БҮГІНГІ САТИРА
Біз құқық қорғаушыларға сенбейтін халықпыз. Өздері кінәлі, өйткені батыстағыдай Виктимблейминг (жәбірленушіні кінәлау) біздің елде қатты дамып кеткен. Полицейлердің өздері дамып кеткен. Тек дамымай қалған – халық. Ұрлық болса – «Ой, оңбаған! Затыңды ұры он жыл бойы таба алмайтын жерге неге тықпадың?», зорлық-зомбылық болса – «Неге түнде жүресің? Көне салғаның қалай?», алаяқтық болса – «Таңғаламын, неге алданып жүрсіз?» деп қылмыскерді емес, жәбірленушінің жүрегін жаралап, оны кінәлі қылып шығаратын жүйе біздің елде ғана деймісіз? Батыста да солай. Соған қарағанда, олар виктимблеймингті бізден үйреніп, біздің елге келіп тәжірибе алмасып кеткен-ау? Біздің ұранымыз «ұйықтатып» қоярдай: «Заң алдында бәрі тең». Қарапайым адам бір кішігірім қылмыс жасап, тайып құласа, құлаған жерінен сүйреп әкетеді. Тез тауып алады. Ал ірі тұлға, немесе мұрнына мұз қатып тұрған шенеунік ірі қылмыс жасап қойса, былай сайрайды: «Тергеу жүріп жатыр. Іс қаралып жатыр. Анықталып жатыр. Іс сарапталып жатыр. Тергеу құпиясына байланысты өзге ақпаратты айта алмаймыз». Жылдар өтеді, қылмыстық іс әлі сарапталып жатады…
Бір күні Айбар көшеде келе жатқан еді, қарсы алдынан Арсен бастаған жігіттер шыға келді.
– Темекі бар ма? — деп сұрады Арсен оның иығынан қағып өтіп, қайта келіп.
– Темекі дүкенде.
– Мынау сөйлейді екен! — деді жанындағы Марк. – Саған бір анекдот айтып жіберейін: бір жігіт дүкеннен Жасанды интеллект орнатылған су жаңа «ақылды» темекі сатып алады. Дүкеннен шыға бере алғашқы түтінді тартса, телефонына хабарлама келіпті: «Полициядан хабарлаймын. Өкпеңізді сканерледік. Осы қарқынмен тартсаңыз, несиеңізді төлеп бітуге өміріңізден 3 жыл ғана қалады. Ал ерте төлемесеңіз, қылмыстық іс қозғаймыз!». Жігіт шошып кетіп, дүкенге қайта жүгіріп кіреді: «Ойбай, қайтып алыңыз! Маған баяғы өзіміздің, тек «Инфаркт» қылатын қарапайым темекіні бере салыңызшы!» деген екен.
Жігіттер Айбардың құлағына ауыздарын тақап тұрып күлгенде, оның басында «күлкі оркестрі» ойналып жатқандай болды. Төбелесе кетейін десе, полициядан қорқады. «Ең тәуірі таяқ жеп, полицияға шағымданайын» деп ойлады. Ойын оқып қойғандай, Раян мен Рамиль бастап, Арсен қостап, Марк тағы бір анекдотын айтып тұрғанда бәрі жабыла кетті. Ұрып жығып, басынан да тепті, шашының арасынан да тепті. Арсен:
– Осы жігітті Нұрханның жанынан көрген сияқтымын, — деді.
– Министрдің жанынан көрген шығарсың? — деп Айбар мұрнынан аққан қанды Арсеннің көйлегіне сүрте салды.
– Мынауың жындыбас қой! — деп ашуланған Арсен оны тұмсықтан тағы бір ұрып, қалпақтай ұшырып түсті. «Таяқ жей берейін, егер төбелесе кетсем, кінәлі болып шығамын» деп ойлаған Айбар жігіттер тепкілеп кеткен соң бірден қалалық ішкі істер департаментіне келіп арыз жазды. Кешікпей бұзақылар ұсталып, тергеу басталды. Тергеуші Айбарды Арсенмен беттестірді. Арсен бұл уақытқа дейін «шатыры» генерал-майорға кіріп шыққан болатын. Ал бастық тергеушіге телефон шалды.
– Не үшін төбелестіңдер? — деп сұрады тергеуші Арсеннен.
– Төбелескен жоқпыз. Мен жай темекі сұрап едім, мынау өзін-өзі ұра бастады.
– Не үшін өзіңді-өзің ұра бастадың? Өзің өзіңе бірдеңе істеп қойды ма?
Айбар: «Қап, босқа таяқ жеген екенмін ғой! Тергеушінің аузы басқа жаққа қисайып кетті!» деп ойлады ішінен. Үнсіз отырды да:
– Темекі сұрады. Темекі шекпейтінімді айтып едім, бәрі жабылып кетті.
– Бұлар жабылып кетпей тұрып, темекі шеге бастамадың ба?
– Міне, дәлел! Көзім ісіп кетті. Көкпеңбек! — деді Айбар.
– Өзіңді аямай ұрады екенсің, — деді тергеуші басын шайқап.
– Біз ажыратып жіберсек те, өзін-өзі тепкілеп тастады, — деді Рамиль жаңалық ашқандай.
– Әуелі жынды ма деп қалдық, — деді Раян.
– Бір анекдот айтып жіберейін бе? — деп сұрады Марк.
– Мына өзін-өзі жәбірлеушінің әрекеті нағыз анекдот екен, — деді тергеуші қағаздарын жинастырып, – Азамат, сіз өзіңізге қасақана дене жарақатын салғансыз. Бұл – заң бойынша ауыр қылмыс. Өз үстіңізден арыз жазыңыз.
– Жаздым ғой, мына бұзақылардың үстінен… — деді Айбар таңғалып.
– Жоқ, олардың кінәсі дәлелденбеді. Өз-өзіңіздің үстіңізден жазыңыз: «Мен, Пәленше Пәленшеұлы, өзімді-өзім темекі бермегенім үшін аяусыз тепкіледім» деп көрсетіңіз.
Айбар «Жазбаймын!» деп кесіп айтты. Ақырында ол өзін-өзі жәбірлегені үшін айыппұл арқалап шықты. Ол сол күні бір қорап темекі сатып алды. Біреу темекі сұраса да, сұрамаса да: «Мінеки, мархабат!» деп бір талын ұстата қояды…
Мұхтар ШЕРІМ,
Шымкент қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!