Қазақ әйелінің ұлттық болмысын айшықтайтын ақ жаулық пен кимешектің тарихи, мәдени және тәрбиелік мәнін насихаттап, ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында «Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен «Ақ жаулықтан ақ кимешекке дейін» облыстық этно-мәдени фестивалі өтті, деп жазады аталған орталықтың баспасөз қызметі.
Ұлттық мұраны жаңғыртып, аналар мен әжелердің өнегелі жолын дәріптеуге бағытталған іс-шара «Сыр Ана» монументі алаңынан басталды. Фестивальдің алғашқы бөлімінде кимешектің сыртынан оралатын күндік баскиімін 21 метрлік ақ матамен орау дәстүрі көрсетілді. Тақырыптық көрініс арқылы ұлттық баскиімнің тарихи-мәдени мәні мен қазақ әйелдерінің өміріндегі орны таныстырылды.

25 қазан – Республика күні қарсаңында және «Анаға тағзым» орталығының 3 жылдығына орай ұйымдастырылған фестивальдің маңызды бөлігі – ақ жаулықты аналар мен кимешекті әжелердің салтанатты шеруі. Ұлттық бірегейлік пен ұрпақтар сабақтастығын айшықтаған шеру «Сыр болашағы» құзыреттілік орталығынан басталып, «Анаға тағзым» орталығына дейін жалғасты. 200-ден астам әйел қатысқан мерекелік шеруге әжелер ансамбльдері, білім және мәдениет саласының өкілдері, «Алтын алқа» иегерлері мен көпбалалы аналар, қоғам белсенділері, өнерпаздар қатысты.
Фестивальдің қорытынды бөлімі «Анаға тағзым» орталығының алаңында өтті. Іс-шарада облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ғалия Байсынова сөз сөйлеп, ақ жаулықты аналардың қоғамдағы орнына, әже өнегесі мен ұлттық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудегі маңызына тоқталды. Сондай-ақ, тағылымды іс-шараны ұйымдастыруға үлес қосқан аналарға басқарма басшысының алғыс хаты мен естелік сыйлықтар табыстады.

Фестиваль аясында көпшілік назарына кимешектің төрт үлгісі мен жаулықтың үш образы ұсынылған тақырыптық қойылым көрсетілді. Орталықтың қолөнер шеберлері дайындаған кимешектер кенепті шашақпен әрлеу, жабағы жүнмен жиектеу, тоқыма жіппен өрнектеу және ою-өрнексіз тігу ерекшеліктерімен таныстырылды. Ал жаулық үлгілері әйелдің отбасылық өмір кезеңдері мен бала санына байланысты киіну үлгілерін көрсетті. Осы арқылы қазақ әйелінің ұлттық болмысы мен дәстүрлі киім мәдениетінің сан қырлы ерекшеліктері айшықталды.
Ұлттық киімнің қадірін танытып, анаға деген құрметті арттыруға, әже өнегесін ұлықтауға және рухани құндылықтарды келер ұрпаққа аманаттауға бағытталған фестиваль концерттік бағдарламаға ұласты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!