Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда аутизмге қатысты халықаралық орталық құрылады

04.11.2026, 12:20 64

Болат Өтемұратов қоры аутизмі бар адамдардың мүдделерін қорғау жөніндегі жаһандық коалицияның (GAAC) өңірлік серіктесіне айналады. Қор Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдеріне арналған арнайы хаб құруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Жаңа орталық аутизм спектріндегі ерекшеліктері бар адамдарға қолдау көрсету саласындағы халықаралық тәжірибені өңір елдеріне енгізуге бағытталады. Мұнда ғылыми зерттеулер жүргізу, мамандардың тәжірибе алмасуы, заманауи диагностика мен ғылыми негізделген қолдау тәсілдерінің қолжетімділігін арттыру көзделген. Жоба аясында мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен сала мамандарының өзара ынтымақтастығы дамытылады.

Өңірлік хабтың жұмыс үлгісін Болат Өтемұратов қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Алмаз Шарман Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында таныстырды.

Оның айтуынша, аутизмі бар адамдарға қолдау көрсету жүйесін дамыту үшін халықаралық тәжірибені жинақтау жеткіліксіз. Тиімділігі дәлелденген әдістерді әр елдің әлеуметтік, медициналық және білім беру жүйесінің ерекшеліктеріне бейімдеп енгізу қажет.

GAAC жаһандық коалициясы 2025 жылы Нью-Йоркте БҰҰ алаңында Qatar Foundation, Autism Speaks, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және ЮНИСЕФ ұйымдарының қатысуымен құрылған. Болат Өтемұратов қоры коалицияның негізін қалаушы мүшелерінің бірі болып, оның жұмысына алғашқы кезеңнен бастап қатысқан.

Айта кетейік, қор Қазақстанда бірнеше жылдан бері «Аутизм. Әлем бәріміз үшін бірдей» бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Қазіргі уақытта еліміздің 12 қаласында 13 «Асыл Мирас» аутизм орталығы жұмыс істейді. Қордың мәліметінше, аталған бағдарлама аясында аутизм спектріндегі ерекшеліктері бар 17,5 мыңнан астам балаға қолдау көрсетілген.

Жаңа халықаралық хаб осы тәжірибені басқа елдермен бөлісуге, мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіруге және аутизмі бар адамдар мен олардың отбасыларына арналған қолдау қызметтерін дамытуға мүмкіндік бермек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: