Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шайнап  бересің!

12.06.2026, 9:25 59

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

Жетпістің жетеуінің желкесінде отырған шал едім. «А» деп аузымды ашсам, қорқып қашып кетесің. Өйткені аузымда бір түйір «генерал» тіс жоқ. Бет-әлпетім ішке қарай шөгіп, иегім мұрныма тиюге сәл-ақ қалған кейпіммен көшеде келе жатып, ескі танысым Шайнабекті көріп қалдым. Шайнабектің аты айтып тұрғандай, жағы тынбайтын, тас шайнаса құм түкіретін, отыз екі тісі сау, қазақтың той-томалағынан қалмайтын дәу жігіт еді.

– Кездескенің жақсы болды, кешке менімен тойға барасың, — дедім мен.

– Ол тойға менің қандай қатысым бар?

– Шайнап отырасың.

– Нені?

– Қазы-қарта, жал-жаяны.

– Сосын?

– Шайнап-шайнап отырасың да, қолыңа төгіп, дастарқанның астымен маған бере қоясың.

– Өзің неге шайнамайсың?

– Ой, Құдай-ай, менде тісім болса, саған жалынып нем бар? Міне, қызыл иек ғана! Саған үлкен жауапкершілік жүктейін деп тұрмын. Сен менің бүгінгі «жеке мобильді шайнау аппаратым» боласың.

Шайнабектің көзі атыздай болды:

– Астапыралла! Ақсақал, заманауи тіс протезі деген шықты ғой, соны салдырып алмайсыз ба? Елдің алдында ыңғайсыз емес пе?

Мен терең күрсіндім. Күрсінгенде де, ішімдегі өкпе-бауырым сыртқа шығып кете жаздағандай ызамен күрсіндім:

– Әй, Шайнабек-ай! Сен осы біздің елдің стоматологиясының бағасын білсең, басың төрт бұрышты болып кетер еді! Оларға барып, «а» дегеннің өзі – бес мың теңге. Тістегі тесікке пломба салудың өзі – жиырма мың теңге! Ол пломбаң келесі күні шайнаған сағызыңмен бірге суырылып шығады. Ал менің мына қаңырап бос қалған «стадионыма» түгел тіс салу үшін екі миллион теңге керек екен! Екі миллион! Егер мен денсаулық сақтау министрі немесе бір облыстың әкімі болсам, ол екі миллион менің бір кешкі шайымның ақшасы болар еді ғой. Өзің білесің, өй, неге күлесің? Мен қарапайым зейнеткермін. Сондықтан, екі миллион төлегенше, саған екі мың теңге берейін, менімен жүр!

– Мен шайнаймын ғой?

– Иә.

– Сіз жұтасыз…

– Иә.

Шайнабек сәл ойланып, «тегін ет пен арақтан» үміттеніп, әрең дегенде келісті.

Содан не керек, той басталды. Ойхой, шіркін, дастарқан үстінде не жоқ десеңші! Қазы-қарта, жал-жая, матадай тілінген қызыл балық… Құрғыр-ай, сілекейім шұбырып, көзім «вальс билеп» кетті. Ең алдымен бауырсақты алып, Шайнабектің аузына тықтым: «Мә, шайна, жалмауыз! Тездет!» Шайнабек бауырсақты аузына салып, әлі шайнап отыр, әлі шайнап отыр. Бір кезде қылқ еткізіп жұтып қойды. Көзім бақырайып кетті:

– Маған ше? — дедім мен.

– Кешіріңіз, — деді ол жұтынып, – Ақсақал, байқамай кетіп қалды. Келесісін беріңіз.

Бұл жолы үлкен, майлы қазының кесегін Шайнабектің аузына тақадым: «Мә, жалмауыз! Жұтып қойма!». Шайнабек қазыны асап алды. Жағы-жағына тимей, зор рақатпен шайнай бастады. Ұзақ шайнады.

Басын изеді. Қазының майы ернінен ағып, көздері жұмылып кетті. Мен алдына тәрелкені тосып едім, «қылқ» еткізіп жұтып қойды. Оның бет әлпетінде «қайтару» деген инстинкт мүлдем жоқ. Елдегі жемқорлар сияқты тек жұта беру екен! Артынан бір сусынды сіміріп салды.

– Қалай екен? — дедім мен.

– Өте жұмсақ екен.

– Әй, оңбаған! Маған ше? — дедім құлағын қытырлатып жеп қоярдай сыбырлап.

– Ақсақал, ренжімеңізші, мына қазының дәмі сондай керемет екен, тілімді үйіріп әкетті. Байқамай жұтып қойдым… — дейді ол көзін жыпылықтатып.

«Ойпырмай, біздің жемқорлар осылай «байқамай» жеп қояды екен ғой!» деп ойладым ішімнен. Қарным ашып, өліп барамын. Ол қазыдан кейін мантыны шайнады. Жұтып қойды. Тортты шайнады. Жұтып қойды. Тіпті шоколадтарды да шайнап, жұтып қойды. Ал мен тек тамашалап отырмын.

Ол асқан шеберлікпен, заманауи блендер сияқты дыбыс шығарып шайнайды да, соңында бәрін өзінің асқазанына сырғыта салады дейсің. Сылтауы көп, уәде бергіш әкім немесе министр сияқты: «Байқамай қалдым», «Алдағы уақытта ескеремін», «Асқазан бюджетін толтырып алайын»…

Той бітті. Елдің бәрі мәре-сәре, қарындары қампиып, үйлеріне тарқасты. Шайнабек те тоқтықтан кекіріп бара жатты. Ал мен пақырың Шайнабекке сендім ғой! Міне, қабырғам қайысып, үйге аштан-аш келе жатырмын. Сосын ішімнен: «Ех, шіркін, екі миллион теңгем болғанда, жемқор стоматологтардың алдында қасқайып отырар едім-ау!» деп бармағымды тістейін десем, масқара, тісім жоқ екен ғой!

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Фото: anekdot.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: