Асылзат АРЫСТАНБЕК
Өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан ақын Асылзат Арыстанбек Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққұм ауылында туған. Қазір Түркістан қаласында тұрады, 4 баланың анасы. «Бесінші маусым», «Сіз ғана» атты екі поэзия кітабы бар. Антологияларға өлеңдері енген. «Дертті жеңуге болады!» деген психологиялық-мотивациялық кітап шығарған. Биыл тағы екі поэзиялық және екі психологиялық кітабын оқырман олжасына айналдыру ойы бар.
ДОНОР
Наз айта алман дүние тарлығына,
Өлгеннен соң өмірлік мәнді ұғына:
Жұпар аңқып жүрсін деп жер бетінде,
Жанымды бөліп берем барлығыңа.
Дүниеде дөп түссең жарасым көп,
Жатсынбаймын сарысың, қарасың деп.
Тасжүрекке беремін жүрегімді,
Жан-жағына мейірмен қарасын деп.
Салынып қайтем босқа сараңдыққа,
Тіреуі жоқ адамға болам тұтқа.
Бүйрегімді беремін бүлкілдеген,
Бүйрегі бұрсын деп тек адалдыққа.
Сеніміммен талайды серік көріп,
Жүрген жанмын өмірге жерік болып.
Адамзаттың барлығын бауыр тұтқан,
Бауырымды алыңдар бөліп-бөліп.
Қиындыққа қаншама бүгілмеген,
Түңілді деп ойлама бүгін неден?
Күллі әлемді көретін көрікті ғып,
Көздерімді алыңдар күлімдеген.
Ештеңе жоқ бұл жерде таңғалатын,
Ақ жүрегін көрсетсе аңғал ақын.
Түңілгенді жырымен демеп жүрер,
Тілімді де алыңдар бал таматын.
Көтер деп те дәметпен төбеңізге,
Тіршіліктің тезіне көнеміз де.
Өмір болса ешкімнен аянбаспын,
Өлген соң да жарайын кәдеңізге.
***
Көп сұрақты тосады әкеп ми маған,
Көсіп алып қорытылмас құймадан.
Өмір деген ескі кітап сияқты,
Бірде-бір сөз оқи алмай қиналам.
Кітабы жоқ адам қандай бақытты,
Себебі олар таңдамайды бағытты.
Кейде біздер сол кітапты бостан-бос,
Парақтаумен өткіземіз уақытты.
Бәлкім мұнда құпия бар киелі,
Түсінгенге шапағаты тиеді.
Енді бірі ұқпаса да ештеңе,
Сол кітапты суреті үшін сүйеді.
Ол кітапты дей алмайсыз дерексіз,
Сол дерекке тәуелдісіз демек сіз.
Түгелімен отқа жаға салғанмен,
Жырта алмайсыз парақтарын керексіз.
Болғанымен сезіміміз, санамыз,
Бір-ақ сөзбен аяқталар бар аңыз.
Өзімізге түсініксіз кітаптың,
Біз тек қана кейіпкері ғанамыз.
***
Ішімдегі сәбиді жоғалтып ап,
Ішім удай ашиды өкініштен.
Бетімізді опамен ағартып ап,
Айналысып жүреміз жетім іспен.
Аярлықтан жоқ сірә асқан мықты,
Бауырды да сатуға бейім тұрып.
Түрмесіне қамалдық бостандықтың,
Сейфтердің ішінде сейіл құрып.
Қалтасы қалыңдаса құтырады ә,
Кәнден ертіп жүруді ырыс көріп.
Оқшантайын толтырып бытыраға,
Оншақты оққағарға жұмыс беріп.
Кеспіріне болайын кер заманның,
Ұшқалақ қыздың өзін Ұмай көред.
Уын еміп жатқан соң кіл зәһардың,
Санамдағы сәбиім жылай беред.
Бояу жағып табиғи көркімізге,
Кімге керек Құдайды алдағаным.
Ішіңізге үңіліп көрдіңіз бе?
Балаң сезім баяғы бар ма әлі?
***
Өмірдің өткендей шебінен,
Тағдырдың өткендей тезінен.
Адамдар ақылды шетінен,
Ал тілі ұзындау өзінен.
Тіл деген буынсыз, тұрақсыз,
Ермегің сәттерде еріккен.
Бәріміз бір ғана сұрақпыз,
Ал жауап көп осы неліктен?
Білмейтін жауабын бермесе,
Білгенін бәрібір жасар ед.
Ділмарлар дәлелмен сөйлесе,
Әлемді үнсіздік басар ед.
Қосылмай күн кешу дүрмекке,
Өмірдің бағалы мәні бұл.
Тыныштық тылсымын білмекке,
Үнсіздік сөйлейді бәрібір.
Сонан соң тағы да сұрақтар,
Дәлме-дәл берілмес жауаптар.
Тілден де ұзындау құлақтар –
Тыныштық кітабын парақтар.
Өлшеуге сөйлемнің көлемін,
Адамның жетпейді санасы.
Ал өмір өлшемі дегенің –
Ауыз пен құлақтың арасы.
ҚУЫРШАҚ
Біз бәріміз қуыршақпыз түбінде,
Басқаруға, бағынуға көндіккен.
Қуыршақтар сөйлейді адам тілінде,
Бірақ олар сөйлей алмас өрлікпен.
Қуыршақтар, құлыншақтар қылығы,
Сізге мүмкін көрінеді әдемі.
Ол кәдімгі саясаттар былығы,
Сайлауалды сабылысқан әлегі.
Сізге сірә, оны ұғу қиын-ақ,
Нәзік жіппен басқарады нән күштер.
Бес саусаққа бес қуыршақ киіп ап,
Өз тілінде сөйлетеді әртістер.
Иесі емес ой-қиялдың, сананың,
Түр-тұрпаты аумай қалған өзіңнен.
Жанған оттай жалтылдайды жанарың,
Бірақ ұшқын көрінбейді көзіңнен.
Ауыз да бар, сүп-сүйкімді оймақтай,
Тілге бірақ танытыпты сараңдық.
Саясаттың тереңіне бойлатпай,
Сахнада ойнатады алаң ғып.
Шыға алмайсың белгілі бір қалыптан,
Сценарийге бағынасың әуелгі.
Сахнаны биік қойып халықтан,
Тек әртістер басқарады әлемді.
Ұйқыдамыз, сияқтымыз айкезбе,
Ә, айтпақшы жанымыз бар рухсыз.
Саясаттың сахнасы кей кезде,
Бізбен тіпті ойнауға да құлықсыз.
Көшірмесі ғана сынды тәніміз,
Айтшы өзің «Адаммын!» деп жар сап па ең.
Олай болса қуыршақпыз бәріміз,
Бізді біреу басқарады саусақпен.
Қане, досым, кіріс енді ісіңе,
Жаратпайды ол жатыпішер жалқауды.
Білек емес саусағының күші де,
Сені мыжып жіберуге қауқарлы.
Ұнатпаса, ойна, жыла басқаша,
Көрінуің керек мұнда сан қырың.
Сахнадан кете алмайсың ешқашан,
Ол драма – сенің мәңгі тағдырың.
***
Абайдың көшесінде Астанада,
Тас мүсін бар танитын жас бала да.
Бас ақынды қоладан құйған шебер,
Айбын беріп тұрсын деп бас қалаға.
Еш өкпең болмаса да тасқа сенің,
Көзіңнен көрінбейді жасқа сенім.
Жолымнан қалсам дағы сәлем берем,
Қолымнан не келеді басқа менің.
Қолымнан келген болса мүсіншілік,
Кеудеңнің алар едім күзін сығып.
Келешектен үмітің үзілгендей,
Төменшіктей бересің жүзің сынып.
Жазғырып қайтем босқа өнерліні,
Мүмкін бұл мүсіншінің шеберлігі.
Әйтеуір төмен қарап тұрасың сен,
Төмендеп кеткендей-ақ өлең құны.
Қасқайып тұрар ма едің құба белде,
(Көліктер бара жатыр шұбап өрге).
Қарағың да келмейтін шығар бәлкім,
Бас-басына би болған мына елге.
Зымыраған заманға ой жетпеуде,
Запыран құсып жүрмін ой жеп мен де.
Жүзіңді тіктей алмай тұрсың бәлкім,
Кіндігін жалтылдатқан бойжеткенге.
Қарарыңды біле алмай қайсы көшке,
Қабағыңды түйе алмай қайқы төске.
Қарауға ұялатын шығарсың-ау,
Құлқынын ақша тескен байшыкешке.
Төзген едің талай сын, азаптарға,
Бұдан өткен дейсің бе азап бар ма?
Қарауға дәтің бармай тұр ма әлде,
Қазақша сөйлемейтін қазақтарға.
Мүсінші әлде сені түсінбеген,
Дәлелдер екен мынау ісін немен?
Тас мүсін болсаң дағы табаныңа,
Рухыңды сезіну үшін келем.
Тас мүсін болсаң дағы ерен санап,
Алсам деп келем ылғи сенен сабақ.
Шулаған көліктердің арасында,
Тұрасың да қоясың төмен қарап.
Күлбілте көбейген соң елде манап,
Көрмейді тас мүсінді өрге балап.
Әй, бәлкім бекер тұрсың мына жерде,
Томсарып, тас бүркеніп, жерге қарап.
Кінәң жоқ тастан тұлғаң ойылғасын,
Қаланың ортасына қойылғасын.
Абайламай жолыңды кескен қазақ,
Абайды осылай да мойындасын.
ТҮНГІ ҚАЛА
Түнгі қала – алып асхана…
Жо-жоқ, масхана,
Дөрекі даяшы, есірген музыка, жылаған жас бала…
Қаланы күнәдан тазартып жүргендей,
Көше сыпырушы көзінің астымен қарайды жасқана.
Түнгі қала – уақыттың ең қараңғы нүктесі,
Жым бола қалады таң ата жынойнақ біткесін.
Аялдамада ең соңғы жабыққан жолаушы,
Автобус келмейді. Күту керек қой күткесін!
Жамырап жатса да жарықтар,
Жарық емес қой бұл әлем,
Алыстан үзіліп жетеді сағынышын жоқтаған бір әуен.
Ай ғана қарайды аспаннан ұялып,
О, түннің Тұмар-ханымы сен неден кінәлі ең?!
Ышқынған жедел жәрдемнің дауысы
Қашып шыққандай мақшардан,
Біреудің соңғы демінің куәсі,
Әлде жаңа өмір ме басталған.
Алып машина аптығып барады су шашып,
Алып қаланың көшелеріне ластанған.
Түнгі қала түксиген қабағы,
Былғанған дәуірдің балағы.
Көшенің оттары – сұлудың жылауық жанары.
Масхана ішінде мәз болған тобырға,
Терезе сыртынан мазһабы бөлектер жиіркене қарады.
Түнгі қала – бұл да бір бәдәуи бүркенген,
Бетперде киіп ап шілтерден.
Құрани аяттан тіл терген,
Ал-ы-ыс-тан азанның дауысы естілер,
Міз бақпас мешіттен күмбезін төңкерген!
Таң атып келеді ә,
Түннің бар күнәсін көтеріп,
Тып-тыныш бола қап қала да,
Бейкүнә қалыпқа енерін кім көрген?
Мен әлі отырмын балконда,
Шыға алмай оранған көрпемнен…
***
Қадіріне жеткен кезде бес күннің,
Кешіре алмай өзімді-өзім кештім мұң.
Кере-кере кеудем бір күн тесілді,
Көргім келмей табалауын ешкімнің.
Сөйтіп-сөйтіп сансыраған күйге ендім,
Достарымның мысқылына түйрелдім.
Ұстамыма қарсы келіп тұрса да,
Дұшпанды да кешіруді үйрендім.
Жаман доспен қайтем босқа өшігіп,
Жақсылыққа ашық дәйім есігім.
Өзгелердің қателігі үшін де,
Өзім кейде сұрай салам кешірім.
Бақ күшімнен тастың өзі еріген,
Дақ түсірмей өтсем деп ем тегіме.
Қателікпен жаза бассам, адамдар,
Кешіріңдер мені де!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!