Қазалы ауданында еліміздің ұлттық мерекесі — Республика күніне орай «Ұлттық мереке – ұлы күн» атты мерекелік гала-концерт өтті.
Мерекелік шара «Бұл менің Қазақстаным» атты композициялық прологпен ашылып, Отанға деген сүйіспеншілік пен туған жерге деген құрметті дәріптеген әсерлі қойылым қазалылықтарға ерекше патриоттық көңіл-күй сыйлады.
Салтанатты кеште аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аудан тұрғындарын Республика күнімен құттықтап, мерекелік лебізін білдірді.
- Бүгінгі күн – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын маңызды мереке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Республика күні – мыңжылдықтардан тамыр тартатын қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруын айшықтайтын қастерлі мереке», — деп атап өткен болатын. Биыл Президентіміз айтқандай еліміз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашты.
Мемлекет басшысы Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған бірқатар маңызды реформаларды жариялаған болатын. Аталған реформалар саяси жаңғыру үдерісін жеделдетуге, сондай-ақ «Әділетті Қазақстан», «Қуатты Қазақстан» және «Таза Қазақстанды» құруға бағытталған реформалардың жаңа кезеңіне жол ашты. Бұл ауқымды өзгерістер қасиетті Сыр өңірінен бастау алды. Бүгінде қазыналы Қазалы ауданында Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы мен өңірімізді төрт жылдан астам уақыт басқарған, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының және облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының ерекше қолдауымен айтулы істер, жарқын жобалар жүзеге асуда. Кеше облыс орталығында өткен Республика күніне арналған салтанатты шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы бірқатар жерлестерімізге мемлекеттік наградалар табыстады.
Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазалының бірлігі бекем жұртшылығына, туған жердің өркендеуі үшін адал еңбек етіп жүрген барша азаматтарға берілген ортақ бағасы деп есептейміз. Киелі Сыр өңірі, қасиетті Қазалы ауданы Тәуелсіз Қазақстанмен бірге жасай берсін! Барлық бастамаларымыз баянды болғай! Айтулы мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Мереке аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық саяси өміріне белсенді атсалысып жүрген бірқатар азаматтар облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекелік кеш әрі қарай аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, жергілікті өнерпаздар көрермендерге ән шашуын ұсынды.
Республика күні – елдігімізді ұлықтап, егемендігіміздің қадірін терең сезіндіретін, ортақ Отанымызға деген мақтанышымызды арттыратын маңызды мереке. Туған жердің өркендеуі мен ел болашағының жарқын болуы – ынтымағы жарасқан жұрттың бірлігі мен әр азаматтың адал еңбегіне байланысты.
Еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем болсын! Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіреп, қасиетті Қазалының мерейі арта берсін!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!