– Сен қай үйірмеге келдің?
– Жандос, киіміңді әкелмедің бе, ағай ұрысады қазір.
– Саламатсыз ба, домбыра үйірмесіне жазылайық деп едік.
– 6-сынып оқушысына қандай үйірмелер бар?
Бұл – «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясындағы бір күнгі сюжет. Естігенімді емес, көргенімді баяндайын. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз туры осы шығармашылық орталықта өтті. Мұнда келген жас жеткіншектердің жанарынан үйірмелеріне деген ынта-ықыласты көріп, көңіл мейірленді.

Сыр өңірі орталығында бой көтерген «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясы жақында ашылған болатын.
Салтанатты іс-шараға ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев арнайы қатысқанын да білеміз. Министрдің өзі бастап келген бұл білім ордасының ашылуы аймақ жұртшылығы үшін үлкен қуаныш болды. Оның ішінде балаларға ерекше әсер сыйлағаны жасырын емес.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай салынған білім ордасы заманауи технологиялармен қамтамасыз етілген. Соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған шығармашылық орталық оқушы қабілетін жетілдіріп, дарынын шыңдауда айтарлықтай үлес қосуда.
«Мақсат – шығармашылық пен жаңашылдыққа бейім тұлға тәрбиелеу»
– Шығармашылық-инновациялық академия бір мезетте 500 оқушы, тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдайды. Мұнда бассейн, топтық жаттығу бөлмесі, көркем гимнастика және фитнес залы орналасқан. Сондай-ақ үстел ойындарына арналған кабинет, жекпе-жек, үстел теннисі залдары бар. Барлық залда ұлдар мен қыздарға арналған жеке-жеке киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған. Көркемдік-эстетикалық бағытта кескіндеме, сурет салу, резин арт бөлмесі, балалар шығармашылығы шеберханасы, сәндік-қолданбалы өнер, FabLab, дыбыс жазу студиясы, робототехника және жасанды интеллект, биотехнология, 3D модельдеу, КИП және автоматтандыру, киберспорт және математика кабинеттері жұмыс істейді.
Академия – балалар мен жасөспірімдерге қосымша білім беру саласында жұмыс істейтін орталық. Балалардың өнерге, ғылымға, технологияға деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілетін ашуға мүмкіндік береді. «Сыр жұлдыздары» академиясының басты мақсаты – заманауи талаптарға сай жан-жақты дамыған, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген шығармашылық пен жаңашылдыққа бейім тұлға тәрбиелеу, – дейді «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық инновация академиясы» қосымша білім беру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры міндетін атқарушы Жанар Бимұратқызы.
«Жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанғым келеді»
Осы орталық ашылғалы келіп жүрген жеткіншектің бірі – Айсұлтан Дінмұхаммедұлы. Оның айтуынша, басында үйірме таңдау аздап қиындық туғызғанға ұқсайды. Себебі, мұнда барлық үйірме бар. Ата-анасының кеңесімен спорттық үйірмеге келуді жөн санаған.
– Үстел теннисі үйірмесіне қатысып келемін. Ұстазымыз ракетканы қалай ұстау керектігін, допты сеткадан қалай асырып ұру дұрыстығын тиянақты үйретіп жатыр. «Ұлағат» білім ордасында 6-сыныпқа көштім. Жасым 11-де. Бір топта 15 шақты бала жаттығып жатырмыз. Сабақ басталған соң да жаттығуымды жалғастырып, үлкен жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанғым келеді. Орталықта барлығы жаңа. Арнайы киім ауыстыру бөлмелері де бар. Спорт үйірмесі адамға сергектік сыйлайды. Жаттығу барысында барлық дене мүшелеріміз қозғалып, ширай түседі. Бұл өзім қатарлы балалардың нағыз спорт маманы болуға пайдасы зор, – дейді ол.
Негізінен орталықта 40-қа жуық үйірме ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта соның тең жартысы ашылып, балалар қабылдауда. Алдағы уақытта толық ашылып, өңір жеткіншектерінің бос уақыттарын тиімді пайдалануға сеп болмақ. Академия 3 қабаттан тұрады, жалпы күніне 3000 баланы қамтуға қауқарлы. 7 бағыт бойынша 39 үйірме жұмыс істейді. Олар – спорт және сауықтыру, ғылыми-техникалық, гуманитарлық-шығармашылық, көркемдік-эстетикалық, психологиялық дайындық, өлкетану және жастар қозғалысы. Мұнда балаларға тек білім беріп қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін, патриоттық рухын арттырып, елге деген сүйіспеншілігін оятуға ерекше көңіл бөледі.
«Жауапкершілік болған жерде жеңіс болады»
Баспасөз туры барысында барлық үйірмені дерлік аралап шықтық. Солардың бірі – еркін күрес үйірмесі. Бізді қызықтырған тұсы – мұндағы балалар бір дамылсыз қуана күресіп, ынталы жігері мен кіршіксіз пейілі болды.
Үйірме жетекшісі балалар уақытылы, үзіксіз қатысып жатқанын айтып, ризашылығын жеткізді.
– Еркін күрес үйірмесіне қызығушылық танытып жатқан балалар қатары қалың. Бұған дейін де мектепте күреске қатысып, шыңдалып қалған балалар да бар. Алдымен жаппай қабылдап, ішінара іріктеу өткізіп жатырмын. Содан кейін деңгейіне, салмақ дәрежесіне қарай бөліп, сабақты бастаймыз. Ең басты айта кететінім, балалардың ықыласы өте тамаша. Бірінші күннен кейін-ақ меңгеріп, алып кеткендер кездеседі. Облысымызда осындай орталықтың ашылып, балаларға тегін үйретіп жатқанына қуаныштымыз. Алдағы уақытта үлкен нәтижелі жұмыстар болады деп ойлаймын. Бізге бұл жауапкершілік жүктейді. Ал, жауапкершілік болған жерде жемісті жұмыс пен жеңіс бары белгілі. Сыр өңірінің атын шығаратын шығармашыл жастар қатары арта бермек, – дейді еркін күрес спорт үйірмесінің жетекшісі Бақтияр Батырбек бізбен әңгімесінде.
Сөз соңы
Қазір балалар жазғы каникулда. Оқу басталғаннан кейін де келемін деген талапкер жас сабақ реттілігіне қарай уақытын қарап, қатысуға мүмкіндігі бар. Әр сабақ 90 минуттан аптасына 3 мәрте болады. Өнер, мәдениет, ғылым және IT салалары бойынша қабылдайтын бұл білім ордасы бойында дарыны бар әр баланы қабылдап, қабілетін ұштап, жетілдіріп шығармақ.
Өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған оқу ордасынан әлі талай талант түлеп ұшарына біз де бек сенімдіміз.
Тұрар Бекмырзаев






Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!