Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«90+1»: Тәуелсіздік ұрпақтарының үндеуі

06.05.2025, 7:20 255

Кино – жай ғана фильм емес. Оның идеясы – көрерменге жолдама. «90+1» – футболшының жай ғана нөмірі емес, бейнелі түрде айтқанда Тәуелсіздік алған 1991 жылғы буын өкілдерінің іштей булығып жатқан үндеуі.

Қазақ балаларының әлемдік деңгейдегі футболшы болу туралы армандары ауладағы алаңнан неге аса алмай жатыр?! Бұл – «90+1» фильмінің басты идеясы. Көтерген мәселесі өткір. Идеяның концепциясы оның ішкі әлеуметтік тұстарының шындығын ашады.

Футболшылар қалай өмір сүріп жатыр?! Тұрмыс тауқыметінде қалған спортшыны іштей қандай мәселелер мазалайды?! Аяқтың емес, ой жылдамдығы алдыңғы планға шыққан цифрланған дәуірде доп қуалауды кәсіби мамандыққа айналдырудың қандай пайдасы бар?! Бұл сұрақтарға фильмнің айтар өз  жауабы  бар.

«90+1» – мотивациялық фильм. Қазақ киносында спорттың осы түрін насихаттау мен оның ішкі мәселесін көтеріп отырған бірегей фильм. Отандық киноөндірісінде спорттық өнер түрлері мен ондағы тұлғалардың өмірбаяндық жолдарын насихаттайтын фильмдер жоқ десек те болады.

Футбол – спорттың залалсыз жеңіл түрі. Командалық мүддеге жұмыс істеуге бейімдейді. Физикалық күш-жігерді көшедегі жабайы төбелес пен қарақшылыққа жұмсамай, кәсіби спорттағы ережемен ойнау, энергияңды сол бағытқа жұмсаудың тиімді екендігін жастарға насихаттайды.

Басты кейіпкер Райымбектің кәсіби спортқа келу жолы шынайы әрі драматургиялық шиеленіспен суреттеледі. Талантқа да қамқорлық пен бап керек екенін түсіндіреді.

Болашағынан ерекше үміт күтетін  жастардың  алтын  уақыты бүгінгі нарық дәуірінде күнкөріс үшін әртүрлі жалданбалы  жұмыстарға  жегілумен өтіп жатқанын шынайы баяндайды.

Фильмде де басты кейіпкер Райымбек курьер, тіпті ыдыс жуушы болып та жұмыс істеуге мәжбүр болады. Кез келген адам өмір жолында әртүрлі қиындықтан өтуі заңды. Дегенмен де, жастардың өз саласымен кәсіби деңгейде еркін айналысуы үшін әлеуметтік-мемлекеттік қолдаудың кепілдігі жан-жақты сауатты қарастырылуы керек.

Кез келген жастың келешегіне сенім беру әлеуметтік нақты қолдау бағдарламаларының іс жүзінде жүзеге асуымен өлшенеді. Жүйе механизмдері жастардың өз потенциалын ашу бағытында алтын уақытын өз саласына қатысы жоқ жалдамалы жұмыстарға жегілумен өткізбейтіндей әлеуметтік мүмкіншіліктер жасауға қабілетті болуы тиіс.

Фильмнен көрермендер жеке өмірінің трагедиясы да сағын сындыра алмаған кейіпкердің өмірін көре алады. Бұл – футбол саласында үлкен жетістікке жеткісі келетін балалар мен жасөспірімдерге сенім мен жігер сыйлайтын фильм.

Қиындық көп көрген елдің ұрпағы төзімді әрі жігерлі келеді. Бірақ, бұл фильм бізге әлеуметтік мәселелердің де адамның сенімі мен жігерін жерлейтінін ашық түсіндіреді. Нарық заманында үлкен армандар да қаржыландыруды қажет етеді.

«90+1» фильмі – қазақ спортының үндеуі. Ішкі жанайқайы. Экран өнері арқылы өзекті көтерген мәселесі. Барлық сала бойынша жастарды әлеуметтік тұрғыдан  қолдаудың  маңызды  екендігін киноның  тілінде  түсіндіруі.

Гүлзат  КӨБЕК,

киносыншы,

Өнертану  PhD  докторы,

«Тұран»  университетінің  профессоры

Коллаж: kz.kursiv.media

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: