Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғандарға 18 млн теңге айыппұл салынды

04.11.2026, 12:25 64

Қызылорда облысында жыл басынан бері 985 нысан тексеріліп, өрт қауіпсіздігі талаптарының 6 мыңнан астам бұзушылығы анықталды. Нәтижесінде 875 әкімшілік іс қозғалып, 18 миллион теңгеден астам айыппұл салынған, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасұлан Түйменов мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірде өрт оқиғалары көбіне тұрғын үйлер мен автокөліктерде тіркеледі. Әсіресе қысқы жылыту маусымында пештер мен электр құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды.

— Жыл басынан бері департамент тарапынан 985 нысанда бақылау іс-шаралары жүргізіліп, өрт қауіпсіздігі талаптарының 6 мыңнан астам бұзушылығы анықталды. Тілсіз жаудың басым бөлігі тұрғын сектор мен автокөліктерде орын алып отыр. Осыған байланысты біз алдын алу жұмыстарын барынша қарқындаттық. Азаматтарды үй жағдайында өрт қауіпсіздігіне бейжай қарамай, пеш пен электр құрылғыларында ақау туындаған бойда бірден мамандарға жүгінуге шақырамыз. Төтенше жағдайлар қызметі үшін ең басты міндет – қауіптің салдарымен күресу емес, оның алдын алу, – деді Жасұлан Түйменов.

Департамент мәліметінше, жылыту маусымына дайындық аясында әлеуметтік осал топтағы азаматтар тұратын 5864 үйдің тізімі нақтыланған. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көміртегі тотығын анықтайтын 300 арнайы датчик сатып алынған. Мұндай құрылғылар пештен немесе жылыту жабдықтарынан улы газ тараған жағдайда тұрғындарға қауіп туралы дер кезінде ескертуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар төтенше жағдайлар қызметінің мамандары 16 428 тұрғын үйді аралап, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндірген. Бақылау нәтижесінде талаптарды бұзған нысан иелеріне қатысты 875 әкімшілік іс қозғалған. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 18 миллион теңгеден асқан.

Төтенше жағдайлар департаменті профилактикалық рейдтерді жылыту маусымы аяқталғанға дейін жалғастыруды жоспарлап отыр. Мамандар тұрғындарға пеш мұржаларын уақытылы тазалауды, электр желілерінің жарамдылығын тексеруді және жылыту құрылғыларын қараусыз қалдырмауды ескертеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: