Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жүзжылдық жылнамаға жетсін!

15.05.2025, 9:40 332

«Халық» газеті жалпақ жұрттың көкейіндегіні бұқпай, бұ­қараға жеткізгендігімен қалың оқыр­манды  баурап  алды. Тәуел­сіз  басылымның алғашқы беттері­нен-ақ әділет туы жығылмай, таразының басы тең ұсталатынын байқауға болады. Отандық, шетелдік сарапшылар пікірлері, сала мамандарының сыни көзқарастары, ғалымдар тұжырымдары қамтылатын талдамалы, сараптамалық материал­дар басылымның салмағын арттырып келеді. Ең бастысы, журналистері әдептен озбай, бейтараптықты сақтап, соңғы шешімді оқырманның өзіне қалдырады.

Басылымда қордаланған мә­селелердің түйіні тарқатылған тақырыптар талай рет қоғамдық резонанс тудырды. Ондай кезде редактордың телефонына тыныштық жоқ. Газеттің бас редакторы Нұржан Нұрмағанбетовке басылыммен байланысы бекем, өздерін «доспыз» деп санайтын мекемедегілер хабарласып: «Бұларыңыз қалай? Біз сіздерді өз іс-шараларымыздан қалдырмай­мыз» деп назын білдіретін. Егер біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы деп қарайтын болсақ, газет баяғыда-ақ негізгі миссиясынан сырт айналып, мадаққа бас ұрған басылымға айналар еді… Алайда бас редакторымыз алдыңғы шептегі қорғанымыз болатын. Бізді жауға да, дауға да бермейтін. Мұндай қалқаны бар қалам иелері неден қорықсын?! Күйсандықта ойнағандай оңды-солды тербелген саусақтар пернетақ­тада  жүйтки  жөнелетін…

«Халық» газеті – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің журналистика мамандығында білім алған үздік студенттердің еңбек жолы басталған басылым. Солардың қатарында мен де бармын. Шеберлер ұстаханасы шығармашылыққа бейімі бар жастарды балапан кезінде баптап, қанатын қомдап, ұядан ұшырады. Білуімше, бұл дәстүр сабақтастығы әлі күнге дейін жалғасып  келеді.

18 жасымда Скатков  көшесін­де­гі газет редакциясына имене кіріп, ақпарат айдынындағы алғашқы жолымды бастадым. 2-курста келген біздің қатемізді түзеп, күзеп, газеттің бас редакторы Нұржан Әбжанұлы мен аға тілші Назерке Саниязова қолымызға алғаш әліппе ұстатқандай шимай-шатпағымызды жөндеді. Алғашында артық ауыз сөзді жаратпайтын ақпарат жазғанда, ойды, қырды түгендеп шығатын едік. Кейіннен аз болса да, саз жазу өнер екенін түсініп, әлем әдебиетінің классигі, орыстың белгілі жазушысы Антон Чеховтың «Қысқалық – таланттың қарындасы» деген ұстанымын санаға тоқыдық. Осында жүріп, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, бәйгеге бапталдық. Жүлдесіз қайтпадық. Бұл біздің ғана емес, басылымның  да  беделін  өсірді.

Газетке жұмысқа орналасқан уақытта алғаш журналистік куәлігімді қолыма ұстап, «Еуразия» спорт кешеніндегі іс-шараға бардым. Таңғы сағат 10:00-де басталған спорттық сайысты сағат 16:30-ға дейін көріп, редакцияға келдім. Жұмыстағылар: «Сонда сен бағанадан бері сонда жүрсің бе?» деп таңданыс тудырды. Мен салмақты жүзбен: «Иә» деп жауап бердім. Сонда әріптесім Нұрбике Қазиқызы: «Спортзалдың орындықтарын көтеріп, бір-ақ қайттым десейші…» деп әзілдегені бар. Мұндай іс-шаралардың басына қатысып, соңынан қорытындысын ала салатынын  кейін  білдік  қой…

Ерекше  атап  өтетін жағдай, «Халық» газетінің жұрт көзінен тасада ұстайтын «балгері» бар. Газет­тің соңғы бетіндегі «Жұлдыз-жора­малды» әр апта сайын асыға күтетіндер: «Осы сендерде соңғы бетті кім дайындайды? Менің жұлдызнамам тура келеді, қалай бәрін білетініне таңым бар» деп таңғалатын. «Ішің білсін әлу-ай» деп бір жымиып, редакция құпиясын сырт­қа  шығармайтынбыз.

Сан саланы қамтыған басы­лымның «Құқық  құрығы», «Саламат», «Ұстаз», «Мәдениет», «Тағдыр», «Ойпырмай» сынды арнайы беттері болатын. Олар айына бір рет шығатын. Тек «Құқық құрығы» ғана апта сайын оқырманымен қауы­шатын. Осы беттің тізгіні Назер­ке Саниязовадан кейін маған бұйырды. Бұл арнаулы бет арқылы салалық журналистикаға ептеп етім үйреніп, машықтана бастадым. Алғашында сырттан келген ақпаратты түсініп, өңдеп, жария­лағанымызға мәз болсақ, кейін аражігін ажыратқан соң, брифингтерде батыл сұрақтар қоя бастадық. Осы тұста салалық журналистиканың маңызына бойладық. Кей жұрт журналистерді «әр саланың басын бір шалады» деп кекетіп, мұқатады. Осы олқылықтың орнын толтыратын бірден-бір бағыт – сала­лық журналистика. Журналист бір  сала  туралы  тұрақты түрде жазып, тәжірибесі толысқан сайын сол сала маманымен  тең түспесе, кем  түспесі  анық.

Мені бұл басылымның ортасына әкелген тілші Дастанбек Садық болатын. Дастан – қаламы жүйрік, азаматтық ұстанымы бөлек, кітапкеміргіш журналист. Өзі де, сөзі де ірі жігіт. Әжем марқұм үйге газет апарсам, ең бірінші «Дастанбек не жазды екен?» деп газет парақтайтын. Кейіннен біздің де жазғанымыз әжеміздің көңілін аударды. Сонда да «сол бала тәуір жаза­ды» деп аузынан тастамайтын. Сондай қаламының желі бар журналистің бізді шығармашылық ортаға сүйрегеніне ризамыз.

Редакция жастардан құрал­ғандықтан, қызық оқиғалар жиі болатын. Газет тілшілері Дастанбек Садық пен Әйгерім Нәжмадин – бір ауылдан. Бір мектепте оқыған, бір құдықтан су ішкен. Соны сылтауратып, бір-біріне «құдықтасым» деп қалжыңдасатын. Сол кездегі басылым тілшілері Нұрбике, мен, Әйгерім, Нұрбай, Жази­ра бәріміз бас қосып, пікір тарқататын дебаттар шетелдік Парламент депутаттарының айқайынан кем түспейтін. Біз сол аптадағы соңғы жаңалықты немесе әлеуметтік мәселені талдап, жан-жақтан ой қозғайтынбыз. Бұл біздің бір-бірімізге деген сенімімізге селкеу түсірмеді, керісінше, сыни ойлау дағдымызды  дамытты.

Осы ретте 25 жылдық тари­хы бар «Халық» газеті­нің мерейтойы жүзжылдық жылнамаға жетсін деп тілек білдіреміз. Талай талантты түлеп ұшырған ыстық ұяның беделі биіктей түссін! Медиакеңістікте орнын айқындаған басылым аяғынан нық тұрып, қатпарлы тарих қойнауына қазыналы  болып  енсін!

Гауһарай  ЕСІМОВА,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

«Журналистика» білім беру бағдарламасының докторанты,

ҚР Ішкі істер органдары Медиа орталығының журналисі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: