Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жалағаштың тумасы, ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі, қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Гауһар Қожахметованың есімі баспасөз арқылы танымалдыққа ие. Кеше ғана асқаралы 60 жасқа толған әріптесіміздің мерейлі күнінде «Мақпалкөлдің аспаны» атты кітабы оқырманның олжасына айналды. Көпшілік осы жинақ арқылы Гауһарды лирик ақын ретінде, муза әлеміндегі өзіндік өрнегін қалыптастырған жан бейнесінде таниды. Кітапта ақын өз оқырмандарын адами қасиетке, туған жерге деген сүйіспеншілікке, мейірімділік пен ізгілікке, имандылыққа үндейді. Көркем туындыға автордың рухани құндылықтың, ұлттық салт-дәстүрдің тереңіне бойлап жазған мақалалары және танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері, қарапайым еңбек адамдарымен, өнер тарландарымен жүргізген сыр-сұхбаттары да жинақталған.
Біз бүгін ақын Гауһар Қожахметованы мерейлі жасымен құттықтап, шығармашылық шабыт тілеп, бір топ өлеңін «Халық» газетінің оқырмандары үшін жариялағанды жөн көрдік.
Ұлы Абайға…
Көзімді ілмей түнімен,
Тіл білместен түңілем.
Саралап ой түбінен,
Мен Абайға жүгінем.
Өлең сөзде пірім ең,
Қамқоршым ең, үнім ең.
Сана сергіп тірілем,
Абайға кеп жүгінем.
Айбарым сен тілім ең,
Көктен шыққан күнім ең.
Мөлдір едім, тұнық ем,
Абайға кеп жүгінем.
Тірлігің де дүрбелең,
Сезім кейде кірлеген.
Жаттамасаң Абайды,
Мен ұяттан күнде өлем.
Кемиді онда бағамыз,
Жазылмайды жарамыз,
Оқысаңыз Абайды,
Шамнан шырақ жағамыз.
Беу, дүние…
Беу, дүние деп өтерміз-ау бір күні,
Бұл тірліктің көз ілердей ілкімі.
Нөсерлетіп жаусақтағы басылмас,
Кеудеміздің найзағайдай күркірі.
Сен аман бол, сыздамашы, жүрегім,
Лүпіліңе үнсіз құлақ түремін.
Жан дүнием аласұрған сәттерде,
Үсті-үстіне соғасың-ау білемін.
Кең дүние тарылтқанда деміңді,
Күйбің тірлік кірлеткенде көңілді.
Сая таппай кетесің-ау теңселіп,
Басатұғын сәт іздейсің шөліңді.
Киелі біздің жердің белестері
Киелі біздің жердің белестері,
Артта қалған Мақпалкөл елестері.
Ұядан қырандарын көкке ұшырған,
Мақпалкөлім тегін жер емес тегі.
Ақ бесігін тербетіп, жаным анам,
Бөбек сүйіп күндейін жадыраған.
Сол өңірде мен кеппін дүниеге,
Қошақанмен жарысып маңыраған.
Тектілерін өргізіп өңірінен,
Ақ жол тілеп перзентке Тәңірінен.
Жатыр менің киелі құт мекенім,
Құралайдай қоштасып елігімен.
Көңіл күйің бір сәтте құбылады…
Өтіп келем өмірдің өткелдерін,
Араладым бауы мен бөктерлерін.
Жаратқанның сыйына ризамын,
Ешқашан да тақпаймын өткенге мін.
Өмір кейде сипады самалымен,
Сынады да сан түрлі амалымен.
Құлағанда биіктен абайсызда,
Жылу берді жаныма жамалымен.
Сүрлеуін де шарладым, жазығын да,
Байландым туған жердің қазығына.
Бойымдағы талантым арналуда,
Халқымның рухани азығына.
Төрге сыйлап шығарса алаңдадым,
Сый-құрметтің мәнісін бағамдадым.
Ақын болсам, халыққа жақын болсам,
Құдіреті екен ғой бәрі Алланың!
Бұл өмірде кездесер торығу да,
Болмайды тек өмірден жалығуға.
Маңдайыма біткен бір бақ болар ма,
Жанымнан жақсы адамдар табылуда.
Жансарайым ашылар шырай кіріп,
Тамаша боп кетеді күн, ай күліп.
Торыққанда жаныма сая таппай,
Кей кездерде кеудемде жылайды үміт.
Жылайды үміт бейуақта, мазалайды,
Жылылықты сезбесең, таза қайғы.
Жылы жаңбыр секілді көздің жасы,
Өн бойыңды өксіктен тазалайды.
Көңіл күйің бір сәтте құбылады,
Жымиясың күндейін шұғылалы.
Кейбір сәтте үнсіздік орнағанда,
Жан дүниең бір сәтке тынығады.
Пенденің бәрінде осы жаратылыс,
Әр таң саған береді жаңа тыныс.
Кейде жүрек соғады үстін-үстін,
Қала тыныш болса да, дала тыныш.
Өкпек жел терезеңді үрғылайды,
Ай да ояу төбеңде мызғымайды.
Айға серік боп жүрген жұлдыздар да,
Көкке сыймай төменге жүз құлайды.
Тағдырыма жаппаймын наланы мың,
Ата-анадан дарыған даналығым.
Қызмет қып елімнің ертеңіне,
Жақсылыққа бастасын жаңа күнім!
Әкешім
Әкешім, бүгін тағы сені іздедім,
Өзіңменен еді ғой егіз демім.
Сырт келбеті келетін кісі көрсем,
Өзіңізге ұқсайтын жер іздедім.
Оңашада егіліп жылап алам,
Неге жылап жүр деме, мына балам?
Әкешім өзің барда сезбеппін ғой,
Өмір деген екенін сынақ алаң.
Ел тойында жүрер ең қауқылдасып,
Ағайынмен сағынып мауқың басып.
Мәңгілікке ұзадың ортамыздан,
Оралмайсың жанымның өртін басып.
Әке, сенің есімде соңғы сәтің,
Ойладың қиналсаң да ел мұратын.
Перзентіңе үзіліп қарадың да,
Бірте-бірте кеміді жан қуатың.
Ажалдан аласарып тайсалмадың,
Әкешім, неткен берік, қайсар жаның.
Жаныңды жеген дертке күле қарап,
Жүрегің жылағанын айта алмадың.
Перзентің біліп іштен егілді, әке,
Қабырғасы қақырап сөгілді, әке.
Өзіңді жоғалтқанда мәңгілікке,
Көзімнен ыстық жасым төгілді, әке.
Әлі жүрек сенбейді, қамығады,
Балаларың іздейді, сағынады.
Туған жерің қадірлеп жатыр, әке,
Өз орныңыз бар екен мағыналы.
Көнеміз ғой тағдырдың салғанына,
Шүкіршілік етеміз қалғанына.
Әкешім, риза бол перзентіңе,
Тие берсін дұғалар аруағыңа.
Өлең дұға түсірер көктен жерге
Өмір-кеме ішінде жүзіп келем,
Тек жақсысын жүрекке тізіп келем.
Жолымда қиянаттың қыл шылбырын,
Алланың қолдауымен үзіп келем.
Көп әлі көргенімнен көрмегенім,
Берерімнен көп әлі бермегенім.
Өмір өтіп барады қарайламай,
Өлең өртеп өзекті сенделемін.
Ақ-қараны танисың тереңінен,
Өткізесің ойыңның елегінен.
Көп нәрсені ішіңе жасырасың,
Көңілшектік, ұяңдық себебінен.
Оны ұқпайды ешкім де қабағыңнан,
Жасаған кішіпейіл амалыңнан.
Кей кезде жүрек шіркін қансырайды,
Ащы жас домалайды жанарыңнан.
Кішілікті кісілік ығыстырып,
Таяқ жейсің біреуден тыныш тұрып.
Сақ-сақ күліп кетеді имансыздар,
Санаңды саяқ сөзбен құрыстырып.
Нәзік гүлдей үлбіреп ашыласың,
Бұрқ-сарқ етіп лезде басыласың.
Бойыңды тазалайды іңкәр сезім,
Табиғат ғой қайтадан тасынасың.
Өлеңменен қайтадан қауышасың,
Әдемі бір әуенге ауысасың.
Нөсерлетіп бойыңа қуат берер,
Бұл сезімді қалайша тауысасың?!
Өмір қайта ғажап боп көрінеді,
Өлең де қайта туып өріледі.
Өзекке өрекпіген өлең келсе,
Қалайша ақын жүрек шегінеді?
Жанартаудай жарылар сезім мүлде,
Ондай кезде дайынмын көз ілмеуге.
Қылышымды қайрайды өлең келіп,
Қандай қиын сәт туса езілмеуге.
Шырт ұйқыдан оятар сәт келгенде,
Ой санаммен гүл егем бөктерлерге.
Шабытты да сыйлайды бір құдірет,
Өлең дұға түсірер көктен жерге.
Шеңгеліңнің гүлін—ай…
Нөсеріңе жуындым,
Соқпағыңмен жүгірдім.
Мақпалкөлім – мақтаным,
Өзіңнің мен туындың.
Шеңгеліңнің гүлін-ай,
Аунап өскен құмың-ай.
Самалымен желпіген,
Ауаң сенің шырын-ай.
Теректерің – тұғырым,
Аспанда айың – жүзігім.
Сені жырлап өтемін,
Үзілгенше ғұмырым…
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!