Менің атам Айжарық Сәдібекұлы – қарапайым отбасында туып-өсіп, десе де, бүкіл өмірін шындық пен әділдікті жазуға арнаған, елге белгілі журналист, жазушы, публицист болған кісі.
Атам жай ғана қаламгер емес еді. Ол өз туған жерін жан-тәнімен сүйген, халқының тағдырына алаңдайтын шыншыл адам болатын. Бала күнімізде бізді қасына отырғызып, кітап оқытатын. Сонымен қатар өзі де жазу үстелінің алдында отырып, қағазға терең оймен шомып бірдеңе жазып жататын. Кейін білдім, ол жазған дүниелер тек сөз емес, тұтас қоғамның үні, халықтың мұңы мен үміті екен.
Атам 1939 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қармыс ауылында дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар болып өсіп, Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетін бітірген. Журналистік жолын аудандық газеттерден бастап, облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде аға тілші, бөлім менгерушісі болған. Кейін «Сұхбат», «Түркістан» секілді республикалық басылымдардың өңірдегі меншікті тілшісі ретінде елдегі, аймақтағы мәселелерді батыл көтерген.
Атам бір қарағанда көп сөйлемейтін, бірақ айтқан әрбір сөзі терең ойға жетелейтін жан еді. Оның жанарындағы сабыр мен жүзіндегі байып бізге көп нәрсені ұғындыратын. Балалары мен немерелеріне қатаң талап қойса да, жүрегінің түбінде бізге деген шексіз махаббат жатқанын сезетінбіз.
Үйде айтылған әңгімелердің көбісі ел, жер, халық тағдырына байланысты болатын. Атамды тыңдай отырып, әрдайым ұлтжандылықтың, әділдіктің, адалдықтың не екенін түсінетінбіз. Оның әрбір сөзі біздің бойымызға тәлім, жүрегімізге сенім ұялатты. Атамның үйдегі беделі, шын мәнінде, бір шаңырақтың тірегі ғана емес, тұтас әулеттің бағыт-бағдары еді. Сол үшін де біз оған қарап өстік, сол кісіден өнеге алдық.
Атамның жазғандарын қазір қарап отырсам, әрбір мақаласы – бір өмір. Ол тек жаңалық жазып қоймай, адам тағдырын қозғады, экология, әділет, білім, ұлт мәселесін көтерді. Әсіресе Арал теңізі мен Байқоңыр төңірегіндегі мәселелерді алғашқылардың бірі болып көтерген – дәл менің атам.
Ол кісі жазған кітаптардың аттарын естіген сайын мақтаныш сезімі кернейді. «Дария жыры», «Аққұмның ақ түндері», «Парасат майданы», «Жұмыр жерде біз бармыз», «Көктемін күткен ару» – бәрі де атамның ой тереңдігін көрсететін еңбектер.
Атамның еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол «Ауыл журналистикасының үздігі» атағына екі рет ие болды. ҚР Президентінің алғыс хатын алды, түрлі медальмен марапатталды. Арал ауданының «Құрметті азаматы». Бірақ мен үшін ең үлкен марапаты – елдің ықыласы мен құрметі.
Атам 2020 жылы 13 шілдеде өмірден өтті. Өмірден өтсе де, сөзі мен ізі қалған адам. Қазір мен оның мұрасына қарап, тек атамды емес, қазақ руханиятына жанын салған үлкен жүректі азаматты көремін.
Мен үшін атам үлгі. Жазуды сүйіп үйреніп келемін. Мүмкін, болашақта мен де атам секілді елге сезіммен қызмет етермін, жолын жалғармын.
Жатқан жеріңіз жайлы болсын, атажан. Артыңызда қаламыңыз бен жақсы атыңыз қалды. Біз сізді әрдайым мақтан етеміз.
Ақнұр АЙЖАРЫҚ,
Рахымжан Әліарыстанов атындағы мектептің 11 А сынып оқушысы.
Қызылорда қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!