Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бала мен ашық терезе: Қауіп қайдан келеді?

24.07.2025, 10:00 257

Бүгінде балалардың терезеден құлауы өзекті мәселенің бірі болып отыр. Иә, қазіргі уақытта ата-аналар балаларына қарауда немқұрайдылық танытуда. Себебі, ата-ана жауапкершілігіндегі, әлі оң-солын ажырата алмайтын бүлдіршіндердің көпқабатты үйдің терезесінен құлау оқиғалары жиілеп кетті. Соңғы 3 жыл көлемінде өңірде 30-дан аса бала терезеден құлап, оның біреуі қайғылы оқиғамен аяқталған.

Әсіресе, жаз айларында бұл жағдай жиілей түседі. Неге? Өйткені, ата-аналар терезені ашық қалдырып, бір сәттік қараусыз қалған баладан айырылып қалуы мүмкін. Бұл мәселеде себеп біреу-ақ – балалардың өміріне келгенде ата-аналардың салғырттық танытуы. Ал терезен құлау, әсіресе балалардың ауыр жарақаттануы мен өлімнің негізгі себептері саналады. Қазіргі уақытта бұндай оқиғалар көптеп кездескендіктен түсіндірме жұмыстарына құнттап кірісіп, алдын алу шараларын қарастырған абзал. Себебі, балалар ашық терезенің алдында өте осал болатыны анық.

ҚАУІПТІҢ  БАСТЫ  СЕБЕБІ  –  АТА-АНАНЫҢ  САЛҒЫРТТЫҒЫ

Мұндай оқиғалардың жиілеуі қоғамда үлкен резонанс туғызып, ата-аналар мен мемлекеттік органдарды шұғыл әрекет етуге мәжбүрлеп отыр. Десе де, ең басты жауап­кершілік – бірінші ата-ана мойнында. Бала тәрбиесі мен қауіпсіздігі – ең әуелі отбасының міндеті. Сонымен қатар, бұл бағытта құзырлы органдардың да жүйелі жұмысы аса маңызды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, соңғы 3 жылда облыста 30-дан аса баланың терезеден құлау оқиғалары тіркелген. Облыс­тық төтенше жағдайлар департаментінің айтуын­ша, 2023 жылы – 14, 2024 жылы – 17, ал  жыл басынан бері 2 оқиға фактісі тіркелді.

— Көпқабатты тұрғын үйлердің басым көп­шілігі облыс орталығында орналасқандықтан, жазатайым оқиғалар Қызылорда қаласында жиі  болады. Соңғы 3 жылдағы ақпаратқа сәйкес, көбіне 1-3 жас аралығындағы балалардың құлау фактілері 17 рет тіркелді. Дегенмен, 2024-2025 жыл бойынша қаза болғандар жоқ, 2023 жылы Жаңақорған ауданында 1 қаза болу фактісімен аяқталған. Балалардың терезеден құлауы соңғы 3 жылдағы ақпаратқа сәйкес, жылдың мамыр айында жиі кездесуде. Яғни, 3 жылдық көрсеткіш бойынша 10 баланың мамыр айында терезеден құлау оқиғасы жиі тіркелген. Жыл сайын облыс аумағында балалардың көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен, балкондарынан құлап кету жағдайлары тір­келуде. Балалардың терезеден құлау фактісінің басты себебі ата-аналардың балаларды бақылаусыз қалдыруы, терезеде бекіткіш торлардың болмауы, балалардың терезе алдында ойнауынан және терезе блоктарының болмауынан болып отыр, — дейді Қызыл­орда облыстық төтенше жағдайлар депар­таментінің  қызметкері  Ә.Асқарұлы.

ҚАЙҒЫЛЫ  ЖАҒДАЙДЫҢ  АЛДЫН  ҚАЛАЙ  АЛУҒА  БОЛАДЫ?

Расында да, бұндай оқиғалардың жиілеуі тек бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның жүрегіне жара салатыны белгілі. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Иә, мұндайда балалардың терезеден құлауына ең жиі себеп болатын жағдайлар мен алдын алу жолдарын ескеру аса маңызды. Біріншіден, терезедегі қауіпсіздік торларының маңызы өте зор. Не болмаса, терезенің ашылуын шектей­тін арнайы құлыптар орнату. Сондай-ақ, тере­зе алдына жиһаз қоймау, балаларға қауіп­сіздік туралы түсіндіріп, әр­дайым бақылауда ұстау қажет. Көп ата-­аналар тере­зеге арналған қарапайым торлар баланы қорғайды деп сеніп қателеседі. Бірақ ол – жай ғана жәндіктерден қорғайтын қара­пайым «москиттік» тор. Бұл жағдайда балалардың терезеден жиі құлауының себебіне психолог  мамандар  да  назар  аударады.

— Терезе не балконнан құлайтын жағдайдағы балалардың  жас  ерекшеліктеріне қарай, мінез-­құлықтық, психологиялық факторлармен байланыстыруға бола­ды. Мәселен, кішкентай балалар айналаны зерттеуге құмар болады. Олар қауіптің не екенін толық түсінбейді, соның салдары­нан  ашық тере­зеге  жақындап, құлап  кетуі мүмкін. Ал бұндай жағдайға ата-аналардың баланың іс-әрекетіне жеткілікті назар аудармауы немесе қауіпсіздік шараларын сақтамауы да маңызды фактор саналады. Кейде балалар назар аударту үшін қауіпті әрекеттерге бара­ды. Бұл ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың бұзылуынан да болуы мүмкін. Сондай-ақ, үлкендер­дің мінез-құлқын қайталау факторы. Балалар ересектердің іс-әрекетін бақылап, соларды қайталауға тыры­сады. Егер ересек адам тере­зеге сүйе­ніп тұрса немесе ашық терезе маңында еркін жүрсе, бала да солай етуі ғажап  емес, — дейді  психолог  маман  Перизат  Акимова.

Терезеден балалардың құлауы­ның алдын алу үшін басты талап ата-ана жауапкершілігіне жүктелсе, құзырлы органдардың ақпараттық-түсіндірме жұмыстары, бақылау шаралары, жедел әрекеттері және статистикалық талдау  жүргізуінің  айрықша  рөлі  бар.

— Балалардың терезеден құлауы фактіле­рінің алдын алу бойынша қажетті жұмыс­тар жыл ішінде атқарылуда. Көпқабатты тұрғын үйлердің және мини-маркет, сауда орындарының кіреберіс есіктерінің тұсына үгіттеу-түсіндіру парақтары ілініп, тұрғын үй ауласында ескерту, түсіндіру іс-шаралары жүргізілуде. Қазіргі таңда 22  рет  интервью, 21 рет «LED» экран арқылы бейнероликтер көрсетілді. Көп­қабатты тұрғын үйлердің 3 мыңнан аса тұр­ғынына жадынама парақшалары таратылып, басылым­ға 35 рет мақала жарияланды және 110 дана терезе блоктары орнатылды. Әлеуметтік желілерге (фейсбук, инстаграм, твиттер) терезеден құлау фактісін болдырмаудың алдын алу мақсатында жаңартылған материалдар жарық көруде.  Алдын алу себептері бойынша балалардың қауіп­сіздігін сақтау бұл бірінші кезекте ата-ананың басты назарында болуы  қажет. Күнделікті  өмірде балаларға терезе алдында ойнамау керектігін түсіндірудің  маңызы  зор, — дейді  Ә.Асқарұлы.

Қоры­тындылай келе, бала – біздің бо­лаша­ғы­мыз, ең қымбат қазынамыз. Олардың қауіп­сіз­дігі үшін жауапты – бірінші кезекте өзіміз. Бір сәттік бейқамдық немесе салғырт­тық қайғылы жағдайға әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан, жаз мезгілінде ғана емес, жыл бойы терезе қауіпсіздігіне аса мән берген абзал. Қауіпсіздік шараларын елемей, «бізде ондай болмайды» деген жаңсақ ойдан арылу керек. Бала – қорғансыз, ал оған қорған болатын сіз ғана. Баланы жоғалтудан артық қайғы жоқ. Осындай оқиғалар көбеймесін десек, әр отбасы өз үйіндегі қауіпсіздікті  бірінші  орынға  қоюы  тиіс.

Оразкүл  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: