Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ахмет мұрасы – ертеңге аманат, бүгінге бағдар

15.10.2026, 6:40 25

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген сөзі – болашақ алдындағы жауапкершіліктің терең мәнін ұғындыратын өсиет. Өйткені ертеңгі елдің бейнесі бүгінгі тәрбиеден, саналы әрекеттен және әр азаматтың жүрегіндегі жауапкершіліктен қалыптасады.

Осы рухани мұраны бүгінгі ұрпақпен қайта қауыштыру мақсатында «Сенімен Болашақ»  республикалық  қоғамдық  бірлестігі  қазан  айын  Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық идеяларын дәріптеуге арнады. Айлық аясында ұсынылған үш ақпараттық лекция ұлт ұстазының тағылымды ойларын бүгінгі өмірмен байланыстырып, азаматтық сананы оятуға,  қоғам  алдындағы  жауапкершілікті  терең  түсінуге  үндейді.

Бірлестіктің миссиясы – қоғамның жалпы жауапкершілігін арт­тыру, Қазақстандағы азаматтық қоғамның білімі мен дағдыларын нығайту, азамат­тық сана-сезімді дамыту және саналы азаматтық қоғам мәдениетін қалыптастыру.  Осы миссия тұрғысынан Ахмет Байтұрсынұлының  мұрасы – елдік сананы нығайтып, ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдық жауапкершіліктің  маңызын  ұғындыратын  рухани  бағдар.

«Ахметтің  ағартушылық миссиясы: Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» атты  бірінші  лекция ұлт ұстазының өмірлік ұстанымы мен ел болашағы  алдындағы  жауапкершілігіне  арналды.

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың Бас Ұстазы, қазақ халқының рухани дамуына, ағартушылық ойының қалыптасуына зор үлес қосқан тарихи тұлға. Оның «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген ұстанымы бізді маңызды сұрақ төңірегінде ойлануға жетелейді: Біз неге және қалай ертең­шіл  болу  арқылы  ғана  оза  аламыз?

Ертеңшіл болу – бүгінгі күннің қамымен ғана шектелмей, келешек ұрпақ­тың тағдырына жауапкершілікпен қарау. Білімге ұмтылу, ұлттық құндылықтарды сақтау, бала тәрбиесіне саналы түрде көңіл бөлу және қоғам игілігі үшін әрекет ету – осы ұстанымның бүгінгі көрінісі. Болашақты ойлау – ертеңге жоспар құру ғана емес, сол болашақтың жарқын болуы  үшін  бүгіннен  бастап  әрекет  ету.

«Мысалдардағы терең философия: Бала тәрбиесі мен мінез-құлық» атты екінші лекцияда Ахмет Байтұрсынұлының «Аққу, шортан һәм шаян», «Егіннің бастары» және «Маса» жинағындағы шығармалары арқылы адамгершілік,  мінез-құлық  және  азаматтық сана  мәселелері  талданды.

Ахаң неге балаларға да, үлкендерге де мысал арқылы тіл қатты? Бұл шығармалардың  астарында қандай терең философия мен азаматтық ұстаным  жатыр?

«Аққу, шортан һәм шаян» мысалы ортақ мақсатқа жетудегі бірлік пен үйлесімділіктің маңызын ұғындырады. «Егіннің бастары» білім мен жетістікке қол жеткізген сайын кішіпейілділікті сақтап, өзгені құрметтеудің қажеттігін, сыртқы жылтыраққа емес, ішкі ар-ұждан мен білімге ұмтылу туралы болса, «Маса» жинағындағы шығармалар халықты оянуға, білімге  ұмтылуға, енжарлықтан арылып,  ел  тағдырына  бейжай  қарамау­ға  шақырады.

Бұл туындылардың тәрбиелік мәні бүгінгі қоғаммен де тығыз байла­нысты. Азаматтық сана – тек өз құқығыңды білу емес, ортақ іске үлес қосу, өз әрекетіңе жауап беру, өзгелердің мүддесін ескеру және қоғам алдын­дағы міндетіңді сезіну. Ахметтің шығармалары әр адамды өз мінезі­не, өмірлік ұстанымына және қоғамдық жауапкершілігіне сын көзбен қарау­ға  жетелейді.

«Ахмет өлеңдеріндегі ұлттық рух және азаматтық ұстаным» атты үшінші лекция ақын поэзиясындағы ұлттық рух, азаматтық ұстаным мен ар-ұждан  күресіне  арналды.

Ахмет Байтұрсынұлы үшін поэзия – жай ғана көркем сөз емес, ұлттық намысты қайрайтын, халықтың санасын оятатын және елді ортақ мұратқа біріктіретін қуатты құрал. Оның шығармаларында ұлт тағдыры, білімге ұмтылу,  ел  алдындағы борыш пен адамдық  жауапкершілік  мәселелері терең  көрініс  табады.

Ақынның азаматтық ұстанымы әр адамды ар-ұжданына адал болуға, ел болашағына жауапкершілікпен қарауға және қоғамның дамуына өз үлесін қосуға шақырады. Ұлттық рухты сақтау – өткенді құрметтеумен қатар, сол мұраны бүгінгі өмірде жалғастырып, келер ұрпаққа аманаттау.

Аталған үш ақпараттық лекция еліміздің барлық филиалында бірлестік миссиясымен сабақтастырыла отырып жергілікті аудиторияларға ұсынылуда. Бұл бастама ұлт мұрасын кеңінен насихаттауға, тарихи тұл­ғалардың идеяларын бүгінгі өмірмен байланыстыруға және азаматтық жауапкер­шілік  туралы  ортақ  түсінікті  нығайтуға  бағытталған.

Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы бізге білімнің, бірліктің, ұлттық рухтың және жауапкершіліктің өзара тығыз байланысты екенін ұғындырады. Қоғамның дамуы әр азаматтың саналы таңдауынан, ортақ іске қатысуынан және болашақ алдындағы жауапкершілігін сезінуінен басталады.

Бүгінгі саналы әрекет – ертеңгі қоғамның негізі. Ал ұлт ұстазының «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген өсиеті әрқайсысымызға болашақтың  бүгіннен  басталатынын  еске  салады.

«Сенімен  Болашақ»  РҚБ  Қызылорда  облыстық  филиалы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: