Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Абай һәм оның қара сөздерінің танымдық-философиялық мәні

14.08.2025, 11:20 483

Абай Құнанбайұлы – елімізге белгілі ақын, сазгер, философ. Халық жадында һәкім Абайдың тек өлеңдері ғана емес, сондай-ақ қара сөздері, афоризмдері сақталған. Оның үстіне биыл ұлы ойшылдың 180 жылдығы кең көлемде атап өтіліп жатыр. Біз бұл мақаламызда Абай Құнанбайұлының қара сөздеріндегі танымдық және философиялық тұжырымдарын өзгеше тұрғыда, шетелдік ойшылдармен байланыстыра отырып талдамақпыз. Ақынның адам болмысы, рухани кемелдік, білім мен ізгілік туралы ойларын ұлттық дүниетаным тұрғысынан қарастырамыз.

Жалпы, Абай Құнанбайұлының қазақ өнерінде, мәдениеті мен әдебиетінде тұғыры биік. Олай дейтін себебіміз, Абайдың өзі ғұмыр кешкен уақыттары айтқандары мен жазған­дары күні бүгінге дейін қоғам арасында маңызын жоғалтпай тұр. Жоғарыда атап өткендей, Абайды ел тек ақын ретінде танымайды, ұлттың бірінші ораторы, лирика, поэзия, сатира, поэма, аударма жанрларының басын біріктірген  әмбебап  тұлға  ретінде  есінде  сақтайды.

Ең алдымен Абайдың 45 қара сөзіне кішігірім анықтама беріп өтейік. Абай Құнанбайұлының 45 қара сөзі – ақынның шығармашылық мұрасының маңызды бөлігі, терең философиялық-танымдық еңбектер жиынтығы. Бұл еңбектерді біз проза жанрында жазылды деп айтқанымызбен, олардың құрылымы мен мазмұны публицистикалық, философиялық трактатқа жақынырақ. Абайдың қара сөздері – оның поэзиясымен қатар, өз дәуіріндегі қазақ қоғамының әлеуметтік, рухани, мәдени мәселелерін көтерген, адам мен қоғам, білім мен надандық, дін мен мораль, ұлт пен өркениет секілді параллельді тақырыптарды терең зерттеген ой-толғам­дары.

Абайдың қара сөздерінің негізгі мақсаты – ағартушылық. Абай оларды қазақ халқына арнап жазып, өз заманындағы қоғамның кемшіліктерін ашып көрсетуді, ұлтты оятуды көздеді. Бұл еңбектерде ақын қазақ қоғамына тән проблемаларды, жалпыадамзаттық құндылықтарды да қозғайды. Ол адам болмысының мәнін, этикалық ұстанымдарды, тұлғаның рухани дамуын талдап, рационализм мен сыншыл реализм тұрғысынан қарастырады. Осы тұрғыда Абайдың ел арасында өзге зиялы қауым, ақын-жазушыларға қарағанда бір саты жоғары болуы­ның себебі, оның осы тақырыптарды қаузап, қазақ жан дүниесінің ақ-қарасын анықтаушылар арасында  алғашқы  болуында.

Абай аталған еңбегін нақты бір уақытта жазып шығармады, заманның ағымына қарай, соған сәйкес мәселелерге байланысты жыл санап жазып отыр­ды. Осы тұрғыда бір сұрақ еске түседі. Абайдың қара сөздерін оның жеке күнделігі ретінде қарас­тыруға бола ма? Теориялық тұрғыдан алғанда, бұл көзқарасты белгілі бір деңгейде негіздеуге болады. Қара сөздер – ақынның жеке толғаныс­тары, ой қорытуы, өмірлік тәжірибесінің жемісі. Ол өзінің дүниетанымын, жеке көзқарастарын еркін әрі субъек­тивті түрде жеткізеді. Дегенмен, классикалық күнделік жанры сияқты хроно­логиялық жүйе мен автордың күнделікті оқиғаларды тіркеуі бұл еңбек­терде байқалмайды. Абай өз қара сөздерін белгілі бір жүйеге түсіріп, қоғамдық мәселелерді кең ауқымда талдайды. Сондықтан оларды толыққанды күнделік деп емес, философиялық-әлеуметтік эссе немесе моральдық-философиялық трактат ретінде қарастыру  дұрысырақ.

Абайдың қара сөздері адам мен қоғам, білім мен надандық, мораль мен ар-ождан, дін мен дүние­таным секілді  философиялық категорияларды кеңінен талдайды. Абай философиясының  негізін­де адамның кемелденуі, рухани жетілуі туралы ойлар  жатыр. Ол адамды өз ортасынан  оқшау қарас­тырмайды,  керісінше,  оны қоғаммен байланыстыра  отырып, «Толық адам» ұғымын ұсынады. Бұл   концепция  үш  негізгі  қағидаға  сүйенеді:  Ақыл – таным­дық  қабілет, білім мен  ғылымға  ұмтылу. Қайрат – ерік-жігер, еңбекқорлық, табандылық. Жүрек – адамгершілік, мейірім, адалдық. Бұл үш қасиеттің бірлігі адамды кемелденуге жетелейді. Осы тұрғыда Абайдың ойлары шығыс философиясындағы «кемел адам» ұғымына, сондай-ақ Аристотельдің  этикасына  жақынырақ  келеді.

Абай қара сөздерінде адамгершілік құндылық­тарын негізгі зерттеу объектісі ретінде алады. Ол адам бойындағы нәпсіқұмарлық, жалқаулық, мақтаншақтық, көрсеқызарлық, өтірікшілдік сияқ­ты қасиеттерді сынай отырып, ізгілікке, адал еңбекке, білімге ұмтылуды насихаттайды. Бұл тұрғыдан алғанда, Абайдың этикалық көзқарастары Конфуций, Әл-Фараби, Ибн Сина және Канттың мораль философиясымен  үндеседі.

Абайдың дінге деген көзқарасы да философия­лық талдауды қажет етеді. Ол Ислам дінін жоғары бағалай отырып, оның догмалық емес, рационалды танымдық сипатын алға тартады. Бұл ойлар, әсіресе, отыз  сегізінші қара  сөзінде  көрініс  табады,  онда  ақын Алланы тану, иманның мәні және адамның дін арқылы рухани жетілуі туралы пайымдайды. Бірақ ол соқыр сенімді, дінді жалаң рәсімдер жиынтығы ретінде түсінуді қатты сынға алады. Оның бұл көзқарасы әл-Фараби мен Ибн Рушдтың рационалистік  ислам  философиясына  жақын.

Абайдың қара сөздерінде Зенон, Сенека, Эпиктет және Марк Аврелийлер бастаған стоицизм философияс­ымен жанасатын көзқарастар да кездеседі. Абай Құнанбайұлының қара сөздері де адамның өзін-өзі тануы, кемелдікке жетуі, өмір сынақтарына сабырмен қарауы және рухани еркіндікке ұмтылуы секілді ұғымдарды қамтиды. Абай мен стоиктер бір-бірінен тарихи және мәдени тұрғыдан алшақ болғанымен, олардың адам өмірі мен мораль туралы көзқарастарында ортақ ұстанымдар кездеседі.

Стоиктер адамның бақыты сыртқы жағдайларға емес, оның ішкі дүниесіне, ойлау жүйесіне және өзін-өзі ұстау қабілетіне байланысты деп есептеді. Олар тағдырдың өзгермелі екенін түсініп, құмарлық пен эмоциялардың жетегінде кетпеуді, өмірге саналы түрде қарауды насихаттады. Абай да осыған ұқсас ойды қара сөздерінде бірнеше рет қозғайды. Мысалы, бесінші қара сөзінде ол адамның өз-өзін билей алуы, сезімдеріне ерік бермеуі қажеттігін айтады: «Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады». Стоиктер эмоцияларға қарсы тұруды, ішкі тұрақтылыққа жетуді үйретсе, Абай адамға жігерлі болу, өзін-өзі тәрбиелеу және еріншектікті  жеңу  қажеттігін  көрсетеді.

Стоицизмнің басты  қағидаларының бірі – «Amor fati» (тағдырды сүю). Бұл принципке сәйкес, адам тағдырдың соққыларын сабырмен қабылдап, оған қарсы тұрмай, өмір ағынымен жүруі керек. Стоиктер адамның қолынан келетін және кел­мейтін нәрселерді ажыратып, өзгертуге келмейтін дүниелер үшін  қамықпауды  ұсынады.

Абай да сабырлылықты, шыдамдылықты жоғары қояды. Оның отыз сегізінші қара сөзінде тағдыр туралы ойлары айқын көрінеді: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы  ұстаздан  болады».

Бұл жерде Абай адамға сыртқы дүниеден гөрі өз білімін, ішкі дүниесін жетілдіруге назар аудару қажеттігін ескертеді. Бұл стоиктердің сыртқы жағдайларды емес, ішкі  еркіндікті  іздеу идеясына өте  жақын.

Стоицизмде байлық, атақ-даңқ, ләззат сияқты материалдық  құндылықтарға тәуелді болмау идея­сы маңызды саналады. Эпиктеттің айтуынша, «Нағыз  еркін адам – ештеңеге тәуелді емес адам».

Абай да материалдық құндылықтарға басыбайлы болудың қауіпті екенін он бесінші қара сөзінде айтады: «Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал  жұтайды, өнер  жұтамайды».

Яғни, Абай материалдық игіліктердің өткінші екенін түсініп, адамға рухани білім мен еңбекті бірінші орынға қою керектігін алға тартады.

Қорыта айтқанда, бұл ұқсастықтар Абайдың философия­лық ойларының әлемдік философия­мен, әсіресе,  стоицизммен  үндесетінін  көрсетеді.

Абайдың  қара  сөздері – қазақ  қоғамының  XIX ғасырдағы әлеуметтік құрылымын, ондағы өзге­рістер мен қайшылықтарды терең талдаған еңбек­тердің бірі. Оның социологиялық көзқарас­тары қоғамдық даму, әлеуметтік теңсіздік, ұлттық болмыс  мәселелеріне  бағытталған.

Абай қазақ қоғамындағы рушылдық, надандық, жалқаулық, мақтаншақтық, әділетсіздік, мансап­қорлық сияқты кемшіліктерді ашық сынайды. Ол бұл проблемаларды қоғамның мешеу қалуының бас­ты  себептері  ретінде  қарастырады.

Оның әлеуметтік сыншылдығы Макс Вебердің «Қоғамдық этика» теориясымен үндеседі. Вебер қоғамның дамуында рационалды ойлау мен еңбек этикасының маңыздылығын айтса, Абай қазақ қоғамын алға жылжыту үшін білім мен еңбекті бірінші  орынға  қою  керек  деген  ұстанымда болды.

Сонымен қатар, һәкім Абай білімді қоғам дамуының басты факторы деп есептейді. Ол он тоғызыншы қара сөзінде қазақ халқының ғылымға, оқуға мән бермейтінін, керісінше, мал мен байлықты ғана мақсат ететінін сынайды. Бұл жерде ол әлеуметтік прогрестің негізгі драйвері білім екенін көрсетеді. Бұл идея Эмиль Дюркгеймнің «Білім – әлеуметтік институт ретінде қоғамды қалыптастыратын күш» деген теориясына жақын. Дюркгейм білім беру арқылы қоғам мүшелерінің мәдени интеграциясы мен әлеуметтік тәртібі қамтамасыз етіледі десе, Абай қазақ жастарын орысша оқуға, ғылымды меңгеруге шақыра отырып, сол арқылы қазақ қоғамын өркениетке жетелегісі келді.

Абайдың қара сөздерінде дәстүрлі қоғамның мәселелері мен модернизацияға бетбұрыс жасау қажет­тілігі жиі айтылады. Ол  ескі  феодалдық жүйе­нің, рулық  қатынастардың, ескішіл көзқарастардың қазақ халқының дамуын тежейтінін түсініп, оларды  сынады.

Бұл  тұрғыда оның көзқарастары  Карл Маркс­тың қоғамдық өзгерістер туралы теориясымен үндесе­ді. Маркс қоғамның әлеуметтік-экономикалық қатынастар негізінде өзгеретінін айтса, Абай қазақ  қоғамының артта қалуын «еңбексіздік, надан­дық, алауыздық, жалқаулық» сияқты әлеуметтік  факторлармен  түсіндіреді.

Мақаламызды  қорытындылай  келе, Абайдың  45 қара сөзі – қазақ қоғамының философия­лық және әлеуметтік мәселелерін терең зерттеген маңызды еңбек. Оның ойлары шығыс және батыс философиясымен үндесіп, этикалық, діни, әлеуметтік және танымдық мәселелерді қамтиды деген тұжырымға келдік. Абай философиясында қиыр шығыстағы «Алтын дәуір философиясына» ұқсас элементтермен қатар,  классикалық  неміс  фило­софиясына келетін элементтер де бар. Бұл Абайдың тек бір ғана мәселені емес, көптеген мәселені аңғарып, қатар талдағанының дәлелі іспеттес. Философия­лық тұрғыдан, ол адамның кемелденуін, ар-ожданды,  білім мен ақылдың маңызын алға тартты. Социологиялық тұрғыдан, қоғамның әлеуметтік құры­лымын, білімнің рөлін, дәстүр мен жаңашылдықтың күресін  әшкереледі.

Абайдың бұл еңбегі бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ. Олар өткен дәуірдің әлеуметтік-филосо­фиялық көрінісі, қазіргі қоғам  үшін де құнды  ойлар  жиынтығы  болып  қала  беретіні  хақ.

Айтілес  АБАЙҰЛЫ

Фото: ашық дереккөзден.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: