Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғалымдар Арал маңында 70 млн жыл бұрын өмір сүрген динозаврдың сүйектерін тапқанын хабарлады

26.04.2024, 10:05 182

HALYQLINE.KZ

Словакия палеонтологтары Арал маңынан 70 млн жыл өмір сүрген көне жануарлардың қалдықтарын тапқан. Арасында кішігірім динозаврдың сүйегі де бар.

Динозавр қалдықтары Арал маңындағы Қарақалпақстаннан табылған. Бұл жөнінде Қарақалпақстан ғылыми-зерттеу институтының жетекшісі Ізет Айымбетовке сүйенген UzA агенттігі хабарлады.

Ғалымның сөзінше, 2023 жылы қыркүйекте словакиялық палеонтологтар Арал маңындағы бірқатар ауданға зерттеу жүргізіп, «теңдессіз олжаға» кенелген.

«Олардың арасында суда өмір сүрген шағын денелі динозаврдың да сүйегі бар. Ғалымдар өз елдеріне кетіп, биыл сәуірдің басында Қарақалпақстанға қайта оралды. Зерттеулерін жалғастырып, Үстірт шоқысынан динозаврдың іздерін тапты» деді ол.

Ғылым академиясы қызметкерлерінің сөзінше, динозаврдың іздері геологиялық процестер нәтижесінде тасқа айналған, сондықтан ғалымдар қазір тастағы іздерді терең тексеріп жатыр.

«Дала жұмыстары нәтижесінде табылған динозаврдың баласының сүйегіне көбі қызығып жатыр. Палеонтологтардың айтуынша, сирек кездесетін мұндай сүйектер әзірге АҚШ, Румыния, Қытай және Қарақалпақстанда ғана табылған. Қазір беделді журналдарға осы дала зерттеуінің нәтижесіне арналған үш ірі мақала әзірленіп жатыр» деді Ізет Айымбетов.

Оның сөзінше, ғалымдар бұдан бөлек сирек кездесетін сүйектер тапқан. Өзбекстан ғалымдары оларды талдай алмағандықтан словакиялық ғалымдар оларды өз елінде зерттеу үшін алып кеткен.

Экспедицияның екінші кезеңіне қатысу үшін Франциядан да ғалымдар келген. Олар Үстірт шоқысы, Қаратоғ, Нөкіс, Тахиаташ аудандарынан сирек кездесетін сүйектер тапқан. Жануарлардың сүйектері қазір ғылым академиясының қарақалпақ бөлімінде сақталып тұр.

Ақпаратқа қарағанда, екі экспедиция барысында табылған сүйектер – 70 млн жыл бұрын өмір сүрген жануарлардың сүйектері. Олардың көмегімен ғалымдар Жер тарихын зерттейді.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: