.
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Арал қаласы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!