Түскі уақыттан бері, қазақ медиасы биліктегі Amanat партиясы жаңадан құрылған «Әділет» партиясымен бірігуі мүмкін деген ақпаратты жарыса жариялап жатыр. Әлеуметтік желіде «екі партия қосылып жатыр» деген пікір жаппай айтылып жүргенімен, шындығында жағдай сәл басқаша. Бірігу туралы түпкілікті шешім әзірге қабылданған жоқ, мәселе партияның ішкі алаңында талқылану сатысында тұр. Қолда бар деректерді сараптап көрейік.
Жабық отырыс пен ашық мәлімдеме
Маусымның 6-сы күні Астанада Мәжіліс Спикері, Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен партия Саяси кеңесінің шұғыл отырысы өтті. Отырысқа Саяси кеңес пен партия Бюросының мүшелері, Орталық аппарат басшылығы, өңірлік филиалдардың төрағалары мен атқарушы хатшылары қатысты. Ресми қорытындысында партия мемлекеттегі барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерді Әділетті және Прогрессивті Қазақстанды құру жолында күш біріктіріп, жұмыла жұмыс істеуге шақырған мәлімдеме қабылдағанын хабарлады. Байқағанымыздай, ресми мәтінде «бірігу» деген сөз атымен жоқ, тек «топтасуға шақыру» туралы жалпылама тұжырым бар.
Ал отырыстың пердесін түрген – Мәжіліс депутаты, партия Саяси кеңесі бюросының мүшесі Ерлан Саиров. Депутат BES.media басылымына дәл осы шұғыл отырыста «Әділет» партиясымен ықтимал саяси бірігу мәселесі қаралғанын растады.
– Қазіргі кезде саяси кеңес мүшелерінің көпшілігі саяси бірігуді қолдап отыр, – деді Саиров.
Депутаттың түсіндіруінше, кеңес мүшелерінің басым бөлігі президентті қолдайтын электоратты бөліп-жаруға болмайды деген ұстанымда, сондықтан президенттік реформаларды қолдайтын саяси күштердің шоғырлануы маңызды саналады. Сонымен қатар Саиров түпкілікті шешімді тек партия съезі қабылдайтынын атап өтті. Демек әзірге қолда барымыз – ниеттің ресми емес расталуы, ал заңды шешім алда.
«Әділет» деген кім?
Әңгімеге арқау болып отырған «Әділет» – саяси сахнаға енді ғана шыққан құрылым. Партия құру бастамасы биыл 15 сәуірде жарияланып, 7 мамырда Астанада құрылтай съезі өтті, оған қатысқан 931 делегаттың барлығы партияның құрылуын қолдады. Партия 1 маусымда мемлекеттік тіркеуден өтті, яғни ресми мәртебе алғанына екі апта ғана болды. Төрағалыққа осы съезден бірнеше күн бұрын Президент Әкімшілігінің басшысы қызметінен босатылған Айбек Дәдебай сайланды.
Партияның саяси кеңесінің құрамы да назар аудартады. Онда «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, кәсіпкер Андрей Лаврентьев, саясаттанушы Марат Шибұтов, «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров бар. Azattyq радиосы байқағандай, аталған тұлғалардың кейбірі бұған дейін Amanat партиясының мүшесі болған, біразы жаңа Конституция жобасын әзірлеген комиссия құрамына кірген, ал партия қарары Ақорда саясатымен үндес. Сондықтан сарапшылар ортасында «Әділет» президенттік бағыттағы партия ретінде қабылданып отыр.
Уақыт тұрғысынан да маңызды бір жайт бар. Партия Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл тамызда өтетінін жариялаған бірпалаталы парламент сайлауының қарсаңында құрылды, жаңа парламент партиялық тізіммен сайланбақ. Яғни бірігу туралы әңгіме ел тарихындағы аса ірі саяси науқанның табалдырығында өрбіп жатыр.
Биліктегі партия үшін бірігу – таныс жол
Тарихқа қарасақ, билік партиясының басқа партиялармен бірігуі Қазақстан үшін жаңалық емес. Қазіргі Amanat-тың арғы тегі «Отан» партиясы өз заманында Қазақстанның халықтар бірлігі партиясын, Азаматтық және Аграрлық партияларды, «Асар» партиясын қатарына қосып алған еді. Ал 2022 жылғы сәуірде «Нұр Отанның» Amanat болып аталуымен қатар өткен съезде «Адал» партиясы да Amanat құрамына енген. Алайда осы жолғы жағдайдың бір түбегейлі айырмашылығы бар. Бұрынғы бірігулерде ұсақ партиялар алып партияға келіп қосылатын, ал қазір керісінше – чиновниктер мен қоғам қайраткерлері топтасқан жап-жаңа партияның төңірегінде ширек ғасырлық тарихы, мыңдаған бастауыш ұйымы мен миллиондаған мүшесі бар алып партияның тағдыры талқыланып отыр. Бірігу қалай жүзеге асады, жаңа құрылым қалай аталады, Мәжілістегі көпшілік фракцияның жайы не болады – ашық сұрақтар жетерлік.
Түйін
Түйіндей кетсек, бүгінгі таңда нақты белгілісі мынау. Amanat Саяси кеңесінің шұғыл отырысында «Әділетпен» бірігу мәселесі қаралған, кеңес мүшелерінің көпшілігі идеяны қолдайды, бірақ ресми мәлімдемеде бірігу туралы тікелей сөз жоқ, ал түпкілікті шешімді партия съезі ғана қабылдай алады. Елде қазір ресми тіркелген сегіз партия бар, тамызда бірпалаталы парламент сайлауы күтіп тұр. Егер бірігу туралы шешім қабылданса, мұның өзі соңғы жылдардағы партиялық кеңістіктегі ең ірі өзгеріс болары сөзсіз.
Коллаж: qazdauiri.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!