Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қалам мен кетпенді қатар ұстаған

07.08.2025, 9:40 178

Еңбек  адамы  жайлы  естелік

Қазақ – қашаннан ақынжанды әрі ақжар­қын халық. Әр өлеңі, қара өлеңі, жалпы бар өлеңі өмірден алынған өсиет пен өнегеге толы халық. Қазақ – қадірлі де қастерлі қара сөзін қас қағымда қайымдастырып қара өлеңмен «қарсыласына күпі ретінде» өзіне қайта «кигі­зе» салатын суырыпсалмалығы бар шайыр халық. Бұл тақырыпқа мыңдаған мысал келтіруге болады. Негізгі тақырыпқа арқау болған ақынжанды еңбек адамы туралы айтпас бұрын сәл-пәл мынаған назар аударайықшы. Баяғы­да өзі  қарапайым  шаруа, басында шашы жоқ болса керек, бір жігіт ақын қыздың үйіне келіпті. Шай  мәзірі  үстінде  қыз:

— Әуеден  қатар-қатар қаз  келеді,

Тұсыма  дәйім  менің  таз  келеді.

Сөзімді  таз  да  болса  айтар  едім,

Ақылы таз  шіркіннің  аз  келеді, — деген екен  әзілдеп.

Көп  ойланбастан  жігіт  те:

— Әрине, әуеден қатар-қатар қаз келеді,

Тұсыңа  дәйім сенің таз келеді.

Айтарын  таз  да  болса  тауып  айтса,

Таздікі  сіздікіне  саз  келеді, — дейді.

Болмаса, Майлықожа мен Құлыншақтың қайым  айтысын  алайық.

Құлыншақ:

— Дегенмен,  Майлықожа  май  болмадың,

Ішіп-жеп  жұрттан  алып  бай  болмадың.

Майлықожа:

— Сен  Құлыншақ  болғалы  біраз  болды,

Иә, құнан, иә, дөнежін  тай  болмадың.

Керемет, нағыз қара өлеңнің қаймағы осы емес  пе?

Әңгімеге  арқау  болғалы отырған  еңбек  адамы, ақынжанды Кәдірбек Әшірбеков ағамыз Майлықожа мен Құлыншақтай болмаса да, бір айтары бар турашыл, қалаға қарасты Қара­өзек ауылының ардақты абыз ақсақалы еді. Ауылда автокөлік жүргізуші, бақша бригадирі, ауылдың Төбе биі болған беделді кісі бола­тын. Совхозда бақша бригадирі болып тағайындалғанда Қараөзек арнасынан бақша егетін тың жерге қарай канал қаздырды. Сол кездегі совхоз директоры А.Сыздықов: «Ол жерге су келуі мүмкін емес. Егер бақша судан қалса, барлық шығынды сіз төлеуіңіз мүмкін» дейді. Кәдекең барлық жауапкершілікті мойнына алады. Сол жылы бақша бітік шығып, мол өнім жинап алған. Аудандық газетке «Кәдірбек каналы» деген тақырыппен А.Жүсіпбеков мақала жазған еді. Ауылдың сыртында сол каналдың  ізі  әлі  бар.

Ол осы  ауылда 1932 жылы өмірге келіп, 2010 жылы осы ауылда өмірден өтті. Балғын балалық шағы ашаршылыққа, жастық шағы 1941-1945  жылдардағы сұрапыл соғысқа тұспа-тұс келді. Ересектермен бірге еңбекке ерте арала­сып, ерте есейді, ер жетті. Ауылдағы №39 «Қызылөзек» мектебінде 7 кластық білім алып, «Жаңа арық» колхозында еңбекке тым жастай араласты. Себебі, ол отбасының жалғыз үлкен ұлы болатын. 1950-1956 жылдар аралығында колхозда үсті-басы тұтас тек темірден ғана тұратын ХТЗ тракторды қысы-жазы жүргізіп, егіс даласында бидай, арпа, сұлы, тары дақылдарын егумен айналысты. Сол кезде Кәдекеңнің  қойнында  қалам  мен  қағазы  жүретін.

Бірде «Сексенбай» деген жердегі егіс басына ХТЗ тракторының қасына бір пляк керосин май мен екі бос шелекті қалдырып, өзі бір шаруа­мен 3 күнге қалаға кетеді. Қаладан қайтып келсе, іші керосинге толған пляк орнында жоқ. Ол кезде электр жарығы деген ауылда қайдан болсын. Елдің бәрі керосинмен жанып жарық беретін білте шамды пайдаланатын. Сол маңда баспақ бағатын Жақан деген кісі тұрады екен. Плякті кім қолды еткенін Кәдекең бірден сезіп, «Қара пляк» деген өлең жазады да  Жақанға береді ғой. Енді сол өлеңді оқып  көрелік.

Жоғалды «Сексенбайдан» қара пляк,

Бір жерде тұрған шығар жалғыз жылап.

Қаладан қайта айналып келгенімше,

Етпепсің жерошақта үш күн тұрақ.

Серігің жаныңдағы екі шелек,

Қалыпты құшақтасып бірге құлап.

Жаныңда іші толық ағаң қайда,

Деп бірден екеуіне қойдым сұрақ.

Жақанға сілтегендей болды екеуі,

Көр деді сол кісіден жайлап сұрап.

Ағайдың  тұрған  жері – баспақ  ферма,

Мекені көл жағасы қалың құрақ.

Қоғамның мүлкіне ол қол сұққан соң,

Тұрған жоқ бұл кісі де бізге ұнап.

Ал, аға, майын ал да плякты бер,

Боп тұрсын күнделікті шамға шырақ.

Көрініп көзге түссе ұят болар,

Жүргенде сәл нәрседен дүние құрап! — деп Жақанның  қолына  ұстатқан  екен.

Сөйтіп, қолды болған қоғам мүлкі кері қайтарыл­ған. Бұл өлең кезінде ауыл түгіл аудан­ға  дейін  тарап  кеткен  еді.

1956 жылы үкімет «Жаңа арық» колхозын «Карл Маркс» колхозына қосты. Кәдекең аталмыш колхоздың төрағасы Үмбетов Рүс­тем деген кісінің қызметтік жеңіл көлігіне жүргізуші болып жұмысқа орналасады. Екеуі ағалы-інілі болып тіл табысып, әзілдері де жарасып жүреді. Рүстем аға Кәдекеңнің өлең жазатынын естіп, «маған да бір өлең шығарсай» деп қолқа салады. Кәдекең: «Ой, біздікі жай кәкір-шүкір бірдеме ғой», — деп жалтарса да бастығы болмапты. Сонда Кәдірбек ағаның сәл-пәл  ойланып,  айтқаны:

Карл Маркс колхозы –

Үмбетов атың Рүстем.

Келгенде пәтің жақсы еді,

Таусылмастай шөп жыйып,

Артықша өнім берем деп,

Бидай менен күріштен.

Күрішің қалды жетіспей,

Шөлдеген бидай құлағы,

Жазылмай қалды бүріскен.

Қалекең жүр қалпында,

Құрылыс жағын басқарып.

Ұйымдастыру орнына,

Таратып жұртты ұрыспен,

Малдарың мөңіреп далада,

Қойларың маңырап қорада,

Тыңдата алмай арызын,

Әзілдесіп жүргені,

Зав фермасы Жүніспен.

Бас бухгалтер Дәнекең,

Басы қатып оның жүр,

Шығыс пенен кірістен.

— Әй, болды, болды! Бұны ешкім естімесін, мақтай ма десем, — деп Рүстем аға еріксіз езу тартып күлген екен.

1960 жылы Кәдірбек аға туған жері, қазіргі Қараөзек ауылына қайта келіп, өмірінің соңына дейін осы ауылда еңбек етті. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде үлкендермен бірге Жеңісті жедел жақындатқан тыл ардагері, ауылдың Төбе биі болған текті тұлғаның қаламы қолынан түскен жоқ. Арнау, өсиет өлеңдер жазып жүрді.

Ауыл әкімі мен ауыл тұрғындарының қолдаумен абыз ағаның суреті Қараөзек ауылының бір көшесі басында үлкен тақтаға ілінген. Суретімен қоса сол тақтада бір шумақ өсиет өлеңі жазылыпты.

Адамда екі мінез жақсы-жаман,

Қалмайды, бұл мінезден ешкім аман.

Жақсыны әдет қыл да жаманнан без,

Боласың сонда ғана нағыз адам.

1964 жылы әкесі өмірден өткенде жүрегі қан жылап, егіліп, езіліп, өлеңге ерік береді.

Көкем жоқ,

Кетті уақыт айдан асып,

Келместей кеткенің не жолға қашық.

Сұм дүние сонша опасыз болғаның не,

Сонда да саған құмар пендең ғашық.

Қандырмай дүниенің қызығына,

Қара жер құшақтадың бауыр басып.

Қалдырдың артындағыны арманменен,

Топырақ көрсетпестей бетін басып, — деп жоқтайды да тоқтайды.

Жақсы істің жауқазыны жайқалғасын,

Жерімде басқа істер байқалмасын.

Ғасырлап аңсап әрең қол жеткізген,

Тәуелсіздік тұғыры шайқалмасын.

Жұдырықтай жұмылып іс қылайық,

Артта қалған ел ед деп айта алмасын.

Алаңдамай басайық енді алға,

Жастарым қиындықтан тайсалмасын! — дейді «Тәуелсіздік таңы атты» өлеңінде.

Еліміз Тәуелсіздік алған кездегі алғаш күндердің бірінде:

Әрқашан ашық болсын алда аспаның,

Аман-сау болыңдаршы жан-жақтағым.

Өткен ғасыр кездегі қуғын-сүргін,

Ешқашан енді бізде жалғаспасын.

Еліміз егемендік алды бүгін,

Елге енді оралыңдар қандастарым, — деп шетелде жүрген қандастарға да өлең арнайды.

Кәдірбек  өзі  көзі  тірісінде  өлеңдерін баспаға берген емес. Ауылдағы жиын мен тойларда айтылумен ғана шектелген еді. Еліміз әлеуметтік жағынан тым ауыр қиын-қыстау кезінде қалам мен күректі қатар алып жүрген Еңбек және тыл ардагері ағамыз нағыз адал да ардақты ақынжанды ауыл  азаматы  еді.

Қанжығалы  ҚАЗЫБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: