Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ас-жиындағы ысырапшылдықты шектеу жайы талқыланды

04.11.2026, 15:10 59

HALYQLINE.KZ

Арал аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында «Той – тәрбие мен тағылымның ордасы» және «Құдайы ас – жарыс емес, сауап» тақырыбы кеңінен қозғалды. Басқосуда қоғамдағы жөн-жоралғылардың шынайы мәні, діни рәсімдердегі қарапайымдылық, зираттар мен қорымдардың тазалығы сынды маңызды мәселелер талқы таразысына түсті. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Қазақтың болмысында қуанышты көппен бөлісу, қайғыны ағайынмен көтеру деген ізгі қасиет бар. Тойда тілекші болып, қаралы үйде көңіл айтып, марқұмның рухына дұға бағыштау – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан адамгершілік дәстүрі. Алайда уақыт өте келе осы бір асыл ұстанымдардың айналасында орынсыз бәсеке, жөнсіз шығын мен даңғазалықтың белең ала бастағаны жасырын емес. Әсіресе, торқалы той мен топырақты өлім үстіндегі ысырапшылдық бүгінгі қоғамның ортақ мәселесіне айналып отыр.

Бір шаңырақтың түтіні түзу шығып, отбасының берекесі ұйып отырған сәтте аяқ астынан қара жамылып қалуы мүмкін. Қайғының өзі адамға оңай тимегенде, оған қоса елдің сөзі, ағайынның талабы, қалыптасқан жөн-жоралғылардың салмағы қосылады.

Құдайы ас, жетісі, бейсенбілігі, қырқы, жүзі, жылы… Мұның бәрі халық санасында орныққан түрлі ғұрып пен діни-дәстүрлік рәсімдердің төңірегінде атқарылып келеді. Алайда осының барлығын міндетті түрде мол дастарқанмен, қымбат тағаммен, қомақты шығынмен өткізу керек деген түсінік қайдан қалыптасты?

Бұл мәселе аудандық қоғамдық кеңес тарапынан бұған дейін де бірнеше мәрте көтеріліп, көпшіліктің қолдауына ие болған. Дегенмен, қоғамда қалыптасқан кейбір әдеттен арылу оңай болмай тұр. Өйткені мәселе тек дастарқан мәзірінде емес, адамдардың бір-біріне қоятын талабында, елдің сөзіне қарап өмір сүру дағдысында жатыр.

Жиында осы мәселе бойынша аудандық орталық мешіттің наиб имамы Бекжан Ильясов хабарлама жасап, діни рәсімдерді атқаруда ысырапқа жол бермеу, қарапайымдылық пен қанағатты ұстану жөнінде ой қозғады. Баяндаманың өзегінде марқұмды құрметтеу мен артық шығынданудың екі бөлек ұғым екені аңғарылды. Шын мәнінде, өмірден өткен адамға көрсетілер ең үлкен құрмет – оның рухына дұға бағыштау, жақсы істерін еске алу, артында қалған отбасына қолдау көрсету.

Қаралы үйге барған адам сол шаңырақтың дастарқанын сынау үшін емес, қайғысына ортақтасу үшін баруы керек. Жаназа – жарысатын жер емес, сабыр сақтап, дұға жасайтын қасиетті сәт. Құдайы ас – кімнің қалтасы қалың екенін көрсететін бәсеке емес, ізгі ниеттің, сауапты істің көрінісі.

Жиында күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе қала, кент және ауылдық округтердегі зираттар мен қорымдардың тазалығы, қоршауларының жағдайы және жерлеу жұмыстарының ұқыпты жүргізілуі болды.

Ата-бабаның жатқан жеріне құрмет көрсету тек құлпытас орнатумен немесе зиратты биік қоршаумен шектелмейді. Оның айналасын таза ұстау, қоқысты шашпау, құрылыс жұмыстарынан қалған материалдарды жинау, бейберекет қалдырылған аумақтарды ретке келтіру де – сол құрметтің ажырамас бөлігі.

Осы мәселе бойынша аудандық мешіттің наиб имамы Нұржан Кеңесханов баяндама жасап, зираттар мен қорымдардың жағдайына, тазалық сақтау мен жерлеу рәсімдерін ұқыпты ұйымдастыруға қатысты ойларын ортаға салды.

Қоғамдық кеңестің бұл жолғы отырысында көтерілген екі мәселенің де түпкі мақсаты бір арнаға тоғысады. Ол – ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, қоғамдағы орынсыз әдеттерден арылу, адамдық пен қарапайымдылықты жоғары қою.

Қазақтың «Қанағат қарын тойғызар», «Ырыс алды – ынтымақ» деген даналығы бүгін де өз маңызын жойған жоқ. Ендеше, елдің берекесін шашатын бәсекеден емес, бірлікті бекемдейтін ізгіліктен үлгі алған жөн.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: