Біз халық үшін небір демалыс іс-шараларын ойлап табудан алдымызға жан салмаймыз, шіркін! Шетелдегі болып жатқан неше түрлі шоуың жолда қалады. Халықтың саламатты өмір салтын арттыру мақсатында, жоғарыда отырғандар мынадай мәдени-спорттық іс-шараны ұйымдастыруға шұғыл қол қойды. Яғни, күнін әзер көріп отырған қара сирақ халық пен министрлер арасында футболдан Қазақстан чемпионатын өткізу. Былай қарасақ дұрыс. Спорт жас немесе лауазым таңдамайды. Министрлер құрама командасының аты – «ОПАҚ». Бас жаттықтырушы – Премьер-министр. Бас төреші – Спорт және туризм министрі. Құрамында: Мәдениет және ақпарат министрі (қақпашы), Ішкі істер министрі (шабуылшы), Білім және ғылым министрі (шабуылшы), Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі (шабуылшы), Әділет министрі (қорғаушы), Қорғаныс министрі (қорғаушы), Денсаулық сақтау министрі (қорғаушы), Қаржы министрі (қорғаушы). Жүлде қоры – бір миллион доллар. Мұны естіген ауылдың тұрғындары есінен танып қалды. «Үмітсіз – шайтан» демекші, жұрттың арманы – құрама командаға мүше болу. Ақша десе партияға, керек десең, шетелден қаңғып келген сектанттарға, теріс ағымдарға да мүше бола салатын қазағыма бұл не тұрады?… Іріктеу туры ауыл әкімінің тікелей басшылығымен және партияның қолдауымен өтетін болды. Егер, халық футболдан министрлерді жеңіп кетіп жатса, жүлденің ауыл тұрғындарына тең бөлініп берілуін ауыл ақсақалдары талап етіп отыр. Иә, оны ойын көрсетеді. Алыптарды ұта салу осал шаруа емес.
Ойынды тамашалауға ойдан, қырдан қазақ футболының жанкүйерлері келіп жатты. Шымкентте өткізіліп жүрген әншілер арасындағы футболдан достық кездесу мына ойынның қасында жолда қалады, әрине. Шынымен де қарапайым халықтың министрлермен иық тірестіріп, футбол ойнауы адамның түсіне кірмейтін ойын ғой. Арман… Міне, нағыз демократия деп осыны айт. Жеңіп кетсе, қыруар ақшаға байып қалады. Жеңілсе, жер көтереді. Бірақ, ауыл командасы жеңіске жетсе, әкімнің жүрегі ауырып, берекетінің қашатын түрі бар. Өйткені, дырдай министрлер футболдан сыпырылып ұтылып қалса, әрине оған оңай тимейді. Сондықтан да әкімнің үй-іші, ошақ басы мен қатын-қалашы, тума-туысы, таныс-тамыры бұл ойыннан жеңіліс тапқанды жөн санап теріс қарай тілек тілеп отыр. Көпшіліктің айтуымен ауыл командасына «СОПАҚ» деген атау қойылды. Ендігі қызық мынада болып тұр. Футбол ойнауға ауылдан бір жас табылмады. Өскембайдың бір немересі бар еді, ол да қырсық қылғанда көрші ауылдағы бір қыздың туған күніне кетіпті. Қашан оралатыны белгісіз. «Ауыл көркі – жастар» деп, ұрандатып жүрген Дүкенбай ағамыз күні ұзаққа көшеден бір жасты жолықтыра алмады. Қайдан жолықтырсын, былтыр жетеуі түрмеге, қалғандары қалаға жұмыс іздеп тайып тұрған болатын.
Ертең ойын басталады. Кешке дейін жоғары жаққа команданың сақадай сай екені туралы ақпарат беру керек. Ал, не істейсің? Мұндайда қарап отыруға болмайды. Іріктеу сайысы басталып кетті. «Жаман әдетпен айналысатындар команда құрамына алынбайды» деп, әкім жұдырығымен столды бір қойды. Жиналған жұрт бір-біріне қарады. «Ұрының арты — қуыс» демекші, әркім өзінің жаман әдеттері туралы ойласа керек, көпшіліктен бұрын ауылда аузы жабылмайтын мектеп директоры Көсеубайдың салпы етек қатынының екі беті алмадай қызарып шыға келді. «Әкім қайдан білген?» дегендей жан-жағына таңырқай қарайды. Ауылдың учаскелік полицейі де төмен қарап аяғымен жер шұқып отыр. Командаға кіру депутаттыққа өтуден де қиын болды. Жастар жетпегендіктен амал жоқ үлкендер, керек болса қатын-қалаштар да алынатыны ескертілді. Қорғаушыға Ұлы Отан соғысының соңғы тұяғы Кәусарбай шал енді. Он жеті жыл түрмеде отырған Бұқабай шабуылшы болатын болды. Қолынан қаламсабы түспейтін арызқой Кержан шабуылшыға ілікті. Қақпашыға етек-жеңі кең Бердігүл жеңгейді ұсынды. Сүйтіп, не керек ақсағы бар, тоқсағы бар барлығы он бір адам іріктелді. Команда капитаны болып, арақтан аузы құрғамайтын Қоңқыш бекітілді.
Ал, енді ойынды бастаймыз дей бергенде, жоғарыдан шұғыл қоңырау шалынды. «Министрлер ауылдың қой қорасына футбол ойнамайды. Үш күнде европалық стандартқа сай стадион тұрғызу керек» деп, бұйрық келді. Ақша қазынадан миллиондап құйылды. Стадион ақшаның күшімен тұрғызылды. Қанша жылдан бері ауылға монша салуға қаражат таппай жатқанда үш күнде ауылдың көлеміндей алып стадионның бой көтергеніне халық аң-таң. Тура ертегідей болды. Не керек ортаға былғары доп тасталды, «ОПАҚ» мен «СОПАҚ» арасындағы ойын басталды. Ысқырық… Допты бірден баспен қағып алған Білім және ғылым министрі ай-шайға қарамай «СОПАҚ»-тардың қақпасына қарай тұра жүгірді. Ешкімге пас бергісі жоқ. Арманы – бірден қарсыластарына гол салу. Көзге түсу. Жан-жағына жалақтап қарап қояды. Мұны көрген арызқой Кержан тұра қуды. Оның ойы доп емес-ау, былтырғы ауыл мектептерінің жағдайы туралы жазған арызының жауабын білмек. Бұл – ол үшін нағыз шанс. Болмаса, министрлердің кабинетіне тап келу оңай шаруа емес. Жылтыр шекесіне допты дөңгелетіп алған министр оған қарайтын түрі жоқ. Қақпаға жақындап қалды. Міне, допты туралап қойып, енді тебе бергенде, шыңғырған қатынның ащы дауысы шықты. Әбден ызаға булыққан Шәйкенже жеңгей аяғындағы голошын екі жаққа лақтырып жіберіп, құтырған сиырдай министрге тұра жүгірді. Бас төреші Спорт және туризм министрі де «гол» деп айғайлауға дайын тұр. Намысты қолдан бермейтін Шәйкенже жеңгей аспанға бір секіріп, допты етегімен қағып түсті де, «ОПАҚ»-тардың қақпасына қарай жүгірді. Стадиондағы халық гүр ете қалды. Оған бұл секіру түк те емес. Кезінде клубтың қорықшысы болып жүргенде, шатырдан ұрының үстіне секіріп, байғұсты мыжып, о дүниеге аттандырғаны бар. Шәйкенже жеңгей секірудің, секіріп мінудің әртүрлі айласын біледі. Ауылда жанкүйері де көп. Елдегі соңғы жаңалықтарды дер кезінде жеткізетін Қиғаш жеңгеміз де екі аяғымен жер тепкілеп: «Бас, бас, алға… Теп, теп» деп, айғайлап қояр емес. Ұтып кетсе, бір миллион доллар ауылға аз ақша емес. Клубтың төбесін жөндейді. Ауылдың көшесін жарықтандырады. Кеңес заманында шіріп кеткен ауызсу құбырларын ауыстырады. Ең бастысы, әр отбасы «кредит» деген бәледен құтылатын болады. Арман көп…
Қарсыластарының мына көрінісі Ішкі істер министрінің жүйке тамырын шымырлатып жіберді. Намысы оянып, қаһарланып, сүзеген бұқадай оқыранып, аяғымен топырақты шашып, шашып жіберіп, Шәйкенже жеңгейге қарсы жүгірді. Қақпаға жақындап қалған Шәйкенже жеңгейдің етегіне тұра жабысты. Бес жылдан бері үстінен тастамастан киіп жүрген, күнге күйген шыт көйлегі дар етіп айырылып, жеңгеміздің бөксесі жарық ете қалды. Министрдің аузы ашылып, жерге жалп ете қалды. Осы сәтті ұтымды пайдаланған Шәйкенже жеңгей етегіндегі допты лақтырып жіберіп, баспен бір-ақ ұрды. Гол… Доп министрлер қақпасының ішінде жатыр. Халықтан мұндай соққыны өмірінде алып көрмеген дөкейлер шошып кетті. Бір министр көктіктен аузынан көбігі ағып талып қалды. Ыңылдап өлеңін айтып жайбарақат отырғанда, қапелімде доптың қақпаға қалай кіргенін ұқпай қалған Мәдениет және ақпарат министрі аң-таң. «Қап» деді ол өкініп. Өзінің басын өзі сабалады. «Онсыз да шетел әншілерінің қазақ сахнасына гол салып жүргені аздай» дейді, ішінен. Мынау оған тіпті ауыр тиді. Ал, ауыл тұрғындары бөріктерін аспанға лақтырып, қол соғып мәз. Сол-ақ екен Қаржы министрі ашуға булықты. Қыруар қаржыны қалай ғана ауылға қолдан бермек. Бұл – орны толмайтын өкініш. Ұяты тағы бар. Көп ойланбады, допты алдына салып дөңгелетіп ала жөнелді. Министрлер енді айлаға көшті. «Бөлінгенді бөрі жейді» демекші, допты бір-біріне пас беріп «СОПАҚ»-тар командасына қарсы шабуылға шықты. Міне, Қаржы министрі допты Қорғаныс министріне тепті, Қорғаныс министрі допты қағып алып, қаусаған қара шалды алдап өтіп, бір кемпірдің үстінен аттап өтіп, Денсаулық министріне пас берді. Денсаулық министрі алдынан жүгіре шыққан мүгедек Итбайды итеріп жіберіп, Ішкі істер министріне пас берді. Халық үнсіз. Сол-ақ екен, Ұлы Отан соғысының ардагері, бір аяқ, бір қолынан айырылған Кәусарбай шал таяғымен тұра жүгірді. Министрің де осал емес, Кәусекең де қапталдасып қалар емес, арасында «әй, шырағым, соншама жүгіріп не болды, халықтан жеңіле салсаңдар бірдеңелерің кете ме?» деп, қояды. Оны тыңдап жатқан министрің жоқ. Кәусекеңнің ойына былтырғы кінәсіз қамалып, бес жылға сотталып кеткен бөлесінің баласы түсіп: «Министр мырза, ауылда жазықсыз жандар түрмеге кетіп жатыр, соған бір көңіл бөлсеңдер қайтеді?» дей бергенде, байғұс қарт омақата шалынып шалқасынан құлады. Мұны көрген Кәусекеңнің үйіндегі Болған әжей шыдай алмады, алаңға секіріп түсті. Дәл осы кезде, Ішкі істер министрі допты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне тепті. Болған әже де қалысар емес, «айналайын қарағым, допты маған бере сал, үкіметке мен бар еңбегімді жасадым ғой» дейді, жалынып. Министр құлағына да ілген жоқ. Ызаға булыққан Болған әже министрді аяғымен шалып құлатты. Бас төреші Спорт және туризм министрінің ысқырығы шыр ете қалды. Болған әжеге қатаң ескерту жасалып, қызыл карточка беріліп, ойыннан шығарылып тасталды. Есеп 1:0, «СОПАҚ» командасы «ОПАҚ» командасынан бір көш ілгері келе жатыр. Бірінші тайм аяқталды. 15 минут үзіліс жарияланды. Сол-ақ екен, жоғарыдан «ОПАҚ»-тардың капитан командасына шұғыл қоңырау шалынды. Дауысы жуан біреу: «Әй, өңкей нансоғарлар, аяқтарыңмен доп тебе алмайтын болсаңдар, на хрена вы там сидите» деді. Өмірі мұндай қатты сөзді естіп көрмеген министрлер шошып қалды. Ауылдан ұтылып қалса, жылы ұяларына қалай оралады? Соңғы демдерін алып, алаңға қайта шықты. Ысқырық…
Екінші тайм басталды. Ортаға былғары доп тасталды. Бұл жолы допты Сыртқы істер министрі алды. Басына бас жіп байлатпаған тайыншадай, үстіне үзеңгі салдырмаған асау тайдай тулаған министр допты аяғымен қағып алып, қарсыластарының қақпасына қарай бет алды. Қаны бетіне шапқан министр допты ауылдың қақпасына қарай бір тепті. Қатты тепті. Доппен бірге аяғындағы аяқкиімі бірге ұшты. Манадан осы сәтті күтіп жүрген Бұқабай допты қағып алды. Қап, аяғымен емес, қолымен. Ойын ережесі бұзылды. Ысқырық… Допты қайтадан «ОПАҚ»-тар командасы алды. Доп Сауда министрінің аяғына ілікті. «Саудада достық жоқ» демекші, айла-тәсілдің бәрін меңгерген ол, қу түлкідей қылмаңдап, қарсақтай жылмаңдап, «СОПАҚ»-тардың қақпасына жетіп барды. Тепті. Гол… Екпіндеп ұшып келген доп қақпаның торын жыртып өтіп, футболды тамашалап отырған, «СОПАҚ»-тардың команда капитаны Қоңқыштың басына дөп тиді. Онсызда арақтан басы ауырып қалғып отырған ол, қор етіп ұйқыға кетті. Министрдің соққысы қойсын ба, қақпа да опырылып жерге құлады. Сүйтіп, әзер дегенде «ОПАҚ»-тар командасы бір «гол» салып ойынды теңестірді. Баласын емізіп отырған Бердігүл жеңгей қақпаға доптың қалай кіргенін тіпті сезбей де қалды. Допты өткізіп алғанына ашынып дауыс етті. Стадионда футболды тамашалап отырған күйеуі оған жұдырығын бір-ақ түйді. «Бердігүлді бекерге қақпашы қылдық» деп, қариялар өкініп қалды. Өкінетіндей реті бар. Ол өте ақ көңіл. Содан болар, жеңгемізге ағамыз «голді» жылда салып жүр. Мына, емізіп отырған он бірінші баласы — соның нәтижесі. Ал, ауыл әкімі болса қуанғаннан жылап жіберді. Бердігүлді қақпашы қылған өзі еді. Еңбегі ақталды. Алаңға қарғып түсіп, Бердігүлді құшақтап бетінен сүйіп алды. Ел елең ете қалды. Мұнысы несі?.. Ойын осымен тең аяқталды. Келесі футболдан достық кездесу Мәжілістің кезекті отырысынан кейін белгілі болады. Әзірге хош, сау бола тұрыңыздар!..
Футболды жүргізген комментатор
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
ҚР Мәдениет қайраткері
2010 жыл
Фото: papik.pro
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!